Әлеумет

Көш тоқтаған жоқ

Көш тоқтаған жоқ

Бір мойындарлық нәрсе, шет елдерде тұратын этностық қазақтардың арасынан шекара асып өңірімізге көшіп келген қандастарымыз жергілікті ұлт өкілдерінің саны өсуіне ғана емес, рухани ақыл-ой қазынасын байытуға да қосқан үлесі аз емес. Басқаны былай қояйық, өңір халқының саны миллиондық межеден асып жығылуы да қандастарымыздың шет елдерден көптеп келуінің арқасы. «Елге ел қосылса – құт» деген, сірә, осы болар! Жалпы, 1991 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін облыс аумағына ТМД елдерінен, сондай-ақ Ауғанстан, Пәкістан, Моңғолия, Иран,  Қытай, Түркия секілді алыс шет мемлекеттерден келген 10848 отбасы (барлығы 37862 адам) қоныстандырылған екен.  Олар аймақта бірыңғай біркелкі орналаспаған. Алпыс бес пайызға жуығы Тараз қаласы мен Байзақ және Қордай аудандарын мекен етуде. Осылайша қасиетті Әулиеата жері еліміз бойынша оралмандар ең көп шоғырланған өңірлердің біріне айналып отыр. – 2011 жылдан бастап оралмандар үшін белгіленген өңірлік квотаның тоқтатылғаны белгілі. Онда үй-жай, болмаса үй салатын жер, ақшалай жәрдем –  барлығы да қарастырылған ғой. Квота тоқтатылғанмен, көш тоқтаған жоқ. Биыл да өңірімізге өз еріктерімен көшіп келушілер көптеп тіркелді. Нақтырақ айтқанда, бүгінгі күнге дейін Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Қытай және Ауғанстан елдерінен көшіп келген  оралмандар 153 отбасынан тұратын 389 адамды құрады, –  дейді облыстық тұрғындарды жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы көші-қон бөлімінің басшысы Айжан Әлімбекова. – Жұмыспен қамту жөніндегі уәкілетті органдар өтініш білдіргендерді жыл сайын әлеуметтік қолдаудың белсенді шараларымен қамтамасыз етіп отыр. Дегенмен, облыс аумағына қоныс аударған оралмандардың дені өз бетінше диханшылықпен, мал өсірумен, саудамен айналысатындықтан,  уәкілетті органдарға 161-і ғана жұмыссыз ретінде тіркелген. Есепті мерзімде 70-і тұрақты жұмыспен қамтылып, 77-сі ақылы қоғамдық жұмыстарға тартылды. Айжан Зұлбықарқызының айтуынша, Тараз қаласы, «Қарасу» шағын ауданындағы №25 жатақханада шеттен келген қандастарымызды уақытша орналастыру орталығы ашылған. Сегіз пәтерлік ғимарат былтыр күрделі жөндеуден өткізіліпті. Осы мекен-жайға тұрақты тіркеуге көші-қон полициясына құжаттарын тапсырған оралмандар және олардың отбасы мүшелері оралман куәлігін алғанға дейін 3 айдан кем емес мерзімге уақытша тегін  орналастырылады.

Баймаханбет АХМЕТ, «Ақ жол». Тараз қаласы.