Жол сапасы басты назарда
Жол сапасы басты назарда
Бақытжан Жәнібеков, облыс әкімдігі құрылыс, автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі басқармасының автомобиль жолдары бөлімінің басшысы. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұрлы жол» – болашаққа бастар жол» Жолдауында «Барлық аймақтар темір жолмен, тас жолмен, әуе жолымен өзара тығыз байланысу керек. Астанада тоғысқан тоғыз жолдың торабы Елорданың жасампаздық рухын тарататын өмір-тамырға айналуы тиіс. Аймақтардың өзара байланысын жақсарту елдің ішкі әлеуетін арттырады. Облыстардың бір-бірімен сауда-саттығын, экономикалық байланыстарын нығайтады» деп ерекше атап өткені белгілі. Елбасының бес халықтық реформасының 58-қадамында «Жол-көлік инфрақұрылымын қалыптастыру және дамыту жөнінде бірыңғай оператор қалыптастыру үшін стратегиялық (зәкірлік) инвесторлар тарту» деген жолдар бар. Еліміз, оның ішінде, облысымызда кейінгі кезде жол саласына қыруар қаражат бөлінуде. Соның нәтижесінде бүлінген жолдар қалпына келтіріліп, жаңалары салынуда. Облысымызда осындай пәрменді шаралардың нәтижесінде жолдардың дені орта жөндеуден өткізілді. Үстіміздегі жылы жергілікті маңызы бар автожолдар мен елді мекендер көшелерін жөндеу және күтіп ұстауға бюджеттен 6,769 миллиард теңге қарастырылды. Оның ішінде, облыстық маңызы бар автожолдарға 2,660 миллиард, аудандық маңызы бар автожолдар мен көшелерге 2,070 миллиард және Тараз қаласының көшелеріне 2,039 миллиард теңге бөлінді. Биыл осы қаражат есебінен жалпы 5 шақырым автожолға күрделі және 316 шақырым автожол мен елді мекендер көшелерінде орта жөндеу жүргізілуде. Сондай-ақ, олардың бойындағы бір құбыр мен екі кіші көпір орташа жөндеуден өткізіледі. Атап айтқанда, 121,8 шақырым облыстық мәндегі автожол мен екі жасанды ғимараттар орташа жөндеумен қамтылады. Жол құрылысын күн жылы кезде жүргізген қолайлы әрі тиімді. Сондықтан да жоғарыдағы жұмыстарды мемлекеттік сатып алу конкурстарында ұтып алған мердігерлер іске көктемде кірісті. Биыл ауа райының қолайлы болуына байланысты олар былтырғыға қарағанда өнімді жұмыс істеп, кестеден алда келеді. Бүгінде «Жамбыл жол» ЖШС «Бірлік-Мойынқұм-Ұланбел» автомобиль жолының 25-54, «Тараз көлік жолы» ЖШС «Бірлік-Мойынқұм-Ұланбел» бағытындағы 76-95, «Инвест компания МК» ЖШС «Бірлік-Мойынқұм-Ұланбелдегі» 95-115, «Рауан» ЖШС «Оразалы батыр-Көкқайнар» жолының 0-11, осы компания «Төле би-Шоқпар» автомобиль жолының 0-15 шақырымында орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Кейінгі кезде «Құлан жолдары» ЖШС Шу ауданының аумағында ауқымды жұмыстар атқаруда. Серіктестік биыл аудандағы «Төле би-Шоқпар» бағытындағы 15-30 және «Тараз-Аса-Ақкөл-Саудакент» автомобиль жолының 137-153, «Аяда-Group» ЖШС «станса Луговой-Қорағаты-Тәтті» жолының 0-21 және «станса Луговой-Қорағаты-Тәттінің» 21-43, «Қаратау жолдары» ЖШС «Күйік-Қарабастау-Қаратау-Жаңатас-Саудакент» жолының 149-161,6, «Тараз көлік жолы» ЖШС «Ақкөл-Қойгелді» бағытындағы 28,42+30, «Сапар Консалтинг» ЖШС «Сортөбе-Ауқатты-Қызылсай» жолындағы 0-16, «Айя Сервис» ЖШС «Қырғызстан шекарасына Батыстан кіру» бағытындағы 0-7,7 шақырымында белгіленген тапсырманы орындау жолында