Жетімін жылатпаған жұрт едік...
Жетімін жылатпаған жұрт едік...
жарым көңіл жеткіншектеріміздің халі нешік?
Суреттерде бақытты, ал өмірде ше? Шынында да солай. Кейбір баланың бакытты сәттері – тек суреттерде ғана. Ата-ана қамқорлығынсыз есейгенмен, әлі де болса әке мейірімін, ана алақаны жылуының табын сезінгісі келеді. Олардың суреттеріне қарап, көңілдерін бірлейді, жұбанады, бағзы бір бақытты сәттері қайта оралар деп те үміттенеді. Ондай атты күн тууы базбіреулері үшін тіпті де мүмкін емес. Кейбіреулеріне бақыттың күле қарар сәті түсер әлі-ақ. Иә, шынында да, өңірімізде көңілі налалы, көзі жасты жетімдер қанша, осы? Оларға мемлекет тарапынан қаншалықты деңгейде қамқорлық, жәрдем көрсетілуде? «Жетімдерін жылатпаған...» елге айнала алдық па? Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қорғау да білім беруді басқару органдарының басты міндеті екені белгілі. Облыстық білім басқармасының мәліметінде осындай сипаттағы балалар саны 2061 екені көрсетіліпті. Мұндай санаттағы балалар саны мұның алдындағы жылмен салыстырғанда жүзге кеміген. Дәл қазіргі сәтте «Үміт» бөбектер үйінде 0-5 жас аралығындағы 70 бүлдіршін, Қ.Сарымолдаев балалар үйінде – 161, Савва мектеп-интернатында 69, жасөспірімдер үйінде 64 жасөспірім тәрбиеленіп жатқанын білдік. Бұған тастанды және ата-ана қамқорлығынсыз қалған 36 мүгедек баланы және қосыңыз. Сонда барлығы бес жүздің үстінде ғана болып шығады. Өңіріміздегі мемлекеттік мекеме қамқорлығына алынған мұндай санаттағылардың он сегіз жасқа дейінгілерінің ғана «есебін» алғандағы нәтиже бұл. Алда-жалда жоғарыдағы мәліметте көрсетілген цифрға шағар болсақ, өңірімізде оларды тәрбиелеп, балиғатқа жеткізуге арналған мекемелер санын шамамен онға жеткізу керек болар еді. «Балам» дейтін елі болмаса, «елім» дейтін бала қайдан тусын» демекші, аталған санаттағы көкөрімдер үшін қанасын жарып шыққан туған ата-аналарының емес, мемлекеттің, асырауға, қамқоршылық пен қорғаншылыққа, патронаттық тәрбиеге алушы жекелеген азаматтардың аялы қамқорлығы әлуеттілеу болып тұр! Азаматтардың жетім балаларды асырап алуын мемлекет тарапынан көтермелеу шараларының нәтижесінде жоғарыда аталған 2161 баланың бүгінде 1732-сі (80 пайызы) отбасылық тәрбиенің шуағына бөленулі. Соңғы кездері бала асырап алудан үміткер қазақстандық азаматтар қатары да көбеюде. 2013 жылы, міне, мұндай 137, былтыр 235 отбасы тіркелген. Айтпақшы, Қ.Сарымолдаев балалар үйі тәрбиеленушілерінің барлығы бірдей әке-шешесі жоқ тұлдыр жетімдер емес екен... «Әлеуметтік жетімдер» деген кімдер? Бүгінде мұндай санаттағылардың саны аталмыш мекемеде 119-ды құрап отыр. Әке-шешесі бар, бірақ олардың тарапынан қамқорлық жоқ. Қазақылап қайырсақ, «тірі жетімдер». – Олардың әке-шешелерінің 5-еуінде ата-аналық құқығы шектелген, 69-ында ата-аналық құқығынан айырылған, 9-ында ата-анасы сот шешімімен «хабар-ошарсыз» деп танылған, 13-інің ата-анасы – түзету мекемелерінде, яғни бас бостандығынан айырылғандар, 7-еуі психикалық жүйке жүйесінің бұзылуына байланысты ұзақ мерзімге емделуге жатқызылған, 3-еуі «тастандылар»,15-нің ата-анасы іздестірілуде. Міне, осындай себептерге байланысты барлығы да «әлеуметтік жетімдер» қатарына жатқызылып отыр, –дейді аталмыш мекеменің директоры Айжан Мейірханова. «Көкек әке», «көбелек аналардың» сәбилерінен жүзін көрмей-білмей тұрып жерінуін оң-солын