«Анашым, бұл жеңісімді Сізге арнаймын!»
«Анашым, бұл жеңісімді Сізге арнаймын!»
жеңіл атлетикадан универсиада чемпионы атанған қордайлық Светлана Иванчукова алғаш анасына хабарласып, қуанышын осылай бөлісіпті
Өткен күзде ғана Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында ұйымдастырылған Азия ойындарында күмістен алқа таққан қордайлық желаяқ Светлана Иванчукова күні кеше Дүниежүзілік универсиаданың алтынына тағы да сол Оңтүстік Корея елінде қол жеткізгендегі оның жерлестерінің қуанышын айт.
Әсіресе, анасы Ирина Анатольевна үйге сыймай, қызының жеңісін көршілерімен, туыстарымен бөлісіп, шат-шадыман күйде жүр екен. Иә, спринтерлер арасында төрттік эстафетада Қазақстан құрамасының алтын медаль иеленуіне Света да елеулі үлес қосты. – Ол күні ұйықтамадым, ұлымыз екеуміз спутниктік телеканал арқылы жеңіл атлетшілердің жарысын тікелей эфирден тамашалап отырдық, – деді ол. – Алматы уақытымен шамасы таңғы төртке жақын (Оңтүстік Кореяда кешқұрым) біздің төрт қыз топтық эстафетада америкалықтардың өзін шаң қаптырып бірінші орынды жеңіп алғанда көз жасыма ерік бердім. Тағы бір қарасам, Қазақстанның Әнұраны ойналып, қыздарымыз жеңіс тұғырында жүздері бал-бұл жанып тұр екен. Одан бетер тебірендім. Біраз уақыттан соң қызымның өзі де хабарласты: «Анашым, бұл жеңісімді Сізге арнаймын!» – дейді қарағым...
Светлана қазір жиырма екі жаста. 2000 жылы Қордай ауылындағы Балжан Бөлтірікова атындағы мектептің бірінші сынып табалдырығын аттаған. Кейін жаңа салынған №51 мектепке ауысты. Тоғызыншы сыныптан соң Алматыдағы Каркен Ахметова атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатқа қабылданады. Одан кейін республикалық спорт колледжіне түсіп, биыл оны да үздік бітіріп отыр. – Қызымның бойындағы бір ерекше қасиет бала кезінде-ақ байқалды. Әуелде сурет салумен, бимен айналысты. Тәп-тәуір нәтижелерге жетіп те жүрді. Бірақ, кейіннен біржолата жеңіл атлетикаға ауып кетті, – дейді анасы. – Он екі жасынан бастап оқушылар мен жасөспірімдер арасындағы түрлі жарыстарға барып, грамоталар, тіпті, медальдар әкелді. 2008 жылғы Қазақстан чемпионатында алғашқы алтынын алғанда, спорт оның жәй әуестігі емес, өмірінің өзегіне айналарын түсінгендей болдық... Анасы бізге қызының бөлмесін ашып көрсетті. Іші толған суреттер, вымпельдер, шетелдік жәдігерлер. Қызға тән ұқыптылықпен оқушы кезінен бастап түрлі деңгейлі жарыстардан алған грамоталары мен медальдарын қаздай тізіп қойыпты. Енді оның қатарына Оңтүстік Кореядан алған Дүниежүзілік жазғы универсиаданың алтын медалі ілінбек. Светаның алғашқы бапкері Алина Ахметова да Қордайда тұрады. Осындағы №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәлімгері. Алты жасынан тоғызыншы сыныпты бітіргенше баулыған шәкіртінің табыстарында оның да үлесі бар. – Света ақжарқын қыз, сонымен қатар қайсарлығы бір басына жетеді. Жеңіліс оны ширықтыра түсетін. Жігерлігінің арқасында жаттығулардан қалмай, он төрт жасынан бастап тұрақты табыстарға жете бастады. Он бес жасында Қазан қаласында өткен Еуразиялық ойындарда 100 метрге, 200 метрге жүгіруден және топтық эстафетадан үш бірдей алтынды жеңіп алғанда-ақ оның үлкен болашағына сенім артқан едік. Сол үмітіміз ақталып келеді, – дейді чемпионның ауылдағы бапкері. Ал Алматыда ол Юрий Юхименко, Любовь Никитенко тәрізді бапкерлердің тәлімімен машығын жетілдіре түскен. – Светлана былтыр Азия ойындарынан екінші орын алып келгенде жерлестері кең құшақпен қарсы алғаны есте, – дейді ауылдағы анасы мен бапкері. – Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың қабылдауында болып ақ батасын алды. Сосын аудан әкімі Қайрат Досаев арнайы қабылдады, туған мектебінде ұстаздары және оқушылармен кездесу өткізілді. Көпшіліктің осындай ыстық ықыласы мен сенімі қызымыздың жігерін шыңдай түсті. Жаңа биіктерге жігерлендіріп, еліміздің туын биіктен желбіретуге жол ашты. Сол үшін үлкен рахмет!
Құрманбек Әлімжан, «Ақ жол».
Қордай ауданы.