Денсаулық

«Серпін» сенім сыйлайды

«Серпін» сенім сыйлайды

Білім еліміздегі инвестиция мол құйылатын саланың бірі екені белгілі. Стратегиялық маңызға ие «Серпін-2050» әлеуметтік бағдарлама былтыр мәреден шыққан болатын. Жобаны облыстарда білім және жастар саясаты мәселелері басқармалары бірлесе үйлестіру үстінде. Бағдарлама халқы тығыз орналасқан еліміздің оңтүстік аймақтарындағы (Алматы, Оңтүстік Қазақстан,  Жамбыл, Қызылорда және Маңғыстау облыстары) жастарды маман жетіспеушілігі анық байқалып отырған шығыс, солтүстік және батыс өңірлерде оқытып, жұмысқа орналастыруды діттейді. Осымен байланысты «Серпін- 2050» әлеуметтік жобасы республикалық үйлестіру кеңесінің төрағасы Мұрат Әбенов облысымызда болып, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен баспасөз мәслихатын өткізді. – Бұл бағдарлама ең алдымен, еліміздің экономикалық жағдайын нығайту,  әлеуметтік  мәселелерді шешу мақсатында қолға алынды. Мысалы, еліміздің сегіз өңірінде өндіріс саласы қатты даму үстінде. Жаңа зауыттар, фабрикалар салынуда. Олар толық қуатында жұмыс істеуі үшін бірінші кезекте қаржы емес, білікті мамандар күші қажет. Аталған өңірлерде соңғы жылдары бала туу деңгейі төмендеп, тұрғындары санының ішкі көші-қонның салдарынан азаюы тіркеліп отыр. Бұл үрдіс жоғары және орта арнаулы оқу орындары білімгерлері контингенті шектеулі болуына әкеліп соғуда. Алайда, бұл олқылықтың орнын керісінше бала туу көрсеткіші өте жоғары, тұрғындар саны артуынан балабақша мен мектепте орын жетіспеушілігі, жоғары оқу орындарын бітіргеннен кейін де жұмысқа орналасу мәселесі күрделілене түскен оңтүстік өңірлері жастары есебінен толтыруға мүмкіндік бар. Жоба аясында оқуға түскендер үшін көптеген жеңілдіктер қарастылған. Ол жақта олар оқу бітірісімен бірден жоғары ақылы жұмысқа орналасып, тиісінше әлеуметтік пакетпен де қамтамасыз етіледі әрі кәсіби өсулеріне де мүмкіндіктері бар.  Өткен жылы жоба бойынша студенттерді оқуға  қабылдау барысында бір орынға бес адамнан келді. Бұл болашақ әлеуетті мамандарды конкурстық негізде іріктеп алуымызға мүмкіндік берді. Cоның нәтижесінде бүгінде 2 мыңнан астам студент 7  жоғары оқу орнында – 19, 25 колледжде 35 мамандық бойынша  білім алуда. Нақтырақ айтқанда, белгіленген 2050 орынның 815-і Оңтүстік Қазақстан, 740-ы Қызылорда облыстарына бұйырды. Ал Жамбыл облысы 170-ақ грант алды. Өте аз.  Шараның ресми ақпараттандырылуы әлі  жеткіліксіздеу. Мұнда ат басын бұруымыздың басты себебі де осы. Қалай болғанда да, осынау мемлекеттік ауқымды шарадан өнеркәсібі біршама жолға қойылған Жамбыл жерінің  жастары да қалыс қалмауға тиіс, – деп  Мұрат Абдуламитұлы журналистерді жобаның тұрғындар арасында кеңінен түсіндіріліп, насихатталуы ісіне атсалысуға шақырды. Оның айтуынша,  еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарға оқытуды көздейтін жоба бойынша бөлінетін гранттар саны биыл үш есеге (жоғары оқу орындарына – 5000, колледждерге  – 1200 ), келер жылы бес есеге көбейтілмек. Биыл, сондай-ақ техникалық және ауыл шаруашылық мамандарына басымдық беріліп отыр екен. Бүгінде Тараз мемлекеттік университетінің, Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының, сондай-ақ Жамбыл политехникалық колледжінің базаларында орналасқан жоғарыда аталған өңірлердегі жоғары оқу орындарына, кәсіптік-техникалық білім беру мекемелеріне оқуға қабылдау комиссиялары арқылы  мемлекеттік білім грантының конкурсына жамбылдық талапкерлер де көптеп қатысуда.

Баймаханбет АХМЕТ, «Ақ жол».