Демалыстары көңілді, тағамдары дәмді
Демалыстары көңілді, тағамдары дәмді
Республикамыздың Солтүстік Қазақстан облысындағы «Серебряный бор» және «Мерей» сауықтыру лагерьлерінде жазғы демалысын өткізіп жатқан мектеп оқушыларының арасында бір топ баланың тағамнан уланғандығы туралы мерзімдік басылымдарда жарияланған хабарлардың облысымыз аумағындағы сауықтыру лагерьлерінде демалып жатқан мектеп оқушыларының ата-аналарын да алаңдатқаны анық. Міне, осыған орай облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне қайырылғанымызда, аталған мекеменің балалар білім беру және тағам объектілерін санитариялық-гигиеналық қадағалау бөлімінің басшысы Салтанат Әлібаева жұртшылықтың алаңдауына ешқандай негіз жоқ екендігін атап көрсетті. Оның айғақтауынша, облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті мен облыстағы білім саласының аумақтық құрылымдары бірлесіп жасаған кешенді іс-шаралар жоспарына сәйкес, биылғы жазғы маусымда үш ауысымда 7352 баланың демалып, тынығуына арналған аумақтағы алты мемлекеттік және төрт жекеменшік лагерьдің материалдық-техникалық базасы талап деңгейінде жақсартылған көрінеді.
Оның үстіне облыс бойынша санитарлық-ағарту жұмыстары жандандырылған, жазғы сауықтырудың дайындығы мәселесі бойынша жеке кәсіпкерлермен, мектеп жанындағы лагерьлер мен балаларды сауықтыру ұйымдарының медицина қызметкерлерімен семинар-жиналыстар, сондай-ақ, 2015 жылдың 16 мамырында білім басқармасымен біріге отырып, сауықтыру лагерьлерінің директорлары, Тараз қалалық және аудандық білім басқармаларының басшыларына арналған облыстық семинар өткізіліпті. Балаларды сауықтырудың өзекті мәселелері бойынша ағымдағы жылдың 21 мамырында емдеу-профилактикалық ұйымдары мамандарының қатысуымен лагерьлердің медициналық қызметкерлеріне арналған облыстық семинар-кеңес ұйымдастырылған. Бұдан өзге, департамент мамандары он лагерьдің санитариялық-гигиеналық жағдайы мен ондағы кешенді іс-шаралар жоспарының орындалу барысын анықтау үшін лагерьлерде алдын ала тексерулер ұйымдастырған. Ғимараттар мен жайлардың дайындығын, шатырдың жұмсақ бөлігін бөлшектеп жөндеу жұмыстарының сапасын, технологиялық және тоңазытқыш жабдықтардың жай-күйін, кәріз бен су жүйелерінің ақаулы-ақаусыздығын тексеруден өткізген, жөндеу жұмыстарының, асханалық және ас үй ыдыс-аяқтарын жуу, зарарсыздандыру мен дәрілік заттарды қосымша сатып алу, көгалдандыру мен тазалау және орналастырудың сапалы жүргізілуін қадағалаған. Екіжақты келісім-шарт жасау негізінде сауықтыру нысандарының аумағында кенеге қарсы және дератизациялық өңдеу жұмыстары жүргізілген. Қала сыртындағы лагерьлер олардың дайындығына санитариялық-эпидемиологиялық ресми қорытынды жасалғаннан кейін ғана тынығушыларды қабылдай бастаған. – Бүгінге дейін сауықтыру лагерьлерінде 3157 бала тынығып демалуға мүмкіндік алды. Бұл, жазғы маусым барысында демалдырылып сауықтырылуға тиіс мектеп оқушыларының 42,9 пайызын құрайды. Әзірге, сауықтыру лагерьлерінде балалардың тағамнан уланғандығы жөнінде деректер орын алған жоқ, ондай қолайсыз оқиға орын алуға да тиіс емес. Өйткені, тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне қарасты мекемелердің мамандары лагерьлер басшыларының өтініштері негізінде сауықтыру нысандары жұмыс істей бастағаннан кейінгі кезеңде де ондағы ауыз судың санитарлық-химиялық көрсеткіштері бойынша – 53, микробиологиялық көрсеткіштері бойынша 52 сынама алып, бактериологиялық зертханада тексеруден өткізген кезде ешқандай да қалыптан тыс ауытқушылықтың болмағандығы анықталған. Бұл облыс аумағындағы қала сырты сауықтыру лагерьлерінде мектеп оқушыларының алаңсыз тынығып демалуына және олардың ата-аналарының алаңдамауына толық мүмкіндік береді, – деді облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті балалар, білім беру және тағам объектілерін санитариялық-гигиеналық қадағалау бөлімінің басшысы Салтанат Алибаева.
Сапарғали ӘЛІБАЙ, «Ақ жол».