Экономика

Таза өсір, таңдап тұтын

Таза өсір, таңдап тұтын

Далада да, қалада да ми қайнатар ыстық. Аптап апшыны қуырып-ақ тұр. Шіліңгір шілдеде шөл басатын сусын, салқын сая іздеп сабылған жұрт. Мұндайда оңтүстік өңірлерде қауын-қарбыз саудасының ерте басталатынына қуанасың. Әсіресе, мұздатқышқа қойып, салқындатып алған қарбыз шөліңді тез басады. Шөл басқаны жақсы, әрине. Әйтсе де, мерзімінен ерте піскен бақша өнімдерінің сапасы көңілге күмән ұялататыны тағы бар. Соңғы жылдарда көктемнің ерте туып, маусым болмай күннің қатты ысып кететінін ескерсек, бақша өнімдерінің сатылымға ерте шығуы заңдылық та секілді. Бірақ, қанша ыстық болса да, қауын-қарбыз шілде айының орта тұсында пісе бастайды. Мұны бау егіп, бақша салумен айналысатын шаруа адамы жақсы біледі. Өзі тәтті, бағасы удай

Оңтүстікте сауда сөрелерінде қауын-қарбыз мамыр айында-ақ пайда болады. Ол кезде сағына күткен бақша өнімдерінің бағасы да шарықтап тұратыны мәлім. Бала біткен көзін сатып, тамсана қарағанмен, әкесі мен шешесіне әпер деуге бата алмайтыны да, сондықтан. Маусымда килосы 100 теңгеден түспей тұрған қарбыздың бағасы шілдеде ептеп арзандай бастайды. Жұрттың сақтықты ұмытып, жаппай қауын-қарбыз сатып алуға ұмтылатыны да осы кез. Бүгінде Тараз қаласында базарды былай қойғанда, үлкен сауда нысандарының қасындағы бақша өнімдерін сататын дүңгіршектерде де қауын-қарбыз сықасып тұр. Қарбыздың килосын 60-65 теңгеден, қауынды 100 теңгеден сатып ала аласыз. Сатушылар бақша өнімдері Оңтүстік Қазақстан облысынан, Шардара мен Жетісайдан әкелініп жатқанын айтады. Әрине, саудасы жүруі үшін тауарының мақтауын да жеткізіп жатыр. Бірақ, тамсандырған бақша өнімдерінің сапасы қандай? Шынымен де дәмі тіл үйіре ме? Осыны білу үшін біз бірқатар сауда нүктелерін аралап көрдік. Қалалық №2 ауруханаға қарама-қарсы орналасқан дүкен алдында екі жігіт саудалап тұрған қауын-қарбызының мақтауын жеткізді. Бірақ, шіліңгір ыстықта төбесін жай палатка шатырмен жапқанымен, жерде жатқан бақша өнімдерінің сапасы күмән тудырады екен. Сатушы жігіт: «Жетісайдың қарбызы, алыңыздар. Килосы 60-ақ теңге. Кеше әкелдік», – деді. Қала көшелеріндегі дүкендер жанында  қауын-қарбыз сатушылардың көбісіндегі жағдай осы. Теңкиіп-теңкиіп жерде жатыр. Ал күн болса ыстық. Үстін көлеңкелеп жауып қойғаны дұрыс-ақ. Бірақ, су тез ысып, жылдам салқындағанмен, жер баяу ысып-салқындайды емес пе? Ендеше, ыстық жерде жатқан қарбыздың бұзылып кетпесіне кім кепілдік бере алады? «Сақтықта қорлық жоқ» Облыстық тұтынушылар құқықтарын қорғау департаментінің балалар, білім беру және тағам объектілерін санитарлық-гигиеналық қадағалау бөлімінің басшысы Салтанат Әлібаева сауда-саттық ережесі бойынша бақша өнімдері арнайы сөрелерге қойылып сатылуы керектігін айтады. Яғни, жерден біршама биік, әрі төбесі жабық, салқындау жерге қойылуы тиіс. Және оның қай жақтан тасымалданатыны, қай күні әкелінгені көрсетілген құжаттары болуы қажет