«Асыл-Ананың» әндері Астанада қалықтады
«Асыл-Ананың» әндері Астанада қалықтады
Киелі өнер айдынына 2006 жылдың қараша айында жол тартып, бүгінде өңірдің мәдени тынысына нәр беріп жүрген ардагер аналардың «Асыл-Ана» халықтық ансамблі өнерпаздарының биыл Астана күніне орай Елордадан шақырту алғанда, қуаныштарында шек болмады. Қазағымыздың қаймағы бұзылмаған халық әндері арқылы көрермен қауымның жүрегіне жол тауып, халық әнін дәріптеп жүрген аналарамыз алып-ұшып Астанаға жол тартты. Сөйтіп Астана мерекесіне орай ұйымдастырылған «Этно - фольклорлық» фестивалінде өнер көрсетті. Үш күн бойы өнер ұжымы астаналықтарға үш түрлі жанды дауыспен әсем әннен шашу шашып, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.
«Асыл-Ана» ансамблінің құрамындағы аналардың алды жетпістен асқан, ең жасының өзі алпысқа жуықтап қалды. Соған қарамастан, мәдени шаралардың басы-қасынан табылатын ардагер ақжаулықтыларымыздың белсенділігі тәнті етпей қоймайды. Олардың репертуарларында елуден астам ән бар. Ансамбльдің көркемдік жетекшісі С.Салибекова. Ал музыкалық жетекшісі В.Сорокин. – Ұжымымызбен Астана қаласына алғаш рет бардық. Астана әкімшілігі тарапынан қолдау көрсетіліп, концерттен бөлек, ару қаламыздың көрікті жерлерін араладық. Біз тек ән айтып жүрген әжелер емеспіз, халқымыздың салт-дәстүрлерін кейінгі ұрпаққа насихаттап қалдыруға күш салып жүрміз. Астаналықтар біздің өнерімізді жылы қабылдады. Алты концертке қатыстық, бәрінде халық зор қошемет көрсетіп, Ақанның «Балқадиша» әнін бірнеше рет орындап беруімізді сұрады. Өнер адамдары үшін халықтың қошеметіне бөлену ең үлкен сый емес пе? Көңіліміз марқайып қайтты. Сол шабытпен келіп, шығармашылығымызды одан әрі шыңдауға кірісіп кеттік,- дейді ансамбльдің әншісі Жаңыл Текейқызы.
Фариза Жорабекқызы.
Тараз қаласы.