Экономика

ҚҰҚЫҚТЫҚ НЕГІЗ БОЛМАЙ ТҰР

ҚҰҚЫҚТЫҚ НЕГІЗ БОЛМАЙ ТҰР

Облысымыз денсаулық сақтау мамандарының тапшылығы бар аумақтың бірі болып табылады. Ол 2011 жылы 280-ді, 2012 жылы 240-ты, 2013 жылы  216-ны, 2014 жылы  175-ті құрады. Бұл мәселені шешу жолы облыс әкімінің 2011 жылғы 4 наурыздағы №83-ө өкімімен бекітілген «Жамбыл облысын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарында» көрсетілді. Сол себептен, С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінде жыл сайын әр ауданнан 3 түлектен жинап, 30 ауыл орта мектептерінің түлектерін оқыту жөнінде шешім қабылданды. Осы мақсатта облыс әкімінің өкімімен жұмысшы тобы құрылған. Жұмысшы орган тарапынан баспасөз беттерінде хабарландыру жарияланып, оқитын студенттер іріктеліп алынды. Бүгінгі күні 114 студент аталған келісім-шарт негізінде білім алуда. Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы» №504 қаулысымен бекітілген қағидаға сәйкес, табысы анықталмай көмек тек мерекелі және атаулы күндерге облыс атқарушы органдар деңгейінде анықталған санаттағы азаматтарға беріледі. Қалған жағдайда әлеуметтік көмек мұқтаж азаматтарға өмірдің қиын жағдайында қалған кезінде, өмірдің қиын жағдайының туындау себебі анықталып, тек аз қамтылған отбасыларына аудан (қала) деңгейінде құрылған арнайы комиссияның шешімімен беріледі. Өмірлік қиын жағдай дегеніміз – азаматтың тыныс-тіршілігін объективті түрде бұзатын, ол оны өз бетінше шеше алмайтын жағдай. Сол себептен, бүгінгі таңда денсаулық сақтау мамандарын даярлауды аудандық бюджеттік бағдарламалар арқылы қаржыландыруға құқықтық негіз болмай тұр. Облыс әкімі К. Н. Көкірекбаевтың тапсырмасына сәйкес, бұл мәселені шешу үшін жұмыс тобы құрылды. Осыған орай, облыс әкімінің орынбасары Е. Н. Манжуов Асфендияров атындағы университет ректорымен және ата-аналармен бірнеше рет кездесу өткізіп, бұл жағдай толығымен талқыланып, оны шешудің бірқатар жолдары белгіленді. Атап айтсақ: аз қамтылған отбасылары санатындағы білімгерлерге арыз негізінде университет тарапынан төлемақыға 20 пайыздық жеңілдіктер беру; жылдық төлемақыны бөліп төлеу; басқа жоғары немесе орта кәсіптік оқу орындарына  (Тараз мемлекеттік педагогикалық институты, Тараз инновациялық-гуманитарлық университеті, Жамбыл медициналық колледжі) ауысуға ықпал ету; ҚР Білім және ғылым министрлігінің Қаржы орталығы арқылы білімгерлерге несие беру. Несие 17 жылға дейін беріледі, төлемдер жұмысқа орналасқаннан бастап төленеді. 2015 жылдың 29 маусым күні аз қамтылған отбасынан шыққан 29 студентке демеушілер арқылы бір семестрінің төлемақысы төленді.

«Ақ жол – Ақпарат».