Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда
Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда
Облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасына қарасты «Жастар орталығының» ұйымдастыруымен ХІ облыстық Дельфийлік ойындары өтті. Тараз қалалық Мәдениет үйінде өткен ашылу салтанатында «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Шәбден Тілеумұрат пен облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Еркебұлан Құралбаев сөз алып, өнерпаздарға сәттілік тіледі. Келесі сәтте «Халықтық ән» аталымымен дәстүрлі өнер додасы басталып кетті. Жалпы, бұл күні 500-ге жуық үміткер19 аталым бойынша жүлделі орындарды сарапқа салды. Дельфийлік ойындар екі жас санат бойынша (кіші және үлкен топ) өткізілді. Дегенмен, «Халықтық ән» аталымына қатысуға бар болғаны 6 өнерпаз ғана ниет білдіріпті. Үлкен топ бойынша өнер көрсетіп, Біржан Салдың «Айтбайын» орындаған таластық Айсұлтан Көпбосын мен Махамбеттің термесін орындаған тараздық Сәбит Мұхамедьяровтың еңбегі қазылар тарапынан жоғары бағаланды. Кіші топта өнер көрсеткен таластық Жұлдызай Әбдікерімнің өнеріне де көпшілік риза болды. Бір айта кетерлігі, «Халықтық ән» аталымына 6, «Академиялық ән» аталымына 3 үміткер ғана қатысса, «Эстрадалық ән» аталымына 50 талапкер қатысты. Дельфийлік ойындар Тараз қалалық Мәдениет үйінде қорытындыланды. Алдымен көпшілікке арналып Гала-концерт ұйымдастырылды. Келесі сәтте жүзден жүйріктерді анықтауға кезек берілді. «Қазіргі заман биі» аталымы бойынша тараздық «Томирис» және «Шұғыла» би топтары жеңімпаз деп танылып, республикалық Дельфийлік ойындардың алғашқы жолдамасын жеңіп алды. «Академиялық ән» аталымы бойынша тараздық Назым Патшабек пен Т.Рысқұлов ауданының өнерпазы Жания Кәрім қазылардың ең жоғары бағасына ие болды. «Эстрадалық ән» аталымы бойынша Ноял Шарипова бірінші орынды олжалады. «Халықтық ән» аталымы бойынша қос таластық Жұлдызай Әбдікерім мен Айсұлтан Көпбосыновтың бағы жанды. «Скрипка» аталымы бойынша Әділет Тұраровтың мерейі үстем болды. «Ұлттық аспап домбыра» аталымы бойынша Ерболат Тауасаровтың еңбегі бағаланды. «Театр» аталымы бойынша тараздық «Жұлдызды үміт» студенттер театры жеңістің жоғары тұғырынан көрінді. «Тележурналистика» аталымы бойынша да шын жүйрікті анықтау оңай соққан жоқ. Дегенмен, тараздық Лаура Рысбек аталым жеңімпазы атанса, екінші жүлде Сымбат Айдархановаға бұйырды. Жас тележурналист Алмат Садуақасов үшінші жүлдені иеленді. «Мектеп бітіргеннен кейін ҚазҰУ-дың журналистика факультетіне оқуға барамын. Бұл жүлде менің ынта жігерімді, сенімімді арттырды», – дейді жүл-дегер Сымбат Айдарханова. Басқа аталымдар бойынша да шын үздіктер топ жарды. Жалпы, бұл байқауға Тараз қаласының және Сарысу, Талас, Т.Рысқұлов аудандарының оқушылары ерекше дайындықпен келгендерін байқатты. Енді 19 аталым бойынша жеңімпаз атанған жерлестеріміз Шымкент қаласында өтетін республикалық Дельфийлік ойындарында облыс намысын қорғайтын болады. Ендеше, жеңістерің мол болсын, жас достар!
Есет Досалы, «Ақ жол».