Жұлдызы жоғары Жуалы
Жұлдызы жоғары Жуалы
«Жер жәннаты – Жуалы» атанған ауданның жері шұрайлы, елі шырайлы, батырлар мен ақындардың мекені екенін көпшілік жақсы біледі. Батыр Баукеңнің кіндігі буылған, Халық жазушысы Шерағаң туылған, ақын Бауыржан Үсенов секілді таланттарды қазақ өнерінің аспанына жарық жұлдыз етіп жаққан қасиетті өлке өнерлі ұл-қыздардан ешқашан кенде болған емес. Оған аталмыш ауданның облыс орталығындағы Мәдениет және өнер күндерінде тағы да көз жеткізе түстік. Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына орайластырылған шара «Жұлдызы биік Жуалы» тақырыбында Тараз қаласындағы ҚР Тұңғыш Президент саябағында өтті. Шара аясында саябаққа қазақы киіз үй, алтыбақан тігіліп, өнеркәсіп және өнер көрмесі әзірленді. Мерекеге арнайы ат басын бұрған қонақтарды ақ кимешек киген әжелер ауылдың алты ауызын әгугайлатып, бауырсақ пен тәттіден шашу шашып, қарсы алып жатты. Қонақтар алдымен аудандық халық театры ұжымының әзірлеген сахналық көрінісін тамашалады. Мазмұны тарихтан тамыр тартқан көріністе Қазақ хандығының іргесі қаланған тұстағы оқиғалар барысы баяндалады. Әбілхайырдан бөлініп, жеке дара хандықтың ордасын орнатқан Жәнібек пен Керей образдары сәтті суреттелгені көпшіліктің көңіліне қонды. Олар құрған жас мемлекетінің болашағына сенім білдіре отырып, өсіп-өркендеуді, дамып-қарыштауды тілеген Асан қайғы бейнесіндегі абыздың бата бергені сәтті де сенімді өрбіп, жүректердің қылын шертті. Бұдаң соң тараздықтар ауданның мәдени және тұрмыстық тіршілігінен хабар беретін көрмені тамашалады. Көрмеде әзірбайжан, неміс, орыс этномәдени орталықтарының әзірлеген ұлттық тағамдары мен ән-билері ұсынылып, көрушілерді мәз-мейрам етсе, алтыбақан аясына топтасқан бозбала мен бойжеткендердің «сақина салу» ойынын ойнағаны да жүрек тербеді. Сондай-ақ бие байлап, саумал сауып, күбі пісіп, ұлттық сусынымыз – қымыздың әзірлену үлгісін көрсеткен қазақы киім киген аудан тұрғындары кесемен қымыз ұсынып, қонақтардың таңдайын жібітті. Бүлдіршіндердің асық атып, ләңгі теуіп, ойын қуып жүргені де ұлттық бояуды одан әрі қанықтырып тұрды. Халық Қаһарманы Бауыржан Момышұлы мұражайынан әкелінген жәдігерлермен толыққан арнайы бұрыш біртуар тұлғаның тіршілігінен сыр шертті. Батырдың тірісінде қолданған тұрмыстық заттары мен естелікке бай фотосуреттері жайлы әңгімелеген мұражай меңгерушісі Ғалия Ауғанбаева көрушілерді Жуалыдағы музей ғимаратына қонақ болып, жәдігерлермен тереңірек танысуға шақырды. Тоқымашы Дариха Сыдықова әжейдің қолынан шыққан ши, басқұр, құрақ, көрпешелер де көпшіліктің назарын өзіне бұрмай қоймады. «Екі келінім де тоқыма өнерімен айналысады» деген ісмер әженің жасы жетпісті алқымдағанына қарамай, бармағынан оймағы шешілмеген болмысы баршаның ризашылығын оятты. Осыдан соң тараздықтар саябақтағы ашық аспан астындағы орналасқан сахна алдына жиылып, онда аудан өнерпаздары әзірлеген концерттік бағдарламаны тамашалады. Бағдарлама Жұлдыз Ысқақовтың «Мәңгілік елге тарту» атты арнауымен ашылып, ізінше әуелеген ән мен биге ұласып, әдемі өрнекпен өрбіп отырды. Әсіресе, ұлттық аспаптар ансамблінің орындауындағы халық әні «Майда қоңырдың» қоңыр ырғақпен шырқалғаны көпшілікті баурап алды. «Өнер мен жендет» композициялық қойылымы да көрермендердің жүрек төрінен орын алды. «Шақпақ» тобының орындауындағы итальян тіліндегі «Гуд бай», «Аққу домбыра» секілді классикалық шығармалары да тыңдармандардың талғам тамырын тап басты. Нұржан Әлішевтің «Үш кемпір» тамашалық қойылымы да қонақтарды күлкіге қарық қылды. Мереке соңы «Қызғалдақ» ансамблінің орындауындағы «Елге тілек» атты әнмен аяқталғаны әдемі әсер қалдырды.
Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».
Суретті түсірген Алмаз Орманов.