555-160 қызметі
555-160 қызметі
Емделушілерге тегін медициналық ақпараттық көмек көрсетеді Тараз қаласындағы №5 емхананың базасында медициналық қызмет пен тұрғындардың емдеу мекемелеріне қайырылуы ісінің сапасын жақсарту мақсатымен өңіріміздегі тұңғыш call-орталығы ашылды. Оның ашылу салтанатында облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Марат Жұманқұлов орталықтың атқаратын міндеттері жөнінде таратып айтып берді. Жаңа құрылым «Бизнестің жол картасы», «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламалары мен басқарманың облыс әкімдігімен жасасқан меморандумы негізінде құрылып отыр. Ендігі жерде емделушілер өздерін толғандырған немесе сырқатына сай емделуіне байланысты мәселелерді білу үшін емханалар есігін тоздырып, кезек күтіп, шағымданып та жатпайды. Ақпараттық орталықпен 555-160 телефоны арқылы хабарласса жеткілікті. Алынған ақпарат сол мезетте жазылып, автоматты түрде қалалық емханаларға жіберіледі бұл жағдай бас дәрігердің ішкі аудит жөніндегі орынбасары мен дәрігер-сарапшылар назарына алынады. Бұл істе мөлдірлік пен ашықтық қамтамасыз етіледі, ал өтініштер міндетті түрде орындалады. Емделушілердің, атап айтқанда, бірыңғай медициналық ақпараттық орталыққа тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі, дәрігерді үйге шақыру, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, медициналық көмектің сапасы, ақылы қызмет, медициналық қызметкерлердің этикасы мен деонтологиясы, ауруханаға жатқызу тәртібі, дәрігердің қабылдауына жазылу, халықтың БХТ порталына тіркелуі мәселелері бойынша хабарласуына мүмкіндігі бар. Бұл қызмет түрі алғашқы кезеңде қалалық емханалар бойынша жүзеге асырылады. Одан кейінгі кезеңдерде желісі ұлғайтылып, облыстық, аудандық, тұтастай өңірлік масштабты қамтитын болады. Жобаны денсаулық сақтау басқармасы облыстық медициналық және фармацевтикалық бақылау, медициналық қызметке ақы төлеу департаменттерімен бірлесе жүзеге асыратын болады. Қазірдің өзінде бұл мақсатқа 13 миллион теңгеден астам қаржы бөлінген. Аталмыш орталықтың тұрғындардың салаға қатысты қандай мәселеге де байланысты ақпараттық хабардарлығын арттыра түсетіндігіне сенім мол. Қажетті технологиялық құрыл-ғылармен, компьютерлермен жарақтандырылған орталық таңертеңгі сағат 8.00-ден кешкі 20.00-ге дейін жұмыс істейді. Біз әңгімеге тартқан оператор Салтанат Тұрсалиева өздері үшін жаңа жұмыс орны ашылғанына қуанышты, халыққа салаға қатысты ақпараттық көмек көрсетуге әзір екенін жеткізді.
Баймаханбет АХМЕТ, «Ақ жол».