Тараз той қарсаңында түрлене түспек
Тараз той қарсаңында түрлене түспек
блогерлер абаттандыру жұмыстарын әлеуметтік желіде таратпақ
Хандықтың тойы – халықтың тойы. Оған жұмыла атсалысқанда ғана толайым шаруаларды еңсере аламыз. Өңірімізде өтетін дүбірлі тойға дайындықтар барысы толассыз жүріп жатыр. Оны жергілікті блогерлер мен бақ өкілдерінің мүшелері де көзбен көріп, куә болды. «Жамбыл облыстық жастар ұйымдарының Қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің бастамасымен құрылған топ өңіріміздегі той қарсаңындағы дайындық жұмыстары жүргізіліп жатқан орындарды аралап, әрлеу-абаттандыру, ағымдық және күрделі жөндеу жұмыстарының барысын көрді.
Ақпараттық топ алдымен «Қарахан» кесенесі маңындағы сквер орнату жұмыстарының барысымен танысты. Қызылорда, Қостанай облыстары мойнына алған нысанның жалпы құны 150 миллион теңгені құрайды. Он бес жұмысшы, төрт техника жұмылдырылған мұндағы жұмыстар мерзімінен бұрын аяқталуға таяу. Сондай-ақ, блогерлер мен БАҚ өкілдері Жамбыл Жабаев ескерткіші алаңын абаттандыру және екі барельф орнату жұмыстары, Абай даңғылы мен Ташкент көшелерінің қиылысындағы Абай скверін абаттандыру, Тәуке хан көшесіндегі көпір өткелін қайта құру жұмыстары, Оңтүстік қақпаны қайта құру және барельф орнату жұмыстарын бақылап көрді. Әсіресе, топ мүшелерін қызықтырған нысандар – «Тараз» қонақ үйінің және Автобекет аумағынан сквер орнату жұмыстары екенін ерекше айтып өту керек. Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан облыстары жауапкершілігіндегі бұл жұмыстар да тиісінше атқарылып жатыр деуге болады. Топ мүшелері барлық нысандағы жұмыстарды сол мезетінде суретке түсіріп, әлеуметтік желілерге бірден салып, бөлісіп отырды. Осылайша, олар той қарсаңында Тараздың түрленіп, құлпырып жатқанынан онлайн жүйе арқылы көпшілікті хабардар етті. Аталмыш бірлестіктің бастауымен қолға алынған бұл шара алдағы уақытта да жалғасын табады деп сендіреміз!
Исламбек Дастан, «Жамбыл облыстық жастар ұйымдарының Қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті.