Германияда нацистер көміп кеткен қазына табылды
Германияда нацистер көміп кеткен қазына табылды
Немістің әуесқой археологы олжалы болды. Reuters агенттігінің хабарлауынша, ол құны шамамен 45 мың еуро болатын алтын монеталар тапқан. 31 жастағы археолог қазынаны Люнебург қаласының маңынан тауыпты. Флориан Бауч темір іздеуші жабдықтың көмегіне сүйенген. Аспаптың белгі беруімен археолог қарағай түбінен әуелі 10 алтын монета тапқан. Кейін ол кәсіби әріптестерінің көмегіне жүгінді. Археологтар олжа табылған жерді тереңірек қазып, дәл сондай тағы 207 монета тапты. Ғалымдардың қазына нацистік Германия кезеңінде көмілген деген болжам айтуда. Монеталардың иесі қазынасын Екінші дүниежүзілік соғыстың соңында жер қойнауына жасырса керек. Табылған монеталардың диаметрі 21 мм, ал салмағы 6 граммнан асады екен. Археологтардың айтуынша, олар 1837-1910 жылдар аралығында түрлі елдерде жасалған. Сонымен қатар, көмбе арасынан бельгиялық, француз, итальяндық және австро-венгриялық ақша табылды. Мұнымен қоса, нацистік белгісі бар картон қалдығы, «Reichsbank Berlin 244″ жазуы бар мөр болған. Табылған заттарды жіті зерттеген мамандар қаптаманың 1940-1950 жылдар аралығында жасалған деген тоқтамға келді. Археологтар тапқан жәдігерлер 19 шілде күні Люнебург мұражайында халық назарына ұсынылмақ.