Мәдениет

Сарысу сазы

Сарысу сазы

Мерекелік шара театрландырылған сахналық көріністен бастау алды. Онда тәуелсіз елдің жас ұланының жер-ана кейпіндегі  ақ жаулықты әжемен диалогы түрде өрбіген әсерлі сәттік оқиғалар тізбегі әдемі ымдасып-жымдасқаны көңілге қонды. Арманы алысқа жетелеген жас ұланның қазақ тарихындағы хандар мен билер, жыраулар, шешендермен кездесіп, өз арманын олармен бөліскені, баталарын алған сәттері жарасымды шықты. Әсіресе, Қазақ хандығының негізін қалаған Керей мен Жәнібек хандармен жүздесіп, олар құрған хандықтың бұл күні өркендеп қарыштағаны туралы ақтарыла айтып, еліміздің асқан асулары мен жеткен биіктерін мақтанышпен жеткізгені көрермендердің көзайымына айналды. Осындай ойлы композицияға құрылған көріністі көпшілікпен бірге облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов тамашалады. Тарих тереңінен сыр шерткен көріністен соң  ауданның ғана емес, облысымыздың атын асқақтатып жүрген сарысулық белгілі айтыскер ақын Алик Бекмұсаев жыр-термелердің әуезді ырғағымен өзінің айтулы мерейтойға деген жүрекжарды арнауын  қазақтың қара домбырасымен әуелеткенде сүйсінбеген халық қалмады. Бұдан соң, Ерқанат Нұрбапаұлы ауданның он саусағынан өнер тамған суретші, зергер-шеберлерінің әзірлеген көрмесімен танысты. Көрмеде ауданның мерейін тасытатын көптеген көз тартатын  дүниелер орын алған десек, соның ішінде Игілік ауылының қариясы Балтабай Дәуірбектің қолынан шыққан қазақтың қара домбырасына жұрт көбірек қызығушылық танытты. Балтабай Бекболұлы бұл көрмеге он шақты домбыра алып келгенін айтып, оның жасалу жолдарымен бөлісті. – Жастайымнан ағаштан  түрлі бұйымдар жасауға әуестеніп өстім. Содан ақырындап домбыра жасауға бел байладым. Бұл ұлттық саз аспабының құрастырмалы және қашалған екі түрін де жасай беремін. Оларды көңілім ауғандарға сыйға берсем, көбіне сатып кәсібімнен нәсібімді айыруға тырысамын. Қасиетті қазақтың домбырасын жасауды қазіргі таңда ұлдарыма үйретіп келемін, – деді Б.Бекболұлы. Сондай-ақ, бисер-моншақтардан әшекей бұйымдарды әзірлеп алып келген Ақерке Нұрмағамбетованың өнері де көрушілерді бейжай қалдырмады. Мейрамгүл Ұзақова, Айнұр Түсіпбаевалардың қазақы қалыппен әдіптелген құрақ-көрпешелері, жастық-бөстектері де өз кезегінде жоғары сұранысқа ие болып жатқанына куә болдық. Онға жуық құрақ-көрпешесін көрмеге ұсынған  Айнұр бұл тоқыма-тігіншілік анасынан дарығанын айтып, қашанда оймағын саусағынан тастамайтынын жеткізді. Ол бұл дәстүрлі өнерді оқушы қыздарға үйретіп жүргенін тіліне тиек етті. Бұдан соң тараздықтар саябақтың сахна орнатылған алаңшасына жиналып, сарысулық өнерпаздардың дайындаған концерттік бағдарламасын тамашалады. Бағдарлама барысында әсем ән, күмбірлеген күй, мың бұралған бишілердің биі де қонақтардың ықыласына ие болып жатты. Құрманғазының «Балбырауын» күйін бір деммен орындаған Жаңатас балалар өнер мектебінің қазақ-ұлт аспаптар оркестрінің  өнеріне тәнті болысқан тыңдарман дәстүрлі әнші Сәуле Жанпейісованың «Қаратау» әнін  тебірене орындаған Н.Халықов, Р.Өтембаев, Ғ.Терекбаевтарға да алғыстарын жаудырды. Сүгірдің термесін өз иірімінен аспай төкпелете жөнелген ауданның жас жезтаңдайы Балнұр Аққубайдың орындау шеберлігі де көпшілікті елең еткізді. Мерекелік кеш Ескендір Хасанғалиевтің  «Жасай бер, Қазақ!»  әнімен түйінделді.

Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».