Мәдениет

Таластың тербелген толқындары

Таластың тербелген толқындары

Бұл күні домбырадан төгілген күйдің күмбірі, әуезді де әсем әннің әуені бәрі-бәрі Тараздағы тұңғыш Президент саябағының аспанында шағаладай шарықтап, шалқып, айналаны думанды кешке бөледі. Алтыбақан аясындағы бозбала мен бойжеткеннің әзілі, кимешек киген әжелердің ән-жыры, қазақы киіз үй маңындағы қызу тіршілік те көрер көзге керім көрініс сыйлап тұрды. Қазақ хандығының 550 жыл мерейтойына орай облыс орталығында осындай мерекелік көңіл-күйде өрбіген Талас ауданының мәдениет және өнер күндері тұрғындарға тамаша сезім тарту етті.

Мерекеге атбасын бұрған меймандарды қарсы алған әжелер қазақы дәстүрмен шашу шашып, келушілерге ас атасы – нан мен ұлттық сусын шұбаттан ұсынды. Бұдан соң «Талас» халық театрының әзірлеген сахналық қойылымы көрерменге ой салды. Тарихтан сыр тартқан тағылымды қойылымды көпшілікпен бірге облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов, облыс әкімдігінің мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев, Талас ауданы әкімі Болат Рысмендиев те тамашалады. Өткен күннің өнегесін өрнектеген қойылым барысында Қазақтың үш жүзінің басын қосқан Абылай хан бейнесі нанымды түрде суреттелді. Айталық, бір кездегі бала Сабалақтың қалай Абылай атануы, оның ақ киізбен көтеріліп хан сайлануы секілді ойлы оқиғалар тізбегі бірінен соң бірі астасып көрушілердің жүрек қылын шертті. Сондай-ақ «Ақ тілек» қуыршақ театрының «Ертөстік» қойылымы да кішкентай көрермендердің көңілінен шыққанын айтып өту керек. Осыдан кейін қонақтар ауданның этно-ауыл, қолөнер және бейнелеу өнерінің көрмелерін тамашалады. Ондағы көрмеге қойылған әрбір дүние өзінің құндылығымен тараздықтардың талғамын тап басып, қызығушылықтарын оята түсті. Әсіресе, суретші Әділхан Қалаубектің «Желтоқсан ызғары», «Қара кемпір» картиналары тұрғындарға таңғажайып өнердің куәгері атануға мүмкіндік берсе, аудандық балалар өнер мектебінің бір топ тәрбиеленушілерінің бейнелеу өнеріндегі әдемі балаң дүниелері де көпшіліктің сұранысына ие болып жатты.Сонымен қатар, Елена Филистовичтің тоқыма гүлдері де он саусағынан өнер тамған шебердің қолынан шыққан дүниелер екені көрініп тұрса, Өркен Қадірлинованың түрлі-түсті моншақтардан әзірленген жиырма шақты әсемдік бұйымдары да қарағанның көз жауын алады. Ол ғана емес, ауданның мақтаныштарына айналған ақын-жазушылардың шығармашылық, спорт саңлақтарының және Қазақ халқының тұрмыстық заттарының көрмесі де көрушілердің көңілінен шықты. Ақшам ауа тараздықтар мерекенің одан әрі әрлене түскенінің куәсі болды. Олар ашық аспан астында орналасқан сахнадан ауданның көркемөнерпаздарының концерттік бағдарламасын көріп мәз-мейрам болысты. Құрманғазының «Адай», «Балбырауын» күйлерін орындаған фольклорлық-этнографикалық ансамблінің шеберлігі көпшілікті тәнті етсе, Нұрғиса Тілендиевтің «Саржайлау» әнін әуелеткен Еркем Шоқыбасованың өнері де зор қошеметке бөленді. Ал «Талас» үштігінің орындауындағы «Таласым» әні құлақтардың құрышын қандырды. Мың бұралған бишілердің шалқыма билері де шадыман әсер сыйлады. Кішкентай Тоғжан Қордабайдың кең тынысты «Астана» әнін бебеулете шырқағанына сүйсінбеген жан болмады. Осындай ырғақты әуендермен бірге тыңдармандар бейнебір Талас өзенінің толқындарымен тербелгендей күй кешіп отырды. Осылардың барлығының басы-қасында жүрген аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Пернебек Оспановтың еңбегі ересен. Мереке соңында сахнаға облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың ықылас гүлі ұсынылды.

Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».