Индонезия инвесторларына есік ашық
Индонезия инвесторларына есік ашық
Индонезия Республикасының төтенше және өкілетті елшісі Фостер Гулт өңір кәсіпкерлерімен кездесті Индонезия Республикасының төтенше және өкілетті елшісі Фостер Гулт облыстың кәсіпкерлер палатасының басшысы және өңір кәсіпкерлерімен кездесті. Кездесуде Индонезия мен облысымыздың арасындағы экономикалық байланыстар, алдағы әріптестік қарым-қатынастар талқыланды. Облыстың кәсіпкерлер палатасының басшысы Қарлығаш Аралбекова бұл кездесудің маңыздылығына тоқталды. – Индонезия мен Қазақстан арасындағы экономикалық әріптестік 2012 жылы екі ел басшыларының кездесуінен кейін бастау алған болатын. Бұдан соң қос тарап экономикалық әріптестік байланысты нығайту мақсатындағы мұнай-газ, фармацевтика, ауыл шаруашылығы, логистика және өзге де салалар бойынша түрлі кездесулер өткізді. Біздің бүгінгі кездесуіміздің мақсаты – инвесторларға облысымыздағы бизнес-жобаларды таныстыру. Біз ұсынған жобаларға сіздер қызығушылық танытып, екі жақты байланысымызды одан әрі нығайта түсеміз деген сенімдемін, – деді ол. Өз кезегінде Фостер Гулт мырза Индонезияның экономикалық әлеуеті және біздің облысымыздағы бизнес-жобалар жайлы айтып берді. Сондай-ақ Индонезияның қысқаша тарихы мен туризмдегі жетістіктері, халқының тұрмыс-тіршілігі жөнінде слайд көрсетілді. Кездесу барысында қос тарап жиын хаттамасына қол қойды. Сонымен қатар, Қазақстандағы Индонезия Республикасының елшілігі және облыстық кәсіпкерлер палатасы арасында сауда, туризм және инвестиция салалары бойынша тәжірибе алмасу, екі жақты сауда және экономикалық байланысты дамыту, тиісті мемлекеттерде бірлескен бизнес-кездесулер, семинарлар, тренингтер ұйымдастыру мәселелері бойынша әріптестік байланыс орнату туралы келісімге келді.
Наурызбек САРША, «Ақ жол».