Мәдениет

“Қаратау сарыны” халық құрметіне ие болды

“Қаратау сарыны” халық құрметіне ие болды

Дәстүрлі музыка фестивалі өз мәресіне жетті

фестиваль алғаш рет  2013 жылы елордамыз Астана қаласының 15 жылдық мерейтойына арналса, 2014 жылы  облыстың 75 жылдығына орай жоғары деңгейде ұйымдастырылып, халық қошеметіне ие болды. Фестивальдың екінші күні «Би маржандары» атты би кешінің концерттік бағдарламасын ұсынған мәдени шарада сахна шымылдығын Астана қаласы әкімдігінің  және «Наз» мемлекеттік би театрының қолдауымен өткен II Халықаралық «Баян сұлу» конкурсының Гран-при иегері – «Ақ кербез» би ансамблінің Н.Тілендиевтің «Әлқисса» күйіне қойылған «Шаттық» биімен ашылды. Одан соң аталмыш би ансамблінің бишісі – Ләйлә Жәкішова «Аққу» биімен сахнада өнер көрсетті. Бейне бір айдында қалықтай жүзген махаббат пен сүйіспеншілік құсы көз алдыңызда сылаң қағып, мөлдір теңіздің толқындарына таранғандай күй кештік. Мұқағалидың «Аққулар ұйықтағанда» поэмасының көркем көріністері көз алдымызға келіп, ақынның өзі жырлағандай «Қанатына түскен тамшының өзін ауырсынған» нәзік те сұлу бейнеге би біткенше көрермен көзін суарды. Жиналған жұрт сілтідей тынып, сәл артық қимылдаса аққуды үркітіп алардай әсерде болғаны бишінің аққудың биін биік дәрежеде жеткізе алғандығы болса керек. Одан соң, филармонияның «Ақкербез», «Модерн-балет», «Сымбат» би ансамбльдерінің өнері шараның шырайын кіргізе түсті. Сондай-ақ, «Балауса» цирк ұжымы да «Жонглер» өнерімен көпшілік қауымға көтеріңкі көңіл-күй сыйлай білді. Сонымен қатар, саксофоншы Әлібек Аманның әуенімен тербеліп, әуе гимнастикасында өнер көрсеткен Толғанай Әбдіқалықованың орындауындағы «Ақ жаңбырлар» композициясы, Франция мемлекетінің  Град Бургас қаласында өткен VI Халықаралық «Атлант жауһазыны – 2015» би фестивалінің бас жүлдегері – Айдос Хожановтың орындауындағы «Алтын Самұрық»  билері де көрерменге ерекше әсер сыйлады. Фестивальдың соңғы күні филармония ұжымы күймен тебіреніп, би өнерін тамашалаған жұртшылықты құлақ құрышын қандырарлық әнге сусындатуды мақсат тұтты. Бұл ән мерекесінің бір ерекшелігі барлық әндердің жанды дауыста шырқалуы болды. Ән әлемінің шымылдығы түрілісімен ортаға ҚР еңбек сіңірген қайраткері, облыстық филармонияның директоры, жезтаңдай әнші Сәуле Жанпейісова бастаған бір топ дәстүрлі әншілер кезектесе ән әуелетті. Бақыт Шағырбаев, Қарлығаш Жамбаева, Жақсылық Қалтешов, Ерлан Ибаділдаев, Әділет Әбдікерімов сынды дәстүрлі әннің күміскөмей әншілері кең залдағы елді баурап алды. Әсіресе, Әділет Әбдікерімовтің «Меркі» туындысын қалған әншілер де қосылып, оған көрермен қауымның соққан  шапалағы әннің асқақтай түсуіне сеп болды. Одан өзге бұл кешке Шымкент қаласынан қонақтар келіп, қаламыздың киелі сахнасында өнерлерін көрсетті. Шымкент қаласының Жамал Омарова атындағы №1 «Саз» мектебінің мұғалімі Майра Битемір Кенен Әзірбаевтың «Басты өлеңін» шырқап, шәкірттері Жұлдызай Тұрғынбек пен Сұлтан Мейірбек те көпшілік күткен шығармаларды орындады. Сондай-ақ, филармонияның дәстүрлі және эстрада әншілері де әуелеген әнді бір сәт толастатқан жоқ. – Ұлтымыздың музыка өнерін халыққа кеңінен насихаттап, асыл мұраны дәріптеп жүрген Жамбыл облыстық филармония ұжымы көптеген игілікті іс-шараларды атқарып жатқанына куә болып жүрміз. Жас ұрпақтың ата мұраға деген құрметін арттырудағы еңбегі орасан зор деп айтқым келеді. Әсіресе, өзіміз бала күннен тыңдап өскен Сәуле Жанпейісованың да еңбегі зор. Дәстүрлі музыкамызды шебер орындайтын жас орындаушыларды айқындап, өнер әлеміне жаңа есімдер ашып, халыққа танытуда жақсы еңбек етіп келеді. Осы дәстүрлі музыка арқылы басқа да облыс өнерпаздарымен  шығармашылық байланыс орнату жолында еңбек етіп жүрген ұжымның істеріне жеміс тілейміз, – дейді  Шымкент қаласының Жамал Омарова атындағы №1 «Саз» мектебінің мұғалімі Майра Битемір. Фестивальдың соңғы күні мерекелі шараның жоғары деңгейде өтуіне септігін тигізген барша өнер иелеріне алғыс хат тапсырылып, марапаттау рәсімі болды. Осылайша, үшінші рет өткен қазақтың халық өнерін асқақтататын мерекелік думан дәстүрлі және эстрада әншілерінің концертімен өз мәресіне жетті.

Наурызбек САРША, «Ақ жол».

Тараз қаласы. Суретті түсірген Ақәділ Рысмахан.