байыптай білмейтін жастағылардың қателігіне саярмыз. Ал ұл-қыздарынан саналы түрде бас тартқан үйлі-баранды болған, естияр жастағылардың мынаусы несі? Отбасы жауапкершілігі, отбасы құндылығы деген мәселеге бас ауыртпайтындары байқалады. Жұмыртқасын басып шығару «міндетін» құйттай ғана торғайдың мойнына жүктеуден айылын жимайтын көкектеріңнен несі кем? Мұның түп-тамыры қайдан бастау алуда? Әлеуметтік мәселенің «көкесі» осында. Жалпы, ата-ана құқығынан айыру – алимент төлеуден құтылу деген сөз емес. Ата-ананың баланы асырау міндеті бәрібір сақталады. Мәселенің осы жағы сәл күмәнділеу. Оларды балаларынан асырап-сақтауға қабілетсіз, әрекетсіз болуы себепті айырмай ма? Өз қарақан басын алып жүре алмайтын ата-ана алимент төлеуге ақшаны қайдан табады? «Заң солай. Олардан қандай жағдайда да алимент өндіріледі. Оның балаларының есепшотына дер кезінде түспеуі де мүмкін. Онда қасақана төлемеушілер үстінен қылмыстық іс қозғалмақ. Алимент төлеуге қабілетсіз, ауру-сырқаулы болса, емделуге жіберіледі, тиісінше жұмыс та ұсынылады. Ата-ана қамқорлығынсыз қалған елу баланың туған отбасына оралуы, оларды әлеуметтік жағдайы түзелген ата-аналары қайта қолына алуы, міне, осындай пәрменді шаралардың жемісі», –дейді бұл тұрғыда облыс әкімдігі білім басқармасы балалар құқықтарын қорғау бөлімінің басшысы Мұхтар Керімбеков. Дейтұрғанмен, әлеуметтік ахуалдың төмендігі, «басына тартсаң, аяғына жетпейтін» қу тіршіліктің күйбеңі ересектер арасында ата-аналық парызын орындауға құлықсыздар санын көбейтіп те отыр. Сорақысы сол, соңғы кездері бауыр еті баласын өз еркімен тастанды еткен «көкек» аналарға енді алимент төлеуден қашқан «көкек» әкелер келіп қосылды... Олар біздің өңіріміздің өзінде жүздеп саналады. Әжептәуір қызмет істейтіндері де бар. Осы орайда жалғызілікті аналарға қолдау, көмек көлемі көбейтілсе, артықтық етпес еді. балалар үйлерінде... Балалық шақтың бал дәмінен ерте айырылған осындай балалармен жұмыс қиын да күрделі, жауапты іс болмақ.Сәбилер үйі – мектепке дейінгі мекеме – мектеп жасындағы балаларға арналған балалар үйі тізбегіндегі тәрбие не береді? Әсіресе, 1-3 жас аралығындағы балалардың ата-анасынан шет болуы олардың тұлғалық интеллектісі мен функцияларын қалпына келтіруге келмейтін ауыр жағдайға апарып соқтырады екен. Интернат мекемелерінде тәрбиеленген балалардың көпшілігі өзінің құрдастарына қарағанда психикалық, физикалық дамуы жағынан едәуір кейіндеп қалатыны да жасырын емес. Олардың жүру, сөйлеу қабілеті кеш дамиды әрі жиі ауырады, сабақ оқу мүмкіндігі де төмен болады. Осындай мекемелерде тәрбиеленген балалардың тек 20 пайызы ғана мектептің негізгі оқу бағдарламасы бойынша оқуға қабілетті деген болжамдар бар. Рас, олар қамқорлықтан кенде емес. Мемлекет тарапынан зейнетақы тағайындау орталығы арқылы ата-анасынан айырылғандығы тұрғысынан, ал мүгедектік санатындағылары үшін денсаулығының жарамсыздығына сәйкес жәрдемақылар тағайындалатыны белгілі. Әрбірінің атына есепшот ашылып, өтініш жазылған күннен бастап банк пен балалар үйі қамқоршысының арасында жасалынған келісім-шарт негізінде жинақ қорына бұл қаражат айма-ай тұрақты түсіп, бірден банктің сыйақысымен бірге айналымға (депозитке) жіберіледі. Балалар үйлерінің тәрбиеленушілері осылай қаражат жинақтаудың игілігін де көруде. Соның бір жемісіндей, бүгінгі күні 358 