Бұрын – 7, қазір 13 секунд...
Бұрын – 7, қазір 13 секунд...
Газетіміздің үстіміздегі жылғы 25 сәуірдегі санында жарияланған «Бағдаршам бақылауда ма?» атты мақалада айтылған жай бірқатар көлік жүргізушілерінің қолдауына ие болды. Атап айтқанда, онда Қазыбек би көшесімен облыстық әкімдік жақтан батысты бетке алып келе жатқан көлік Абай даңғылын қиып өтерде бұл бағытқа арналған бағдаршамның «жасыл көзі» бар-жоғы 7 секунд қана жанатындығын, ал осы қас-қағым уақытта әрі кеткенде көліктің екі-үшеуі ғана өтіп үлгеріп, басқаларының кептеліске тап болатыны сыналған еді. Бұл облыстың бас әкімшілік ғимаратында өтетін жиналыстардан қайтқандардың біраз уақытын алатыны белгілі. Осы мәселеге орай редакцияға жолдаған жауабында облыстық ІІД әкімшілік полиция басқармасы басшысының орынбасары Мәмбет Смаилов мекемедегі тиісті бөлім қызметкерлері күшімен аталған көшелер қиылысындағы бағдаршамдарға хронометрлік бақылау жасалып, соның нәтижесінде анықталған жағдайлар бойынша облыстық әкімшілік жақтан батыс бетке, яғни Абай көшесіне шыға бергендегі бағдаршам уақыты 6 секундқа ұзартылғанын жазыпты. Басқарма мамандары «жасыл шамның» жану уақытын бұдан әрі созу қарсы беттегі үлкен жол – Абай даңғылы бойында көлік кептелісін туындатуы ықтимал екендігі ескерілгенін айтады. Дегенмен, қолданылған шара аталған жол қиылысында көлік кептелісінің едәуір реттелуіне мүмкіндік туғызды. Алғысымыз шексіз.