Саясат

«Әлжан апа» ауылындағы айшықты істер

«Әлжан апа» ауылындағы айшықты істер

Қордай ауылының іргесінен  2013  жылы  сәуір  айында басталған  «Әлжан апа» ықшам  ауданының   құрылысы жалғасуда. Әлжан – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың анасы екені мәлім. Қордай  ауданының  Қасық ауылында туып-өскен сол әз анамыздың атындағы бұл құрылыстың мәнін перзенттерінің анаға құрметі мен халыққа қамқорлығы тұрғысынан бағалауға болады. Бұл игілікті іске бас-аяғы 2,5 миллиард теңге инвестиция құйып отырған Әлжан апаның ұлдарының бірі, танымал кәсіпкер Болат Назарбаевтың қатысуымен тұрғын үйлердің  алғашқы  кірпіші қаланғалы  бері мұнда біраз  жұмыстар  атқарылған. Құрылыстың бас мердігері Тараздағы «Сұңқар» ЖШС-ның құрылысшылары күйдірілген қыш  кірпіштен  қаланған екі қабатты он  үйдің төбесін  жауып, терезелерін  әйнектеп те қойыпты. Енді ішкі әрлеу жұмыстары мен газ, су, электр желісін кіргізу, кәріз жүйесін тарту  қалған. Аумақта тағы он үйдің екінші қабаттарының қабырғалары қаланып жатыр. Одан әріде тағы он үйдің іргетасы құйылып дайын тұр. Құрылыс материалдары негізінен сырттан әкелінуде. Кірпіштің сапалысы Алматыдан, цемент пен шатыр жамылғысы, пластикалық есік-терезелер облыс орталығынан жеткізіледі. Қажетті құрылыс техникалары жұмысқа жегілген. Бүгінде  мұнда вахталық әдіспен жетпістей адам еңбек етуде. Олардың жиырмадан астамы – жұмыспен  қамту  бағдарламасы  бойынша  жіберілген  жергілікті  тұрғындар. Серіктестіктің осындағы учаске басшысы Амангелді  Өндірбаевтың айтуынша, құрылыс жобасы бойынша жаңа тұрғындар қалашығына бөлінген 12 гектар алқапта барлығы осындай жетпіс коттедж  салынбақ. Бір коттедждің ұзындығы – 18,5  метр, ені – 12,5  метрден. Сонда  жалпы тұрғын  алаңы 400  шаршы  метрді  құрайды.  Бір  отбасына  соның  жартысы  тиесілі, бұл аз емес. Учаске басшысы бүгін прораб Ерғали  Жорабаевтың бригадасы жұмыс істеп жатқанын айтты. Бұл ауысымда Жақан Әлімбаев, Әділбек  Қалибаев, Құрбанбек Төлегенов, Асан Досболов, Ордабай Әбілов тәрізді білікті тас қалаушы, сылақшы жігіттер  құрылыстың қарқынымен қатар сапасын да арттыруда екен. Біз телефон арқылы мердігерлік ұйым құрамына кіретін Тараздағы ірі құрылыс  корпорациясының басшысы  Алтынбек  Садырбаевқа: – Екі  жылдан  бері  құрылысы тынбай жүріп  жатқан «Әлжан апа» тұрғындар қалашығында қоныс  тойлары  қашан  тойланады? –  деген  сұрақпен қайырылған  едік. – Алғашқы отыз үйдің құрылысы келесі жылы толық аяқталған бетте төңірегін абаттандырып пайдалануға беруге дайындаймыз. Ортадан бой  көтеретін  алпыс  орындық  балабақшаны  барлық  жарау-жабдық, жиһаздарымен толық қамтамасыз етіп, ауданға сый ретінде ұсынбақшымыз. Бұл жұмыстың бірінші бөлігі болмақ. Сосын тұрғындарға берілген бұл  үйлерді  құрылыс алаңынан қоршаумен  бөліп,  арғы  беттен  қалған қырық коттеджді салуға кірісетін боламыз. Бұл тұрғын үйлердің болашақ тұрғындары Елбасының анасы атындағы сәулеті жарасқан ауылда тұратынын әлі-ақ мақтан етіп айтатын болады, – деді  Алтынбек  Жұмабекұлы.

 Құрманбек  Әлімжан, «Ақ  жол».                                                             Қордай  ауданы.