екен. Кез-келген тұтынушы өнім сапасына күмән келтірсе, осы құжаттарды көрсетуді талап етуге құқылы дейді. Бірақ, бұл талаптар көп жағдайда орындала бермейтіні белгілі. Қауын-қарбыздардың сөрелерге қойылғанын тек көкөніс сататын дүңгіршектерден ғана көресіз. Әйтеке би көшесінде «Дәмдес» сауда орталығының жанындағы сауда нүктелерінде және Қазыбек би көшесіндегі дүңгіршекте бақша өнімдері талапқа сай саудалануда. Ал қан базарларда сөрені айтасыз, қауын-қарбызды жинап қоятын жабық орын да жоқ. Қоларбаға салып, ары-бері тасып жүріп сататынын да көріп жүрміз. Тіпті, бақша өнімдерін қала ішінде әр жерге үйіп қойып саудалайтындар да бар. Осындай жағдайда сатылған өнімге сақтықпен қарамасаңыз болмайды. Себебі, санитарлық-гигиеналық талаптарды қадағалаушы мамандар бұрынғыдай  бақша өнімдерін сататын орындарға рейд жүргізе алмайды. Былтырдан бастап 2015 жылдың қаңтарына дейін шағын және орта бизнесті тексеруге мораторий жарияланған. «Тұрғындардан шағым түспесе, заң бойынша біз кәсіпкерлік нысандарына жоспарсыз тексеру жүргізе алмаймыз. Сондықтан, бақша өнімдерінен уланудың және бұзылған қауын-қарбызды жеуден пайда болатын іш ауруларының алдын алуда тек қана ақпараттық насихат жұмыстарын жүргізумен шектеліп отырмыз. Әр бейсенбіде департаментте «ашық есік» күні өткізіледі. Тұтынушылардың шағымы болса, сол күні қайырылуларына болады», – дейді Салтанат Әлібаева. «Ішің ауырса, аузыңды тый» «Ауру – астан» дейді. «Ішің ауырса, аузыңды тый» деп те жатады. Бірақ, көп жағдайда сақтықты ұмытып, сау басымызға ауру «сатып» алғандай болатынымыз бар. Сондықтан, исі мұрын жаратын бақша өнімдерінің «арбауына» түсе қалсаңыз, қауын-қарбызды түбіне шейін жемеуге тырысыңыз. Себебі, түйнегіне егілген нитраттар түпкі бөлігіне жиналады екен. Ал ол асқазан және ішкі ағзалары ауыратындарға бірден әсер ететін көрінеді. «Қазір қауын-қарбыз пісетін уақыт емес. Ең ыстық өңір Шымкенттің өзінде, тіпті Ташкентте болсын, таза бақша өнімдері шілденің аяғына қарай піседі. Ал ерте піскендері селитрамен өсетіні белгілі. Ал оның адам денсаулығына әсері болмай тұрмайды. Әсіресе, асқазан-ішек жолдары ауыратындар ерте піскен қауын-қарбызды жемеуі керек. Біз қазір ауруханада жатқан науқастарға бақша өнімдерін жеуге тыйым салып отырмыз. Өйткені, селитраның бауыр, асқазанға зиянды әсері көп. Қауын-қарбыздан уланудың негізгі белгілерінің өзі асқазан, ішек жолдарымен байланысты болады. Іш өтіп, жүрегі айниды, құсқысы келеді, басы ауырады», – дейді облыстың бас гастроэнтерологы Мейрамкүл Қалисаева. Дәрігер былтыр қауын-қарбыздан улануға байланысты бірді-екілі жағдайлар болғанын айтады. Биыл әзірге ондай келеңсіз жайлар кездеспепті. Дегенмен, сақтықта қорлық жоқ. Бақша өнімдерін сатып аларда, алдымен, өз денсаулығыңызды ойлаңыз. Әрі әлі дәмі кіре қоймаған татымсыз қарбызға қанша ақша шығындайтыныңызды да ұмытпаңыз.

Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».

Тараз қаласы.