Спорт және туризм

Жұмысшы жастар спартакиадасы

Жұмысшы жастар спартакиадасы

Еліміздің жүрегі саналатын арман қала Астананың туған күніне орай, «Тараз-Арена» спорт кешенінде «Жайнай бер, менің Астанам!» атты жұмысшы жастардың спартакиадасы өткізілді. Жарысқа 13 команда қатысып, бәсеке көркін қыздырып бақты. Қатысушылар спорттың үш түрі бойынша күш сынасты. Алдымен жуан білектілер армрестлингтен өз күштерін байқатса, одан кейін арқан тарту спорты бойынша жастардың жалынын көз көрді. Одан соң командалар шағын футболдан кім мықтыны анықтады. Дода қорытындысында армрестлингтен өзгелерден озық болған «Тараз» тобы алдыларына жан салмаса, арқан тартыста «Жалын» тобы шын мықты екендіктерін көрсетті. Ал шағын футболда басқа командалардан техникалық жағынан мықты ойын көрсеткен «Жас қыран» тобы қарсыластарынан басым екенін байқатты. Жалпыкомандалық есепте «Тараз» тобы өзгелерді шаң қаптырып кетсе, екінші орын «Жалын» және «Алау» топтарына, үшінші орын «Жас қыран» тобына бұйырды. Осылайша, жұмысшы жастар Астана күнінде саламатты өмір салтын насихаттап, бұқаралық спортқа ден қойды. Додада басқа ұжымдарға қарағанда тас түйін дайындықпен келген команданың жұлдызы жанды.

Шұғыла Есенгелдиева, студент.