Экономика

Кіріс көп болса...

Кіріс көп болса...

Халықтың  әл-ауқаты  жақсара  түседі

Мемлекет басшысының «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауы жаһандық дағдарыс кезінде Қазақстанның қалыпты дамуын қамтамасыз етуді меже тұтқан стратегиялық құжат ретінде тарихқа енді. Жолдау талаптарын орындау мақсатында облыста әр салада қарқынды жұмыс атқарылып жатыр. Бұған дейін облыстық әкімдіктің басқармалары Жолдау жарияланғалы бері атқарған және алдағы атқарылатын жұмыстары туралы баспасөз мәслихатын өткізіп келсе, облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаменті түсіндіру жұмыстарын жүргізу басқармасының басшысы Әділбек Әлішов та республикалық, облыстық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесіп, ашық-жарқын пікірлесті. Басқарма басшысы сөз алып, департамент бойынша құрылымдық өзгерістер туралы айта келе, мемлекет тарапынан шағын және орта бизнес саласына жасалып жатқан қамқорлықтың, кәсіпкерлерді қолдау шараларының кеңейіп жатқанын атап көрсетті. Осындай жан-жақты көмек пен қолдаудың нәтижесінде кәсіпкерлер және басқа да салық төлеушілер ел қазынасын толтыруға айтарлықтай үлес қосып жатқан көрінеді. Мәселен, 2015 жылдың бірінші тоқсанында департамент және оның аумақтық құрылымдарының мемлекеттік бюджет жоспарын орындау көрсеткіші жоспардағы 12,7 миллиард теңгенің орнына 13,9 миллиард теңге болып, 109,6 пайыз орындалған. Оның ішінде республикалық бюджеттің орындалуы 106,5, жергілікті бюджет 111,0 пайызды құраған. 2015 жылы республикалық бюджет түсімін ұлғайту мақсатында департамент тарапынан қосымша түсімдер мүмкіндіктерін іздестіру жөнінде іс-шаралар жоспары әзірленіп, биылғы жылдың 4 айында бюджетке 1503,1 миллион теңге қосымша түсім түскен. Салық қарыздарын, міндетті зейнетақы жарналары мен әлеуметтік төлемдер қарыздарын өндіру бойынша іс-шараларды жүргізу мемлекеттік кірістер органдарының мемлекеттік бюджетті толтыру мақсатындағы жұмыстарының маңызды бағыттарының бірі болып табылатынын да атап көрсеткен Ә.Әлішов бұл жұмыста да атқарылған шаруаны тарқатып айтып берді. Облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаменті салық төлеушілер мен сыртқы экономикалық іс-қимылдарға қатысушылардың салық және кеден заңнамаларын ерікті түрде сақтауы, салықтарды, кедендік және өзге де міндетті төлемдерді төлеуден жалтарумен күрес тиімділігі деңгейін арттыру мәселесіне қатысты жұмыстардың қалай жүзеге асып жатқанынан да журналистерді хабардар етті. Қазір департаментте 22 басқарма бар. Ә.Әлішов осы басқармалардың атқарып отырған жұмыстарына тоқталды. Әр басқарма басшысы бұқаралық ақпарат құралдарында атқарып жатқан жұмыстары туралы мақалалар жариялап тұратынын  еске салған ол, департамент Жолдау талаптарын орындау үшін алдағы уақытта да қажырлықпен еңбек ете беретінін жеткізді. Басқарма басшысына базарлардан түсетін салық көлемі, салық төлеуден көш соңында қалып қойған аудандар, облыс аймағынан өнім өндіріп, салықты  басқа өңірлерге төлейтін компанияларға қандай шаралар қолданып жатқаны және басқа да сұрақтар қойылды. Ә.Әлішов журналистердің сұрақтарына нақты жауаптар қайтарды.

Амангелді ӘБІЛ, «Ақ жол».