Саясат

«Жас ұлан» – ел патриоттары!

«Жас ұлан» – ел патриоттары!

«Жастық жігерің – Отанға тірегің, жадыңда ұстап ұмытпасыңды білемін» деген ұранды бойтұмар еткен «жасұландықтар» бүгінгі таңда жігерлі еріктілерге айналды. Бірнеше жылдар бұрын жаңадан тәй-тәй басып, жаңадан қадам жасаған «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымы бүгінде нақты іс-әрекеттерді жүзеге асыратын бірыңғай беделді ұйымдардың біріне айналды. Бұл әрине, ұйым белсенділерінің тынбай өз білімі мен өмірлік дағдысын күннен-күнге шыңдай түсуінен деп білеміз. Сондықтан да болар, жаз мезгілі басталысымен жасұландық еріктілер ұйым белсенділерімен бірге қала сыртындағы сауықтыру лагерьлеріне тәжірибе жинақтауға, жаңаша ой алмасуға зор мүмкіндіктер беретін қызықты күндерді сағына да асыға күтеді. Ағымдағы жылдың 26 маусымы күні «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымы, облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен, жоғары сынып оқушыларының арасында азаматтық және патриоттық белсенділікті арттыру, еріктілер жұмысын дамыту мақсатында алдымен Қордай ауданында орналасқан «Балауса», ал 30 маусым күні Сарысу ауданындағы «Жұлдыз» балалар сауықтыру лагерінде «Жас Ұлан – өз еліңнің патриоты бол!» атты көшпелі ашық сабақ жоспарымен болып қайтты. Екі лагерь демалушылары да «жасұландықтарды» қуанышты көңіл-күймен қарсы алды. Тіпті, бізге арнайы сәлемдесу флеш-мобын да әзірлеп қойыпты. Бұл өз кезегінде ыстық күнде жолдан шаршап келген «жасұландықтардың» көңілін бір сергітіп тастады. Аталмыш шараға «жасұландық» еріктілермен қатар, ұйымның білікті мамандары да қатысты. Олар «Мен – көшбасшымын», «Арт» шеберлік сыныбы», «Жасұландық» еріктілер» деп аталатын үш секция бойынша лагерь демалушыларына тренинг-сабақтар өткізді. Секциялық жұмыстар барысында «жасұландық» еріктілер әрбір тренердің қасында көмекші қызметін атқарып, топ мүшелері лагерь демалушыларымен толықтай танысып үлгерді. Секциялық жұмыстар аяқталысымен «жасұландық» еріктілер барлық балаларды орталық алаңға жинап, олармен түрлі спорттық, викториналық ойындар мен қызықты топтық, ұжымдық жарыстар ұйымдастырды. Бұл ойындар балаларға ұмытылмас әсер сыйлады. Ойын барысында балғындар «жасұландықтармен» естелік суретке түсті. Осы сапардан мол әсер алған «жасұландық» еріктілер де өз кезегінде лагерь демалушыларына ұйым әнұранын хормен орындап беріп, «Біз – өз еліміздің патриотымыз. Сендер де бізге қосылыңдар» деген жүрекжарды лебіздерін жеткізіп жатты. Жазғы лагерьдегі сәтті тәмәмдалған сапарымыздың соңында «жасұландық» еріктілер: «Біздің белсенділік – біздің дамуымыз, Біздің дамуымыз – Қазақстанның дамуы» деген жалынды ұрандарын барша жас ұрпаққа жолдады. Елбасының бастамасымен құрылған ұйымның өскелең жас ұрпақтың тәрбиесіне, олардың саналы түрде өсіп-жетілуіне зор ықпал тигізетінін ескерсек, жас «жасұландықтардың» әрбір қадамына қолдау білдіруден еш жалықпайық. Өйткені, бүгінгі «жасұландық» – ертеңгі «жасотандық», одан әрі ел игілігі жолында қызмет ететін өз елінің патриот тұлғасы. Ендеше, алға, «жасұландықтар»!

Гүлмира НҰРЖАНОВА, облыстық «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы.