Есімов: Негізінен құрылыс талабына сай келмейтін үйлер зардап шекті
Есімов: Негізінен құрылыс талабына сай келмейтін үйлер зардап шекті
Алматы қаласының әкімі шаһарда төтенше жағдай жариялады. Соңғы ақпаратқа сәйкес, зардап шеккендерге өтемақы төлеу үшін қала бюджетінен 2 млрд теңге бөлініп отыр.
Қазір оқиға орнында тексеру жұмыстары жүргізілуде.
“Негізінен құрылыс талабына сай келмейтін үйлер зардап шекті. Наурызбай ауданынан 228 адам, ал Алатау ауданынан 270 тұрғын қауіпсіз жерге көшірілді. Арнайы мамандар шығын көлемін есептеп, анықтайтын болады. Жалпы қорда 679 млн теңге бар болатын. Бүгін мәслихат отырысында бұл соманы 2 млрд теңгеге дейін ұлғайту туралы шешім қабылданды. Бірақ бұл қаражат толығымен зардап шеккендердің барлығына жұмсалады деген сөз емес. Өйткені үй мен көліктер мүлік ретінде сақтандырылуы тиіс еді. Қабылданған нормативтік актіге сай бұл жағдайдың барлығы ескеріледі. Ал мал-мүлікке келсек, шығын есептеледі”, – дейді Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов.
Тұрғындарды жергілікті билік Наурызбай ауданы әкімдігі мен №176 орта мектептің ғимаратына орналастырып жатыр.
4 тұрғынға медициналық көмек көрсетілген. Тасқыннан әсіресе Наурызбай ауданының тұрғындары едәуір зардап шегіпті. Лай көшкіні, сол сияқты, Әуезов пен Алатау аудандарына да біраз зауалын тигізген.
Қазір Алматыда Қарғалы өзенінде орын алған су тасқыны салдарын жоюға 1600-дей адам жұмылдырылды.
Бұл туралы бүгін Наурызбай ауданы әкімдігінде болған баспасөз брифингінде Алматы қаласы әкімінің орынбасары Юрий Ильин мәлім етті.
«Қарғалы өзенінде болған су тасқыны салдарынан Алматы қаласының үш ауданы – Наурызбай, Әуезов және Алатау ауданында орналасқан бірқатар тұрғын үйлерді су басты. Алатау ауданына қарасты Алғабас кентінде 97 үйдің ауласы су астында қалды. Бірақ үйлерге ешқандай зақым келген жоқ. Қазір жағдай толық бақылауға алынды. Қарғалы өзенінің су деңгейі бесеңдеген соң, су тасқынынан көп зардап шеккен Наурызбай ауданында орналасқан тұрғын үйлерді аралап, келтірілген шығындарды есептейміз», – деді өз сөзінде Алматы қаласы әкімінің орынбасары Юрий Ильин.
Қала басшысының орынбасары сонымен қатар селдің салдарын жою жұмыстарына жергілікті атқарушы органдардың, қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің және ұлттық гвардияның бөлімшелері қатысқанын жеткізді. Барлығы 1600 адам жұмылдырылған. Біз бүгін сонымен қатар Үлкен Алматы көлі мен нөмірі №7 көлдің жағдайы барланған. Сел болатындай ешқандай қауіп жоқ.
«Күннің қатты ысып кетуіне байланысты таудағы Қарғалы мұздығының астындағы аты жоқ мореналық көлдің суы көбейіп кеткен. Судың көлемі 40 мың текше метрді құраған. Нәтижесінде көлдің табаны бұзылып, одан аққан су Қарғалы өзенінің су бөгетіне жетті. Судың негізгі массасын осы бөгет ұстап қалды. Бөгет бұзылған жоқ. Қазір су екі шлюз арқылы төмен қарай ағыздырылуда», – деді өз сөзінде Алматы әкімінің орынбасары Юрий Ильин.
Оның айтуынша, қазір Қарғалы өзенінің су деңгейі жоғары. Су 10-12 м/сек жылдамдықпен ағып жатыр. Табиғи апат салдарынан Наурызбай, Әуезов және Алатау аудандарының тұрғын үйлерін су басты. Адам шығыны жоқ, селдің салдарын жою жұмыстары жүргізілуде.
“Біз кіші және үлкен Алматы өзендерін ұшақпен аралап көрдік. Ондағы жағдай қалыпты. Ал әзірге су шайып өткен аймақтағы тұрғындар үйлеріне қайтпай-ақ қойсын. Барлық ғимараттар мұқият бақылауға алынады. Мұнда Ұлттық гвардия және Ішкі істер департаменті бөлімшелерінің қызметкерлері де жұмыс істеп жатыр. Сондықтан үйлерге ұрылар түседі деп қауіптенудің қажеті жоқ”, – деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Юрий Ильин.