Жаңалықты жатсынбайтын “Щенхо”
Жаңалықты жатсынбайтын “Щенхо”
Соңғы жылдары ауданда ылғал үнемдеу технологиясына түбегейлі бет бұрған агроқұрылымдардың қатары арта түсуде. Солардың бірі «Щенхо» шаруа қожалығы – Масаншы ауылдық аймағындағы жүзге тарта агроқұрылымдардың ішінде бұл жаңалыққа ден қойған әзірге бірегейі. Бірыңғай егіншілікпен айналысатын қожалықтың мың гектардан астам егістігінің тең жартысы суармалы болса, биыл оның 121 гектарында дақылдар тамшылатып суару әдісімен өсіріліп жатыр.
Қожалық басшысы Уджур Керим бізді 41 гектарлық плантацияға бастап келді. Мұнда пияздың «Байрам», «Манас» тәрізді таңдаулы сорттары егілген екен. Көз жетер жерге дейін арамшөптен мұнтаздай таза, ал өнімі қалың көктеп келе жатқан егістікте жалғыз трактордан өзге қыбыр еткен тіршілік байқалмайды. Механизатор Люва Санхур жүйекаралықтарды бойлай жүргізілген суару түтікшелеріне залал келтіріп алмауды көздеп, айналасындағы топырақты қопсытушы агрегаттың жұмысын жіті қадағалаумен егістіктен көз алмайды. Ал пластик түтікшелерден өсімдіктің тамырына қажетінше су тамшылап тұр. – Бұл егістікті біз шетелдік «АІК» компаниясының ылғал үнемдеу технологиясын қолданып өсірудеміз, – дейді қожалық басшысы. – Компания мамандары осымен екінші жыл қатарынан келісім-шарт негізінде жабдықтарды орнатудан бастап барлық жұмыс барысына бас-көз болып, біздің мамандарды үйретуде. Жаңа технологияның артықшылықтары айтарлықтай. Егер мына қырық гектарлық плантацияны арықпен бір қайтара қандыра суаруға кемінде бір апта уақыт кететін болса, тамшылатып суаруға 24 сағат жеткілікті. Бұдан қаншама уақыт, әрі су үнемделуде. Есесіне, өнімділік екі-үш есеге дейін артады. Мысалы, арықпен суарылған пияздың гектарынан мықтағанда 20-30 тонна өнім жиналатын болса, тамшылатып суару арқылы бұл көрсеткішті 90 тоннаға дейін жеткізуге болады. Мұны мен өткен жылғы өз тәжірибемізге сүйеніп айтып отырмын... Израильдік-украиндік «АІК» компаниясы өкілдерінің қордайлық бірқатар шаруашылықтарға ылғал үнемдеу технологиясын енгізуге көмектесіп жатқанына биыл үшінші жыл. Онымен ынтымақтасқан Сарыбұлақ ауылдық аймағындағы «Самғау», «Нөсер» шаруа қожалықтары жүгері, пияз, қытай бұршағы, мақсарыдан мол түсімге қол жеткізуде. Биыл олар, тіпті, қант қызылшасын да тамшылатып суару тәжірибесін байқап көруде. Енді олардың қатарына былтырдан бері «Щенхо» қосылды. Жалпы, жаңаға тәуекел етуден ешкім ұтылмайтынына көз жетіп отыр. Келісім-шарт бойынша бар жауапкершілікті компания өз мойнына алады. Барлық қажетті жабдықтарды өздері әкеліп орнатып іске қосады. Егістіктің топырақ қыртысына жүргізілген талдаулар нәтижесіне сәйкес қажетті минералдық тыңайтқыштар мөлшерін белгілейді. Сумен бірге берілетін тыңайтқыштың тиімділігі тіптен жоғары. Арнайы кестеге сәйкес барлық жұмыс барысын өздері үйлестіріп, бақылауда ұстайды. Тек кепілдік өнімге қол жеткізу үшін келісім-шартта көрсетілгендей тиісті төлемақысын уақтылы аударып, сумен, басқа да қажеттіліктермен