Экономика

Ел ырысы отқа оранбасын

Ел ырысы отқа оранбасын

Жаздың алғашқы айының екінші жартысында күн күрт ысыды. Осы аптап ыстықтың түсуімен аудандарда астыққа орақ түсті. Қазір күн тәртібінде ел ырысы – алтын дәнді ысырапсыз жинап алу өткір тұр. Сондықтан да облыс әкімі аппаратының дәстүрлі апталық кеңесі осы мәселеге арналды. Кеңесті облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев ашып, облыс әкімінің орынбасары болып жаңадан тағайындалған Абдалы Нұралиевтің еңбек жолымен таныстырды, ауыл шаруашылығы мәселелерімен айналысатын жаңа орынбасарына бірқатар міндеттер жүктеп, қызметіне сәттілік тіледі. Абдалы Тоқбергенұлы өзіне сенім көрсеткен облыс әкіміне ризашылығын білдіріп, бар күш-жігермен еңбек ететінін жеткізді. Аппарат кеңесінде «Егін ору науқаны барысы және өрт қауіпсіздігі шаралары туралы» облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бейбітбек Жайлыбаев хабарлама жасады. Хабарламашының мәліметіне қарағанда, Ауыл шаруашылығы министрлігі, облыс әкімдігі, «КазАгро» және «Казагроинновация» акционерлік қоғамдары арасындағы ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыру туралы жасалған меморандумға сәйкес, 2015 жылдың өнімі үшін облыста ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқаптары 557 000 гектарды құрап, өткен жылдың жоспарымен салыстырғанда 12 400 гектарға немесе 2,4 пайызға ұлғаяды деп жоспарланған. Одан әрі хабарламашы аудандардың берген мәліметтері бойынша облыс бойынша қанша гектар жерге күздік бидай, жаздық масақты дақылдар, басқа да өнім егілгенін слайд арқылы көрсете отырып, айтып берді. Жоғарыда сөз болған меморандумға сәйкес, Мойынқұм ауданынан басқа аудандардың барлығы жоспарды толық орындап, 581 900 гектар егістік алқабы игерілген, меморандум 104,3 пайызға орындалыпты. Облыс бойынша 237 500 гектар масақты дәнді дақылдар егін орағына түседі деп жоспарланыпты. Оның 103 900 гектары күздік бидай болса, 132 900 гектары жаздық масақты дақылдар екен. Хабарламашы орақ науқанына түсетін техникалардың санына, маркасына дейін баяндап шықты. Өрт қауіпсіздігі шараларына да тоқталып өтті. Облыс әкімі мәселені қабырғасынан қойды. «Аудандардан алған мәліметті жинағанша неге өздеріңіз барып, науқанды көзбен көрмейсіздер?» деді. Өрт қауіпсіздігі туралы қосымша хабарлама жасаған облыстық төтенше жағдайлар департаменті мен облыстық әкімдіктің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшылары Бағдат Данилов пен Серік Қойбақовтың мәліметтеріне де облыс әкімі қанағаттанбады. – Комбайндардың өрт қауіпсіздік сақтайтын жабдықтары бар ма? Күннен де, жауын-шашыннан да, тіпті судан да беріп жатыр. Алланың берген ризығын жинап алуымыз керек.  Абдалы Тоқбергенұлы күндіз-түні ұйықтамай жұмыс істеу қажет. Егін орағына байланысты әр ауданнан комиссия құруды тапсырамын. Кеше Жуалы ауданына бардым. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық жолының іргесі жыртылмаған. Ол не ауданға, не басқарма басшысына керек емес пе?  Былтыр Меркі ауданындағы өрттің салдарынан үш адам мерт болды. Биыл шөптің қалың өскені соншалық «Джип» көлігі көрінбей қалды, – деді облыс әкімі. Кәрім Нәсбекұлы С.Қойбақовқа өрт қауіпсіздігіне пайдаланылатын бір ұшақ пен бір тікұшақ арнайы ереже бойынша ұшатындықтан, Меркі және Т.Рысқұлов аудандарының тау шатқалдарын әуеден бақылау үшін Ауыл шаруашылығы министрлігіне тікұшақ сұрап, хат жазуды тапсырды. Облыс әкімі шөптің биыл ырғын шыққанын пайдаланып, мал азығының екі-үш жылдық қорын жинап алу қажет екенін атап көрсетті. Ал өрт қауіпсіздігін сақтау жоғарыда аттары аталған басқармалар мен департаменттің ғана міндеті емес. Облыс аумағынан өтетін темір жол мен автожолға жауапты мекемелердің де міндеті. Мәселен, пойызда кетіп бара жатқан жолаушы немесе тепловоз машинисі темекі тұқылын тастай салса, соның зардабының өзі орасан болады. Автожолда да солай. Сондықтан осы екі салаға жауап беретін мекеме басшылары да өрт қауіпсіздігін сақтауда атқарылып жатқан жұмыстарымен бөлісті. Селекторлық режімде өткен аппарат кеңесінде аудан әкімдері де сөз алып, өздері басқарып отырған өңірлердегі егін жинау науқанының басталуы жайлы хабардар етті. Кейбір аудан әкімдері шешімін күткен проблемаларды да алға тартты. Облыс әкімі көмек сұраған аудан әкімдерінің мәселесін шешуді тиісті мекеме басшыларына тапсырды. Облыс әкімі аудандардағы су қоймалары мен каналдардағы судың мөлшеріне дейін сұрап, біліп отырды. «Жергілікті атқарушы органдардағы нормашығармашылықтың кейбір мәселелері туралы» облыс әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық бөлімінің басшысы Хыдыр Бегалиев хабарлама жасады. Кеңес жұмысын қорытындылай келе, алда атқарылатын жұмыстардан хабардар еткен облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев бірінші орынбасары Бекболат Орынбековке, орынбасарлары Абдалы Нұралиев, Ерқанат Манжуов және Тимур Жанкеге бірқатар міндеттер жүктеді. Жауапты науқан – егін орағын ұйымшылдықпен өткізуді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына, басқа да тиісті мекеме басшыларына және аудан әкімдеріне міндеттеді.

Амангелді ӘБІЛ, «Ақ жол».