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар тұрғын үймен қамтамасыз етілсе, оның 289-ы балалар үйлерінің түлектері болып отыр... Қайсысы тиімді? Жалпы, жетім балалар қорғаншылыққа 0-14, қамқоршылыққа 14-18 жас аралығында беріледі. Патронаттық тәрбиеге, отбасы үлгісіндегі балалар үйлеріне берілген жағдайда да жетім балалардың он айлық есептік көрсеткіш (19 820 теңге) көлеміндегі жәрдемақысы төленеді. Ал асырап алуда жағдай басқашалау. Баланың аты-жөні, тегі түгел өзгертіліп, асырап алушы атына ауыстырылады. Осымен байланысты отбасына берілетін бір жолғы ақшалай көтермеақы жетпіс бес айлық есептік көрсеткішті құрайды. Отбасы үлгісіндегі балалар үйі басшысына тәрбиеші ретінде айлық жалақы да төленеді және патронаттық тәрбиедегі балаларға берілер жәрдем оларға да көрсетіледі. – Ең тиімдісі - отбасылық тәрбие. «Фостерлік тәрбие» – өзін-өзі тәжірибеде ақтаған жүйе. Патронаттық, отбасылық үлгідегі үй біздің өңірімізде де желісін кеңге жаюда. Олардың тәрбиеленушілерін әлеуметтік бейімдеуге, қанаттандыруға мүмкіндігі әбден жетеді. Балалар үйлерінің санын біртіндеп кеміту, отбасылық тәрбиені дамыту мәселелері бертінде ел көлемінде жалпыұлттық іс-шаралар жоспары қабылданғаннан кейін жаппай қолға алынды. Ал облысымызда сонау тоқсаныншы жылдардың өзінде отбасылық үлгідегі бес-алты балалар үйі болды. Қазіргі таңда екеуі: Ержановтар мен Тимофеевтер отбасылары – жұмыс істеуде. Қалғандары «ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып», үй-жай етіп те үлгерді. Олардан немерелер сүйіп, ақар-шақар тірлік кешуде. Есеновтер отбасының Жаңыл Балтабаевадай былтырғы Сочи паралимпиадасының күміс жүлдегерін тәрбиелеп өсіргенінің өзі неге тұрады?! Қазір Жаңыл – Алматыдағы дене шынықтыру академиясының студенті. Қалай дегенде де отбасы тәрбиесі мықты. Балалар тәрбиешілерінің қамқорлығына бөленіп, отбасылық өмірмен біте қайнасып кетеді. Бұл мемлекеттік мекеменің «тақ-тұқ» тәрбиесінен гөрі шынайы, нағыз өмірдің өзі. Балалар және жасөспірімдер үйлерінен түлеп ұшқаннан кейін де көкөрімдердің біраз қиындықтарға ұшырауы бек мүмкін. Ал отбасы тәрбиесіндегілер ондайдан аулақ, қолдаушысы, тірегі бар. Бізге балалар үйлеріндегі бала санын жыл сайын ең кемі он пайызға азайту міндеттелген. Былтыр 427 болса, биыл олардың саны 335-ке азайтылды, – дейді М. Керімбек. Оның айтуынша, өңірімізде осындай үлгідегі құрылымдарды көбейту тиімді. Өйткені, оларда балаларды тәрбиелеуге кететін шығын мемлекеттік мекемелердегіден анағұрлым аз. Қазіргі жағдайда патронат-тәрбиешілерге айлық жалақыларынан бөлек бір баланы күтіп-бағу үшін олардың тамақтануына, киім-кешегіне, жұмсақ мүкәммалына орташа есеппен жиырма мың теңге көлемінде қаражат төленіп жүр. Алдағы уақытта қолданысқа енгізілуі күтіліп отырған стандартқа сәйкес жан басына шаққандағы әр балаға айына төленетін қаржы көлемі 68-69 мың теңге болмақ. Осымен байланысты жақын арада елімізде жан басылық қаржыландырудың ғылыми әдістемесі де бекітілмек.
Баймаханбет АХМЕТ, «Ақ жол». Түйіндеме: Жетімдер үйлеріндегі көгенкөздердің азаюына соңғы жылдары бала асырап алуда басымдықтың отандастарға берілуі де оң әсер етуде. Жетімі мен жесірін жылатпаған қазақ елінде жетімдер үйі деген тіпті атымен болмаса да құба-құп болар еді. Көңілді күпті еткен мәселелердің күрмеуі шешіліп жатыр, шешіле де бермек. Барлық жақсылық тек балалар үшін болғай!