кедергісіз қамтамасыз етіп отырсаң болғаны. Ал төлемақы мөлшері осал емес – гектарына 2800 АҚШ доллары, әрі оны жүз пайыз бірден төлеу керек. Ал жаңа технологияны қолдану арқылы әдеттегіден екі-үш есе өнім алынған жағдайда бұл шығын ақталғанымен қоймай, үстінен еселеп пайда түсетініне шаруалар былтырдан бері көз жеткізіп келеді. Оған қоса үкіметтен төленетін субсидиялар да үлкен көмек. Егілген пияздың әр гектары үшін 90 мың, картопқа 50 мың теңге төленсе, сатып алынған жаңа жабдықтардың 30 пайызын және субсидиялайды. «Щенхо» шаруа қожалығы, сонымен қатар алматылық «Ринда» фирмасымен де серіктесіп жұмыс жүргізуде. Олар жиырма гектар пияз, он гектар картоп пен екі гектар сәбіз егістігіне тәжірибе ретінде өздерінің тамшылатып суару жүйелерін жүргізген екен. Ондағы дақылдардың жайы да қазірдің өзінде мол түсімімен қуантуда. Алдыңғыға қарағанда бұлардың төлемақысы арзандау – гектарына 2000 доллар болса, оның қырық пайызын күзгі жиын-теріннен кейін де қайтаруға болады. Қожалық биыл осы екі фирмамен қатар жұмыс істеп, қайсысының тиімділігі жоғары болса, келесі жылы сонымен серіктесуді жобалап отырған көрінеді. Шаруа қожалығының 600 гектарға жуық астық егістігінде орақ науқаны қызатын сәт таяп келеді. Одан бөлек, он гектар қант қызылшасы, жетпіс гектар мақсары, басқа да көкөніс түрлері өсірілуде. 350-ден астам жарнашылардың үлесімен құрылған агроқұрылымның егістіктерінде қазір маусымдық жұмыстың ретіне қарай жүзге тарта адам тер төгіп жүр. Олардың дені ескі әдіспен суарылып, өңделетін егістіктерге жұмылған болса, жаңа технологиямен өсірілетін жерлерде адам қарасы аз. – Астықтан басқа дақылдардың барлығын тамшылатып суарып өсіруге көшпей болмайды, – дейді ШҚ басшысы Уджур Керим. – Соңғы үш жыл қатарынан болған қуаңшылық осыған көзімізді жеткізді. Тек биыл ғана ауа райы егінші қауымға қолайлы болып тұр. Жауын мол болды, іргеміздегі «Қарақоңыз» су қоймасы да ернеулей толды. Су жағынан биылға тапшылық бола қоймас, дегенмен, жылда бұлай бола бермейді ғой. Сондықтан, тамшылатып суарылатын егістік көлемін алдағы жылы тағы да арттыра түспекпіз... Айтпақшы, осы шаруа қожалығында әзірге облысты былай қойып, елімізде баламасы жоқ жаңа үлгідегі жылыжай құрылысы басталғанын айта кетейік. Бұл іске солтүстіккореялық компания бастамашы болып отыр екен. Әдеттегі жылыжайлардан өзгешелігі ондағы дақылдар топырақсыз негіздерге орналастырылып, компьютерлік бағдарламамен өсіріледі. Өздігімен ашылып-жабылады, суарудың тозаңдату әдісі қолданылмақ. Жылыжайдағы жұмыс үдерісін мамандар сонау Кореядан компьютермен бақылап, мұндағыларға тиісті кеңес беріп отыратын көрінеді. Масаншы ауылына жақын жол бойынан бір жарым гектар тастақ жерде бой көтере бастаған бұл ерекше жылыжай алдағы күзде іске қосылады деп жоспарлануда. Жаңалықты жатсынбайтындар уақытпен үндескен осындай іргелі жобаларға қаржы салудан тайынбайды. Өйткені, ертең-ақ оның еселеп табыс әкелетініне сенеді.
Құрманбек Әлімжан, «Ақ жол».
Қордай ауданы.