Ерекше қорғалатын аумақтар ерекше бақылауда
Ерекше қорғалатын аумақтар ерекше бақылауда
Облыс прокуроры Ернат Сыбанқұловтың төрағалығымен өткен кеңейтілген алқа мәжілісінде өңіріміздегі ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, орман және жер заңнамаларының орындалуы қаралды. Облыстық прокуратураның 1-ші басқармасының бастығы Бекзат Сейілханов тексеру қорытындысын баяндады. Прокурорлық тексеру барысында ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен орман қоры жерлерінде заңсыз құрылыстар жүргізу, орман қоры жерлерін заңсыз пайдалану, оларды жеке меншікке аудару, орман алқаптарына залал келтіру, санитарлық талаптарды сақтамау, тиісті материалдық құралдармен жабдықтамау, өсімдіктерді кесуге және жинауға жол беру деректері анықталған. Мәселен, «Жусандала» республикалық маңызы бар мемлекеттік қорық аймағында экология заңнамасының 255-бабына қайшы келетін 20-дан астам елді мекен орналасқан, одан бөлек, май құю бекеттері, кафелер, өндірістік базалар, мал қорымы мен тұрмыстық қалдық алаңдарын соғуға, пайдалы қазбалар өндіруге жергілікті атқарушы органдар жер бөліп, құрылысқа рұқсат берген. Мұндай деректер Меркі, Жуалы, Сарысу орман қоры жерлерінде орын алған. Жалпы, прокурорлар мемлекеттік орман қоры жерлерінде барлығы 299 (Қосқұдық орман қоры жерінде – 42, Меркі – 24, Ақкөл – 32, Көктерек – 2, Мойынқұм – 19, Байзақ – 111, Жамбыл – 68) заңсыз тұрғызылған күрделі құрылыс нысандарын әшкерелеген. Ал Меркі орман қоры алқаптарын мал жаюға ұзақ мерзімге пайдалануға алған шаруа қожалығы рұқсатсыз жерді қазып су бөгеттерін және басқа да құрылыстар жүргізген. Сөйтіп, осындай заңсыз іс-әрекеттердің нәтижесінде орманға 19 миллион теңге залал келтірілген. Осындай заңсыз орман алқаптарын пайдалану деректері Жуалы, Сарысу, Ақыртөбе, Қосқұдық ормандарды қорғау мекемелерінде де анықталып, келтірілген залалдың сомасы 20 миллион теңгені құраған. Мойынқұм ауданында 10 тоннадан астам орман қоры жерінен дәрілік өсімдік – сұңғыла тамырын заңсыз жинау және сақтау дерегі бойынша орман қорына 6 миллион теңгеден астам залал келтірілген. Заң бұзушылықтарға жол бергені үшін Мойынқұм және Көктерек ормандарды қорғау мекемелерінің басшылары қызметтерінен босатылған. Ормандарды қорғау мекемелері қызметтік жайлармен, көлікпен, өрт сөндіру құралдарымен, арнайы киімдермен толық қамтамасыз етілмеген. Соның салдарынан өткен жылы Меркі ормандарды қорғау мекемесінің 2 қызметкері өрт сөндіру кезінде қаза болып, тиісті өрт сөндіру құралдарымен қамтамасыз етпегені үшін мекеме басшысы қылмыстық жауапкершілікке де тартылыпты. Сонымен қатар, «Жасыл даму» мемлекеттік бағдарламасын орындау аясында 28 130 гектар жерге сексеуіл тұқымы себілген, алайда оның жартысынан көбі, яғни 15 000 гектардан астамы шықпай қалған. Ал Тараз қаласында өткен жылы абаттандыру жұмыстары кезінде 2220 жапырақты, 862 қылқанды ағаш отырғызылса, оның отыз пайыздан астамы қурап кеткен. Облыс орталығындағы 7 саябақ, 18 бақ, 5 жасыл белдеу, 7 жасыл баудың бірде-бірінің құжаттары дұрыс емес. Яғни, тиісті құжаттармен заңдастырылмастан жекеменшікке немесе тұрақты жер пайдалануға берілген. Облыс әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Серік Қойбақов, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Қаржау Кемелов, Тараз қаласының әкімі Нұржан Календеров кемшіліктер орын алғандығын мойындап, түзетуге уәде берді. Мәжіліске қатысқан облыс әкімінің орынбасары Абдалы Нұралиев көтерілген мәселе егжей-тегжейлі қаралып, әкімдік тарапынан белгіленген тәртіппен шаралар қолданылатындығын айтты.
Шынар САҒИЕВА, «Ақ жол».