уақытпен санаспай еңбек етуде. «АрмСтрой» ЖШС-ның облыс аумағында жол жөндеумен шұғылданғанына көп уақыт болған жоқ. Әйтсе де компания тапсырылған тірлікті тыңғылықты атқарып, ел алғысына бөленіп келеді. Биыл мердігер «Аса-Қарабастау» автомобиль жолының 28-30 шақырымында орта жөндеу жүргізуде. «Рәтбек» ЖШС биыл «Саудакент ауылындағы бірдеңгейлі жол айрығын орта жөндеу», «Тараз-Аса-Ақкөл-Саудакент» автожолының 81-494 шақырымындағы кіші көпір және «Мырзатай-Сарыкемер» бағытындағы 8-шақырымында кіші көпірдің құрылысымен шұғылдануда. Жоғарыдағы нысандардың дені үстіміздегі жылы қазан айында пайдалануға беріледі. Келешекте жолаушылар осы бағыттағы тақтайдай тегіс жолда алаңсыз сапар шегетін болады. Биыл 153,2 шақырым аудандық маңыздағы автожолдар мен елді мекендердің көшелері және бір жасанды ғимаратты орташа жөндеумен қамту көзделген. Осы мерзімде 509,3 миллион теңгеге облыстық маңызы бар автожолдарды ағымды жөндеу мен күтіп ұстау жұмыстарын жүргізу қарастырылған болатын. Бұл жұмыс ойдағыдай еңсеріліп келеді. Қазірге дейін жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 97 728 шаршы метр шұңқыр тегістеліп, 1408 дана жаңа жол белгілері, 1140 белгі беру бағаналары, 1580 қума метр жол бойы және көпірлердегі қоршауларды орнату және 215 шақырым жол жамылғысына өстік таңба салу жұмыстары атқарылды. Тараз қаласы бойынша жалпы ұзындығы 46 шақырым жолға күрделі және орташа жөндеу жоспарланған болатын. Бұл жұмыстардың дені атқарылып, ел игілігіне берілді. Бүгінде қаланың Жамбыл даңғылында күрделі жөндеу кестеге сәйкес жүргізілуде. Теміржолшы саябағы, Қарахан, Көшеней батыр, Сүлейменов, Әйтиев, Қапал және Көшек батыр көшелерінің жол бөліктері орта жөндеуден өткізілуде. Төле би даңғылының тротуарларының бөліктері орташа жөндеумен қамтылып, Барысхан алқабында шағал төселуде. Қала тұрғындары осы нысандарды жөндеуді қолға алуды ұзақ уақыттан бері өтініп келген болатын. Сондай-ақ, «Реджувасил» сұйық тығыздағышын қолдану арқылы ағымды жөндеуге 115,8 миллион теңге қарастырылған. Бұл жұмыс облыстық маңызы бар «Күйік-Қаратау-Қаратау-Жаңатас-Саудакент» автожолының 5-18 шақырымы аралығында жүргізілді. Бұл әдісті «Айя сервис» ЖШС қолға алды. Жаңа технология қорғаныс қабаты эмульсиялық-минералдық қоспа ретінде жол жабындысының ұзақ уақыт сақталу қасиетін арттырады. Бұған қоса жолды табиғат факторларының теріс әсерінен сақтайды. Оған дейін «Реджувасил» АҚШ, Жапония және Германия елдерінде кеңінен қолданылып, елеулі тиімділікке қол жеткізілгені дәлелденген. Сұйық тығыздағыш асфальт-бетон жамылғысы беріктігін арттырып, оның қолдану мерзімін екі есе мерзімге ұзартады. Келешекте бұл әдіс облыс автомобиль жолында кеңінен қолданысқа енгізіледі. Жұмыс сапасын арттыру мақсатында әрбір нысан басында техникалық қадағалаушылармен қатар тәуелсіз авторлық бақылаушылар да тартылған. Көлік және коммуникация министрлігінің автомобиль жолдары комитеті тарапынан 2006 жылдан бастап ашылған «Жамбыл жол зертхана» республикалық мемлекеттік мекемесі жол құрылысына қолданылатын барлық құрылыс материалдарының сапасын растайтын сараптама қорытынды жүргізеді. Мұның өзі жол сапасын арттыруға игі ықпалын тигізуде.