Бабалар хандық құрған жер...
Бабалар хандық құрған жер...
«Қазақ хандығы ту тіккен өлке» керуені Шу, Мойынқұм аудандарында болды
«Мәңгілік Ел» идеясы аясында Қазақ хандығының 550 жылдығына орай арнайы керуен тасын түртсең тарихы сөйлейтін Шу ауданына атбасын бұрды. Облысымыздың белді тарихшылары, өлкетанушы, мәдениеттанушы және айтыс майталмандарынан құралған топ алдымен аудан орталығы Төле би ауылына тоқтап, содан соң ескі Батыс Түрік қағанатының орталықтарының бірі болған Жайсаң жайлауына жол тартты. Бұл мекенге экспедициялық сапардың мақсаты – өткеннің үнін ұқтыратын балбал тастармен, олардың тарихымен танысу. Экспедиция мүшелері қорымның маңында балбал тастардың сыртқы көрінісінде ерекшеленіп тұрған белгілердің қыр-сырына тоқталып, келелі әңгіме өрбітті. Керуен мүшелері Жайсаң жайлауының жәдігерлерін көзбен көріп, қасиетті жердің көкжиегінен батырлар бейнесін елестетіп, сардала желінің сыбдырынан тұлпарлар тұяғының дүбірін естігендей әсермен кері қайтты. Олар Төле би ауылында орналасқан «Нұр Отан» партиясы ғимаратында бабаларымыз Орда құрып, ту тіккен тарихи жердің халқымен, ауданның зиялы қауым өкілдерімен кездесуге келді. Онда дөңгелек үстел отырысында облыс әкімдігінің мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев сөз бастап, биылғы жылдың дүбірлі думаны Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлаудың қам-қарекеті турасында, мереке құрметіне өткізіліп жатқан және жоспардағы мәдени іс-шаралар барысын, сонымен қатар аталмыш керуеннің түпкі мақсаты жөнінде әңгіме қозғады. Жиында мұрағаттанушы Мақұлбек Рысдәулет «Мойынқұм, Хантау – Қазақ хандығы ту тіккен киелі мекен» тақырыбы аясында көптеген тарихи деректерді ортаға салды. Мәдениет саласының ардагері, драматург Әлібек Әмзеұлы өз ойын білдірді. Ол бүгінде тотыдай таранған Тараз қаласының символикалық орнына айналған архитектуралық ескерткіштері – Қарахан баба, Айша бибі, Бабаджа Хатун, Тектұрмас кесенелерінің тарихына терең тоқталды. Тарихшы Нұрхат Серікбаев өз кезегінде «Тарихы терең Қазақ хандығы» тақырыбында тиянақты ойларын ортаға салды. Дөңгелек үстел отырысы Ұлтуар Ибраева, Мәкен Уақ, Бақыт Исаева, Қали Қораласбаев сынды Шу өңірі азаматтарының ой-пікір, ұсыныстарымен қыза түсті. Тарихи-мәдени жобаның бағдарламасы бойынша аудандық Мәдениет үйінде ақындар айтысы ұйымдастырылды. Ақындар аламанына ағылған аудан жұртшылығы Мәдениет үйінің кіреберісінде көз тартарлық «Тараз – ғасырлар куәсі» атты көрмені тамашалады. Онда облыстық өлкетану музейінде сақтаулы тұрған ХІ-ХІІ ғасырларға тән жәдігерлер қойылған. Сегіз ақын сайысқа түскен «Мәңгілік Ел» тақырыбындағы айтыс шулық көрерменнің көңілінен ерекше орын алды. Айтыстың шымылдығы Сарысу ауданының айтыскері Алик Бекмұсаев пен Байзақ ауданының жас ақыны Дархан Әбдіманаттың сөз қағыстыруымен ашылды. Жуалының жалыны тасыған жас ақыны Қанат Мырзахан мен байзақтық Алтынкүл Қасымбекованың айтысы көрерменнің ерекше қошеметіне ие болды. «Қазақ хандығы ту тіккен өлке» атты тарихи-мәдени жоба қатысушылары келесі кезекте Мойынқұм ауданына келді. Меймандар әуелі аудан орталығындағы Жазылбек Қуанышбаев атындағы музейде болып, Жаз-атаның ғұмырынан сыр шертетін бейнероликпен танысты. Облыс орталығынан келген жоба қатысушыларын аудан әкімінің орынбасары Б.Қалымбетов қарсы алып, бастап жүрді. Қонақтар «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының ғимаратында дөңгелек үстел басына жиылды. Онда мәртебелі меймандар мерейтойға қатысты ойларын ортаға салды. Емен-жарқын сұхбат барысында ауыл тұрғындары бұл тойдың салмағы ауыр, мәні зор екендігін айтып, тарқасты. Одан соң мойынқұмдықтар аудандық Мәдениет үйіне қарай ағылды. Онда олар А.Қасымбекова, А.Исақов, А.Бекмұсаев сынды айтыскерлердің жыр додасын тамашалады. Ақындар Тәуелсіз Қазақстан мен кемеңгер Елбасын жырға қосып, тарихтың шаң басқан парақтарын бір ақтарғандай болды. Сонымен қатар аталған мәдени-тарихи жобаға облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлері арнайы келіп, көне жәдігерлермен мойынқұмдықтарды таныстырды. Ежелгі дәуірге тән құнды заттар аудиторияны баурап алды.
Қарлығаш Есбергенова, Байжан Емберді, «Ақ жол». Шу, Мойынқұм аудандары.