Мүсінші ұсынысы
Мүсінші ұсынысы
мәнді болса неге қолдамасқа?
Жиырма ғасырдан астам тарихы бар Тараз шаһары – көненің көзі, тарихтың өзі. Шығыстың жеті шайыры тамсана жырлаған көне қала ғасырлар айрығында тек қана көгеру, көркею дәуірін бастан кешірді. Өркениет көшінен кейіндеп, кенжелеп қалған сәті жоқ. Түрлі сәулетті ғимараттармен толысқан, тотыдай таранған облыс орталығы бұл күндері де жарқырап, жайнап тұр. Архитектуралық әдемі шешімдерге бай ғимараттармен толыса түскен шаһарымыздың орталық алаңы да жыл санап өзгеріп келеді. Таяуда Бәйдібек бабаның қос қапталына орналасқан екі субұрқаққа тәуелсіздігіміздің символына айналған қанатты барыстардың мүсінін орналастыру жөніндегі ұсынысымен белгілі мүсінші Аманат Назарқұлов редакциямызға келіп, өзінің ойымен бөлісті. «Біздің туған жеріміз Тараз қаласы Қазақстанда ғана емес, жалпы Орталық Азияда ең көне шаһар саналады. Осында жүргізіліп жатқан қазба жұмыстары болсын, басқа да игі шаруалар қаланың танымалдылығын арттырып, ажарын аша түседі. Елдің қызығушылығын тудырады. Қазақ хандығының 550 жылдық мерекесі де жақындап келеді. Жалпы мен суретші-мүсінші маман ретінде Тараздың көркемдік бейнесін арттыра түсетін көптеген жобалар жасадым. Қанатты барыс шынында тәуелсіздігіміздің бір символы, көне түркілердің тотемді жануары секілді. Көне түркілерден қалған, тасқа салынған бейнені мен жаңаша, декоративті стильде нобайын келтірдім. Бұл әр қырынан қарағанда әдемі образдылығымен көзге керім әсер сыйлайды. Пластикалық өнімнен құйылған. Оның қаттылығы темірге пара-пар. Түсті таңдағанда ақшыл сарғыш түске басымдық беріп отырмын. Егер бұл ұсыныс жүзеге асып жатса, орталық алаңдағы Бәйдібек бабаның екі жағындағы субұрқақтың ортасына қанатты барыстарды орналастырсақ, сол барыстардың басына әшекейлі бас киім қойып, ортасынан су жіберуге болады. Сол кезде барып қарасаңыз, судың шашырандыларының арасынан барыс әдемі көрініс береді. Мұны ойластырғанда мен архитектуралық ансамбльге баса назар аударып отырмын. Креатив болуы керек әр ұсыныста. Бұл жерде ұлттық нақышқа басымдылық беріліп тұр. Осы жоба жүзеге асып жатқан күнде әрмен қарай тағы да кіші формалармен айналасын көмкерсек, нағыз архитектуралық идеялармен көмкерілген алаңға айналар еді. Қала әкімі Нұржан Календеров мырзаға жолыққанымда ол кісі жобаны әкеліп көрсетуім керектігін айтты. Ұсынысым жүзеге асып жатса, нұр үстіне нұр болар еді. Тараз көршілес Шымкенттің арихитектуралық келбетінен болашақта кем болмай, асып түссе деген ниетім де бар. Тараз – тарихи қала. Әлі талай жобаларым бар. Фирдоуси, Баласағұн секілді ұлы тұлғалардың мүсіні Тараз топырағында тұрса, еш сөкеттігі жоқ деп есептеймін», – дейді мүсінші өз ойын ортаға салып. Жалпы, халықаралық симпозиумдарға қатысып, өзінің ойларын, жобаларын айтып жүрген мүсінші Аманат Назарқұлов Ұлы баба Төле бидің 350 жылдық мерейтойында төбе бидің қаламызда орналасқан мүсінін жасаған болатын. Аталмыш мүсінді мамандар еліміздегі үздік бес мүсіннің біріне балағаны да мәлім. Тасын түртсең тарихы көрінетін көне Тараздың орталық алаңы жаңаша мүсіндермен толығып, архитектуралық бейнесі күн санап арта түссе, кемелдене берсе, ол дегеніміз өңірімізге келушілердің де қызығушылығын тудырары сөзсіз.
Табиғат Абаилдаев, «Ақ жол».
Тараз.