Денсаулық

Айлардың сұлтаны – рамазан

Айлардың сұлтаны – рамазан

Ардагерлер бас  мүфтидің  үндеуіне  үн  қосуда

Ғасырлар тоғысында атадан балаға мирас болып келе жатқан асыл дініміз – Ислам өркендеп келеді. Ақиқаттың өзегі болған Құран мен сүннет жолын ұстану қазақ халқының маңдайына жазылған бақ деп білемін. Рухани сергелдеңге кетірген Кеңес дәуірі тозығына жетіп, көк байрағымыз көгімізде желбірегелі ата дініміз еркіндікке қауышты. Бүгін де жастардың иман жолымен жүруі өте қуантарлық. Иманды жас барда, жарқын болашақ бар деп сенемін. Мұсылман елі үшін Алланың сый еткен мерекелері үлкен нығмет. Оның ішінде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) үмбетінің айы – Құран айы. Ай мен күн алмасып, он екі айдың сұлтаны, айлардың қасиеттісі мүбәрак Рамазан төрімізге жайғасты. Бұл ай үлкенге де кішіге де, қарт пен жасқа да ерекше қастерлі. Иман келтіргендер ораза ұстап, жамандықтардан тыйылады, өздерін тақуалыққа тәрбиелейді. Адамдардың қарым-қатынасы жақсара түседі. Өкінішке қарай, мына өмірде кездесіп қалатын өкпе, араздық бұл айда көбіне жайына қалып, өзара сыйластық, мейірімділік мерейі өседі. Қарттар марқайып, жастар бой түзейді, ой түзейді. Бүлдіршіндер жарамазан айтып, Алла деген адамның жүрегін елжіретіп тәрбиемен сусындайды. Мешіттер иманды қауымға толып, үздіксіз Алла сөзі Құран оқылады. Осы айға байланысты шыққан Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы хазіреттің Үндеуін үлкен ықыласпен оқып шықтым. Ондағы қозғалған қай-қайсы мәселелер болса да өте орынды деп білемін. Сауабы еселеніп жазылатын айды халық болып игілікке толтырсақ  нұр үстіне нұр болмақ. Бас мүфти ұсынып отырған іс-шаралар имандылардың ғана емес, күллі отандастарымыздың арасындағы ынтымақ, бірлікті одан ары нығайтып, бекемдей түсуге ықпал ететіндігі күмәнсіз. Осынау екі дүние үшін де сауабы аса мол игілікті істерден біздің өлкемізді мекендеп, өмір кешіп жатқан бірәдәрлардың қай-қайсысы болса да сырт қалмас деп сенемін.

Арғынбай БЕКБОСЫН, ақын, жазушы, қоғам қайраткері.