Саясат

Әр салада жаңғыру күтіп тұр

Әр салада жаңғыру күтіп тұр

Елбасымыз ұсынған «100 нақты қадам» елімізді дамытудың даңғылына айналары сөзсіз. Тоқталғым келіп отырғаны – 97, 98, 99-қадамдағы нақты тапсырламар. Бұл қадамдарда шағын қалада, ауданда, елді мекенде тұратын азаматтар үшін көңілге қонымды жаңғыру жолдары көрсетілген. Себебі жергілікті әкімшіліктерге нақты шешімдерді өздері қабылдауға мүмкіндік беріледі. Жергілікті өзін-өзі басқару мәселесін жолға қою бірден орындала салатын шаруа емес. Ол үшін сананың жаңаруымен қоса уақыт керек.

Жоғарыда айтылған үш қадамда өзін-өзі реттеу мен жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту арқылы азаматтардың шешім қабылдау үдерісіне қатысу мүмкіндігін кеңейту мәселесі қаралған. Яғни, мемлекетке тән емес қызметтерді бәсекелестік ортаға және өзін-өзі реттеуші ұйымдарға беру. Елбасымыздың ауылдық округ, кент, аудандық маңыздағы қала денгейінде жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджетін енгізу туралы облыс орталықтарында және республикалық маңыздағы қалаларда азаматтардың тиісті бюджеттік жобаларын талқылауға қатысуының тетіктері жұмыс істеу жөніндегі ұсынысын қуана қабылдағанымыз да сондықтан. Ашығын айту керек, егер де біз шынайы демократиялы мемлекет құруға ынталы болсақ, онда жергілікті басқарудағы мамандардың кәсіби біліктілігін әлі де болса жетілдіру керекпіз. Бір байқағаным, облыс орталығындағы қала мен шағын қаланың, аудан мен шалғай ауылдағы мамандардың қызмет көрсету деңгейінде айырмашылық бар. Жарқын болашаққа қадам басу үшін кемшіліктерімізді жасырмай, онымен ашық күресуге міндеттіміз. Өзін-өзі басқаруды біртіндеп жергілікті әкімшілікке өткізу үшін тұрғындардың санын ғана емес, әрбір облыстың, қаланың және ауданның әкімшілік-аумақтық құрылымын және ерекшелігін ескеру абзал. Әлеуметтік жаңғыру – еліміздің барлық жауапты күштері, мемлекеттік органдар, партиялар, қоғамдық бірлестіктер шығармашылық және кәсіптік одақтар, бұқаралық ақпарат құралдары, Отанымыздың барлық еркін рухты азаматтарының ортақ міндеті. Көздеген мақсаттарға жетуде жергілікті өзін-өзі басқарудың орталық буыны болып табылатын жергілікті өкілетті орган ретінде мәслихаттарға да жауапкершілік жүктелген. Елбасымыздың мақсат етіп қойған «100 нақты қадам» Ұлт жоспары – жаһандық және ішкі сын-қатерлерге байыпты және сындарлы жауабы.

Дүйсенбек Иманалиев, «Таза қала – Қаратау»  ЖШС-ның директоры.

Талас ауданы.