Әлеумет

«OTAU TV» абоненттері 900 мыңнан асты ұлттық жерсеріктік телерадиохабар тарату желісінде не жаңалық?

«OTAU TV» абоненттері 900 мыңнан асты ұлттық жерсеріктік телерадиохабар тарату желісінде не жаңалық?

2015 жылдың 16 шілдесіндегі мәлімет бойынша, «OTAU TV» ұлттық жерсеріктік телерадиохабар тарату желісі абоненттерінің саны 914 мыңнан асты, деп хабарлайды ҚР Телерадиохабар тарату саласындағы ұлттық операторы «Қазтелерадио» АҚ өкілдері. Яғни 3,6 миллион  қазақстандық отандық және шетелдік телеарналарды цифрлық сапада тамашалауда деген сөз. Оның  255687 үй шаруашылығы Жамбыл облысының үлесінде, демек «OTAU TV»  қызметін аумағымыздағы 372 елді мекенде  53961 абонент пайдаланады деген сөз. Жерсеріктік телехабар тарату жобасын ендірген алғашқы жылдары «OTAU TV»  әсіресе ауыл тұрғындарының арасында сұранысқа ие болды, олардың үлесі 2011-2012 жылдары 90 пайыздан асқан болатын. Өйткені қалаларда кабельдік және эфирлік аналогтық телехабар тарату желілері жақсы дамыған, ал ауыл тұрғындары ол кезде ары кетсе 4 телеарнаны ғана тамашалай алатын. Осыған байланысты жобаның мақсаты – қала мен ауыл тұрғындарының арасында ақпараттық теңсіздікті азайту болатын. Ал енді бұл мақсат орындалған соң «OTAU TV»  қала тұрғындарының арасында да танымалдыққа ие бола бастады. Мәселен, 2011 жылмен салыстырғанда қалалық абоненттер үлесі 10 пайыздан 40 пайызға дейін өскен. Ұлттық жерсеріктік телерадиохабар тарату желісінің өзге операторлармен салыстырғандағы басты артықшылықтары – телебағдарламалардың тегін топтамасы мен желіге республикамыздың кез-келген нүктесінен қосылу мүмкіндігі. Қазақстанда жерсеріктік телехабар тарату желісі 2002 жылы «Кателко+» сауда белгісімен қосылған болатын. Ал 2011 жылдың қаңтар айында Қазақстанның жерсеріктік желісі хабар таратудың DVB-S2, MPEG-4 цифрлық стандартына көшіп, «OTAU TV» деген сауда белгісімен іске қосылды. Жаңа стандартқа көшкен кезде абоненттер саны 6300-ді құраған, содан бері бұл көрсеткіш қарқынды түрде өсіп келеді, әрі 1 миллионға жақындап та қалды. Жоба халыққа отандық телерадиоарналарды цифрлық сапа мен бейнеде тамашалауға мүмкіндік берді.  Айта кетерлік жәйт, желі іске қосылғалы бері «Базалық» тегін топтамасының құрамындағы арналар саны 38 теле, және 7 радио арнадан 40 теле және 14 радиоарнаға дейін артты. Осындай қысқа мерзім ішінде «Қазтелерадио» АҚ бірқатар міндеттерді атқарып тастады. 2012 жылдың шілдесінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен цифрлық эфирлік телехабар тарату желісі іске қосылды. Бүгінгі таңда республика халқының 72 пайызының цифрлық эфирлік желіге қосылуға мүмкіндігі бар, ал бұл 12 миллион Қазақстан азаматын құрайды. 2014 жылдың шілде айында Индустриализация күні аясында ҚР Президенті Н.Назарбаевтың қатысуымен «Қазтелерадио» АҚ «GALAM TV ұлттық интернет-телевизиясы» және «Телегазет» атты екі инновациялық жобаны таныстырды. Ұлттық жерсеріктік телехабар таралым клиенттеріне ыңғайлы болу үшін, сондай-ақ бәсекелестік орта тудыру мақсатында қабылдағыш қондырғыны сатып, монтаждау және қызмет көрсету жұмыстарын шағын және орта бизнес өкілдерінен тұратын дилерлік ұйымдар атқаруда. Олардың саны қазір 400-ден асты. Сонымен қатар халық және дилерлермен тиімді жұмыс істеу үшін Ақпараттық қолдау көрсету қызметі (Call-centre) 193 телефоны  арқылы үзіліссіз және демалыссыз  жұмыс істейді. Және барлық облыс орталықтары мен Астана, Алматы қалаларында сату орталықтарының жұмысы жолға қойылған. «Қазтелерадио» АҚ өз абоненттерін түрлі акция, ұтыс ойындарымен үнемі қуантып тұрады. Нәтижесінде тұрғындар «OTAU TV» - ден түрлі құнды сыйлықтар мен естелік кәделерден кенде қалған емес. Мәселен, ағымдағы жылдың көктемінде «OTAU TV»-мен Наурыз тойла!» акциясының нәтижесі бойынша, астаналық абонент Мәриям Юсупова күтпеген жерден екі адамға Гоа аралына жолдама ұтып алды. Елорданың тағы бір тұрғыны Перуза Әбдумәжитова мен Жамбыл облысы Бектөбе ауылының тұрғыны Әбдіразақ Жолшыбеков қанжығаларына заманауи теледидар байлады. Бұдан өзге 55 абонентке естелік сыйлықтар мен кәделер жөнелтілді. Алдыңғы акцияны қортындылап бола салысымен, «Қазтелерадио» келесі шараны бастады. Яғни, 2015 жылдың 1 шілдесі мен 30 қыркүйегі аралығында төлем карталары арқылы «OTAU TV»-ге қосылған абоненттер көрсетілімнің қосымша айларын тегін алады. Мысалы, «Элит» топтамасына 6 айға қосылған абонент қосымша 1 ай бонустық көрсетілім иеленсе, 12 айлық қосылу картасын сатып алған тұрғын «Элит» топтамасын қосымша 3 ай тегін тамашалайтын болады.

«OTAU TV» желісіне қатысты сұрақтарыңыз болса, «Қазтелерадио» АҚ  Жамбыл облысындағы сату орталығына Тараз қаласы, массив Телецентр, 16, тел.: +7262 427355 хабарласа аласыздар.