Саясат

Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі

Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі

Облыс  әкімі  Кәрім көкірекбаев  өңір журналистерін  төл  мерекелерімен  құттықтады2

Таразда «100 нақты қадам – қазақстандық біртұтастық» деген тақырыпта тұңғыш рет журналистер форумы өтті. Әрқашан елдік мүддені жоғары қоятын бұқаралық ақпарат құралдары  өкілдерінің мемлекеттік мәселені көтерген жиында бас қосуы заңдылық. Бір жағынан, 28 маусым – байланыс және ақпарат қызметкерлері күніне орай ұйымдастырылған шараны қаламгерлердің ел дамуының нақты 100 қадамы белгіленген Ұлт жоспарына үн қосуларының жаңа формасы деуге де болады. Форумға облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев қатысып, БАҚ өкілдерін төл мерекелерімен құттықтады. – Байланыс және ақпарат қызметкерлері күні қарсаңында облыс журналистері форумы Тараз қаласында алғашқы рет өткізіліп отыр. Баршаңызды төл мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Облыс қаламгерлерінің Елбасының 5 институттық реформасына арналған бұл форумның маңызы зор деп ойлаймын. Бүгінде барлық атқарушы органдар мен сала қызметкерлерінің алдында Ұлт жоспарын жүзеге асыру және нақты жетістіктерге қол жеткізу міндеті тұр. Атқарушы биліктің де, баспасөздің де мақсаты бір. Ол –бірлігімізді бағалап-сақтау, билік пен қарапайым халықтың арасында айнымас сенім қалыптастыру арқылы Мәңгілік Ел болу. Бұл ретте бұқаралық ақпарат құралдарының белсенді қызметі қажет. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқандай, бұқаралық ақпарат құралдары қоғамды алға жетелейтін негізгі күшке ие, – деді Кәрім Нәсбекұлы. Қаламгерлер форумы Шерағаңның «Журналистің арқалағаны – алтын, жегені – жантақ» деген сөзінде қаншалықты салмақ жатқанын тағы бір дәлелдеді. Сала мамандарының мереке деп әсіре думанға ерік бермей, мемлекетшілдіктің үлгісін көрсетіп, елдік тақырыпты қозғауының өзі көп нәрсені аңғартқандай. «Парасат» орденінің иегері, облыстың Құрметті азаматы, жазушы-журналист Арғынбай Бекбосын форумда сөйлеген сөзінде осыған айрықша тоқталды. «Өз басым бүгінде бұқаралық ақпарат құралдарынсыз өмір сүретін бірде-бір адамды кездестірген емеспін. Барлық ақпаратты біліп отыру, сондай-ақ, барша жағдайды танып-білу, соны сүзгіден өткізіп, заманға байланысты ой қорыту – журналистер жұмысының жемісі. Сондықтан, қаламгерлер мерекесін халықтық мейрам десек, қателеспейміз», – деді Арғынбай Бекбосын мерекемен тұспа-тұс өткізіліп отырған форумның өзі журналистердің қоғамдағы орнын айқындап отырғанын меңзеп. Журналистер форумда Ұлт жоспарын жүзеге асыруға байланысты ұсыныстарын айтып, облыстағы бұқаралық ақпарат құралдарының бұған қалай үлес қосып отырғанын сөз етті. Жазушы-журналист Мақұлбек Рысдәулет, республикалық «Қазақстан» телерадио корпорациясының облыстағы филиалының директоры Мейрамбек Төлепберген, облыстық «Знамя труда» газетінің жауапты хатшысы Көкен Оршабеков үздік отыздыққа бастап барар 100 нақты қадамға қатысты ойларын ортаға салды. Иә, Мейрамбек Төлепберген айтқандай, мемлекетшілдіктің үлгісін танытуда журналистер ақпараттарды сүзгіден өткізіп, билік пен халықтың арасында алтын көпір болуда, елдік мәселені көтеруде адалдық танытуы, тиісінше қаламгердің еңбегін бағалауда қоғамдық тұрғыда адалдық қажет. Онсыз қате пікір, кереғар көзқарас қалыптасатыны анық. Сондықтан, атқарушы билік тарапынан әрқашан БАҚ өкілдерін дұрыс ақпаратпен қамтамасыз етуде белсенділік танытылуы керек. Осы жағынан алғанда біздің өңірде үлкен мәселелер жоқ деуге де болады. Аймақ басшысы әрқашан журналистерге оң қабақ танытып, қолдау көрсетуде. Қаламгерлер форумында Кәрім Нәсбекұлының бірқатар сала мамандарын облыс әкімінің Құрмет грамоталары және Алғыс хаттарымен марапаттап, бірнеше БАҚ ұжымдарына арнайы сыйақы тапсыруы – осы сөзіміздің айғағы. Облыс басшысы БАҚ-пен байланысты нығайту үшін әрі тұрғындардың дұрыс ақпаратқа қолжетімділігін арттыру мақсатында Орталық коммуникациялар қызметінің өңірдегі филиалын ашуды жоспарлап отырғанын айтты. Бұл қадам бүгінде бюрократтыққа басатын кейбір мекеме басшыларына тосқауыл болатыны анық. Форумда облыстық мәслихат хатшысы Бағлан Қарашолақов еңбегімен еленген бірқатар журналистерді облыстың Құрмет грамотасымен марапаттады. Республикалық басылымдар мен телеарналардың өңіріміздегі меншікті тілшілері де бұл күні сый-сияпатсыз қалған жоқ. Облыстық ішкі саясат басқармасы оларға жылдағы дәстүр бойынша сыйақы тапсырып, құрмет көрсетті. Соңында облыстық филармония ұжымы ән мен күйден шашу шашып, мереке иелеріне шаттықты көңіл-күй сыйлады.

Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.