Әлеумет

Қарқын баяу, мәселе көп

Қарқын баяу, мәселе көп

Жыл сайын жаңа білім нысандарының қатары артып, заманауи үлгідегі құрылыстардың бой көтеруі қуантады. Бүгінде Шу ауданындағы Бөлтірік және Бірлік ауылдарында жаңа мектептердің құрылысы жүріп жатыр. Жергілікті жұртшылық жаңа білім ошағының алғашқы қоңырау мерекесіне оқушыларға тарту болатынынан үмітті. Алайда, «жауапты құрылысты қолға алған мердігер компаниялар бұл үміттің үдесінен шыға ала ма?» деген сұрақ көпшіліктің көкейінде сайрап тұр. Мәселенің мән жайымен танысып, құрылыс барысын көзбен көру мақсатында облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков Шу ауданына арнайы келді. Алдымен Бөлтірік ауылдық округінде құрылысы 2014 жылдың шілдесінде басталған 150 орындық мектепке атбасын бұрған Б.Орынбеков мердігермен кездесіп, жобамен жұмысты 45 күн шеңберінде аяқтауды әрі сапалы жүргізу қажеттігін қадап айтты. Алайда, құрылыстың баяу қарқыны көзге ұрып тұр. Оның себебін мердігер компания – «Строй Партнер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Дастан Байдуллақожаев кадр мәселесінде проблеманың туындауымен түсіндірді. Бұдан кейін басшылар Бірлік ауылындағы «Ник-Тараз»ЖШС қолға алған 600 орындық мектептің құрылыс барысын бағамдады. Нысанның сметалық құны 934 миллион теңгені, ал келісім-шарт бойынша құны 904 миллион теңгені құрайды. Бекболат Серікбекұлы бұл нысандағы жұмысты да сынға алып, құрылысты тапсыруға белгіленген мерзім 25 тамыз екендігін еске салды. Жергілікті басшылыққа, білім бөліміне жіті қадағалап тұруды тапсырды.

Содан кейін облыс әкімінің орынбасары аудан орталығына бет алып, М.Мақатаев атындағы орта мектептің акт залында Шу, Қордай, Мойынқұм аудандарының отын-энергетика кешенінің, тұрғын үй шаруашылығының және мемлекеттік мекемелердің 2015-2016 жылдық жылу маусымына дайындығы туралы облыстық көшпелі штаб отырысын өткізді. Штаб отырысына облыс әкімдігінің бірқатар басқармаларының басшылары мен орынбасарлары , Шу, Мойынқұм, Қордай аудандарының әкімдері, аудан әкімдіктерінің бөлім басшылары мен мекеме, кәсіпорын директорлары қатысты. Бекболат Серікбекұлы жылыту маусымында желілердегі ақаулар, ұзақ-қысқа мерзімді тоқтаулар, қазандықтарда технологиялық ережелердің сақталмауы, операторлардың жеткілікті білім дәрежесінің болмауы себептерінен апаттардың орын алатындығын еске салып, алдағы жылыту маусымында кемшіліктерді болдырмау мақсатында барлық тиісті шаралар атқарылу керектігін айтты. Бұдан кейін, Шу ауданының әкімі Рүстем Дәулет, Мойынқұм қаласының әкімі Бақытжан Нұркенов, Қордай ауданының әкімі Қайрат Досаев қысқы жылыту маусымына дайындық барысы бойынша есеп берді. Сонымен қатар, «Шу-Жылу»КМК директоры Руслан Көккөзов аудандық орталық қазандықтың бірқатар проблемаларын баяндады. Сондай-ақ, қазандықты көгілдір отынмен алмастыру мәселесі сөз болды. Осы орайда, облыс әкімінің орынбасары Б.Орынбеков жылу қазандығы – Шу қаласының жүрегі екендігін, оның жұмысына асқан жауапкершілікпен қарау керектігін ескертті. Мекеме директоры Р.Көккөзовқа арнайы жұмыс кестесін жасап, соған сәйкес дайындық жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Жиында штаб мүшесі ретінде Рахманқұл Байтелиев аудан әкімдерінің баяндамаларында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында аудандардағы техникалық базалар дайындығы, олардың саны мен сапасы жөнінде мәліметтер мардымсыз болғанын, резервтік материал туралы ақпараттардың жоқтығын айтты. Заңды және жеке сектордағы автокөліктердің тексеруден уақтылы өтуіне де назар аудару керектігін еске салды. Штаб отырысының қорытындысында Б.Серікбекұлы аудан басшылары мен жауапты қызметкерлеріне тұрғын үйлерді қысқы мерзімге дайындауды қатаң бақылауға алу, барлық білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, әлеуметтік сала нысандарының, аймақтық қазандықтардың жөндеу жұмыстарын уақытылы қадағалап отыруды, электр энергиясы бойынша берешектер мәселесін реттеуді, бюджеттік бағдарлама жобаларын уақтылы орындауды тапсырды. Осы орайда, ағымдағы жылдың 1 тамызына дейін аудандық коммуналдық шаруашылық нысандары 60 пайыз, білім нысандары түгелдей 1 қыркүйекке, қалған нысандар 15 қыркүйекке дайын болу керектігін ескертті.

Қарлығаш Есбергенова, «Ақ жол».

Шу ауданы.