Саясат

Қазақ хандығы ту тіккен өлкеде

Қазақ хандығы ту тіккен өлкеде

арнайы керуен аудандарға жол тартты

«Мәңгілік Ел» идеясы аясында Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған облысымыздың тарих және мәдениет саласының өкілдерінен құралған арнайы керуен аудандарды аралауды бастады. «Қазақ хандығы ту тіккен өлке» атты бұл тарихи-мәдени жоба ұлттық құндылықтарды қастерлеу, тарихты тану, жастардың патриоттық рухын көтеру, жас ұрпақты халқымыздың дәстүрін, мәдениетін және бай мұрасын құрметтеуге бағыттауды көздейді.

Арнайы керуенді облыстық тарихи-өлкетану музейінің алдынан шығарып салу рәсімі ұйымдастырылды. Жиналғандар алдында облыс әкімдігі мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев сөз сөйлеп, барша қазақстандықтардың назарын аударған айтулы мерекеге орай ұйымдастырылған керуеннің қадамына сәттілік тіледі. Сондай-ақ, Айтмұхамбет Исақов бастаған алты айтыскер ақын бір-бір шумақтан арнау айтып, Қазақ хандығының 550 жылдығын, Елбасымыздың «Мәңгілік Ел» идеясын жырға қосты.

Керуен алдымен атбасын Байзақ ауданына бұрды. Құрамында тарихшы, өлкетанушы, мәдениеттанушы, айтыс ақындары және журналистер бар топ қала іргесіндегі аудандағы іс-шараны аудандық тарихи-өлкетану мұражайын аралаудан бастады. Бұл музейде бірнеше ғасырдан бері сақталған жәдігерлер назар аударарлық. Қонақтар осы мұражайдың құнды заттары, арнайы көрмелері арқылы ауданның бүкіл тарихын, зиялы қауымын, мақтаныштарын көз алдарынан тағы бір өткізді. «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалында зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен өткен дөңгелек үстел отырысын аудан әкімінің орынбасары Дулат Сұлтанбеков ашып, жүргізіп отырды. Облыс әкімдігі мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев сөз алып, Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойының тарихи мәніне кеңінен тоқталып, бұл той қыркүйектің ортасында Астанадан бастау алып, қазанның 8-9 күндері Таразда халықаралық ақындар айтысымен, басқа да мәдени іс-шаралармен жалғасын табатынын жеткізді. Сондай-ақ, мәдениет саласының ардагері, драматург Әлібек Әмзеұлы, облыстық қазақ драма театрының директоры Болат Бекжанов тарихи тойдың мәнін терең толғап, той қарсаңында Таразда талай ғимарат жөнделгенін, оның бәрі тараздықтардың игілігіне жасалғанын айтты. Байзақтықтар тарапынан «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының орынбасары Нұржан Тілепов, ардагер журналист Айтқұл Мамытқұлұлы, ақын Қасқырбай Нарбатыр, аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Мырзахан Маханбетов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Рәш Шаметов, аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Дәулет Төлепберген өз ойларын ортаға салып, керуенді ұйымдастырушы тарапқа сұрақтарын қойып, тиісті жауаптарын алды. Бұл отырыстың түйіні Қазақ хандығының тойы еліміздің қай қаласында, қай жерінде тойланса да ол қазақтың тойы, еліміздің өркендегені, мерейіміздің өскені деген ортақ пікірге тоқайласты. Түс қайта байзақтықтар аудандық Мәдениет үйінде облысымыздың маңдайалды ақындарының айтысын тамашалады. Алғаш болып Жамбыл ауданының ақыны Айтмұхамбет Исақов пен тараздық ақын, осы жолдардың авторы Есет Жаңабайұлы, Жамбыл ауданынан Нұрлыбек Құрманов пен жуалылық Қанат Мырзахан арасындағы айтыстар көпшілік көңілінен шықты. Байзақтық Алтынкүл Қасымбекова мен сарысулық Алик Бекмұсаев арасындағы айтыста екі айтыскердің шыңдалған шеберлігі байқалып тұрды. Айтысты өнер жанашыры Әлібек Әмзеұлы қорытындылап, көрермендер атынан айтыскерлерге алғысын білдірді. Сонымен бұл керуеннің Байзақ ауданына арналған іс-шарасы мәресіне жетті. Бұл мәдени-тарихи керуеннің сапары осы аптада Шу ауданында жалғасады.

Есет Досалы, «Ақ жол».

Байзақ ауданы.