Әлеумет

Жайың қалай, «ЗЕРБҰЛАҚ»?

Жайың қалай, «ЗЕРБҰЛАҚ»?

«Зербұлақтың»  жайы жамбылдықтарға жақсы таныс. қала тұрғындары жаз сайын көлдің жай-күйін айтып, дабыл қағады да жатады. Енді қайтсін, аптап ыстықтан жан шақыратын жалғыз жағажай осы болған соң. Айдын көлдің суына шомылудың пайдасын білетіндер табиғат байлығы бағаланбай жатқанына жаны күйетіні анық. «Зербұлақ» атанғалы бері бұрынғы Комсомол көлінің басына қанша рет қара бұлт үйірілді. Қараусыз қалып, көл беті қоқысқа толғанда бір кездердегі  Пионер көлі секілді тартылып кетер ме екен деген қауіп те болған тұрғындардың көңілінде. Сондықтан, жанұшыра дабыл қаққан. Соның нәтижесі шығар, «Зербұлақты» «жоғалтқан» жоқпыз, әйтеуір. Десе де, айдын көл мен жағажайдың тазалығы туралы мәселе бар әлі де. 5 6Негізі, ресми түрде «Зербұлақтағы» шомылу маусымы басталып кетті. Рамазан айы болғандықтан ба, әлі тұрғындар тарапынан көлге қатысты шағым түсе қойған жоқ. Дегенмен, бұл мәселе назардан тыс қалмауы керек. Сондықтан, «Зербұлақтың» жай-күйін зерделеу үшін біз сонда бардық. Ойлағанымыздай, көл басында адам аз болып шықты. Екі-үш адам жағажайдағы тұрғындар тастаған қоқыстарды тазартып жүр. Шомылу маусымының басталғанынан хабар беріп, көл ортасында шектеу белгілері қойылыпты. Былтырғыға қарағанда, жағажай айналасы біршама ретке келтірілгені байқалады. Көлдің батыс жақ жағалауында екі катамаран қаңтарулы тұр екен. Шамасы, жақын күндердің бірінде балдыр сүзген сияқты. Әйтеуір, кеше немесе бүгін атқарылған тірлікке ұқсамайды. Себебі, көлдің шлюз орнатылып, жағалауы цементтелген солтүстік-батыс жағы тазартылып, оңтүстік-шығысына кісі қолы тимегені көрініп тұр. «Жасыл Ел – Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Әлім Жусанбаевқа қайырылғанымызда, «Зербұлақ» көлінде шомылу маусымына дайындық жұмыстары жүргізілгенін айтты. Көл басына күзетші қойылып, медициналық пункт  ашылыпты. «Біз былтыр бұқаралық ақпарат құралдарында көтерілген мәселелердің  барлығын зерделеп, тиісті шаралар қабылдадық. Толықтай демеймін, абаттандыру, тазарту, қалпына келтіру жұмыстары 65-70 пайызға орындалды. «Зербұлақты» күтіп-ұстауға өткен жылы 6 миллион теңге бөлінсе, биыл 8 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді. Былтыр жағалаудағы бетон жарылып, шомылуға келгендердің табанын тіліп кетіп, жарақат алып жатты. Сол кемшіліктерді жойып, ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Төрт орындық, 5 қоқыс жәшігін орнаттық. Батыс жағалауына құм төседік. Екі терең құбырлы сусорғысын жаңарттық. Насостың қалыпты жұмыс істеп тұрғанын үнемі қадағалап отыру үшін білікті маман шақырттық. Ол бұрын осында жұмыс істеген екен. Айлық жалақының аздығына байланысты кетіп қалыпты. Жалақысын өсіріп, келісімге келдік», – дейді Әлім Октябрұлы. Иә, былтырғыға қарағанда біршама өзгерістер барын біз де аңғарғанбыз. Бірақ, айдын беті күн сайын болмаса да, күнара тазартылып тұрғаны жөн секілді. Судың ластығы көңілге кірбің ұялатып қана қоймайды, денсаулыққа да зиян емес пе? Облыстық денсаулық сақтау басқармасының төтенше жағдайлар, мемлекеттік құпияларды қорғау бөлімінің басшысы  П. Үсіпбеков  өзендер мен көлдерде, тоғандарда, тоқтау сулар мен шалшық суларда инфекциялық аурулардың қоздырғыштары, мәселен іш сүзегі – 183 күн, дизентерия  – 12-92 күн, оба – 4-92 күн, туляремия – 7-31 күн, бруцеллез – 4-45 тәулікке дейін өмір сүретінін айтады. Сондай-ақ, мас күйінде суға түсу адам өміріне қауіп төндіреді дейді. Бір жылдары жергілікті баспасөз беттерінде «Зербұлақтың» экстрималды аймаққа айналғаны туралы мәселе көтерілген. Көл жағасында ішімдік ішіп, көңіл көтеретіндер де көбейген. Мұның арты келеңсіз оқиғаларға ұласқаны да жасырын емес. «Жасыл Ел – Тараз» ЖШС директорының айтуынша, былтырдан бері жағажайда ішімдік ішуге қарсы күрес қарқынды жүргізіліп жатқан көрінеді. Соның арқасында біршама тәртіп орнады дейді. Демалыс аймағының айналасы ретке келтірілгені жақсы. Дегенмен, көлдің тазалығын естен шығармау керек-ақ. Себебі, жұрт «Зербұлаққа» ең бірінші суға шомылу үшін келеді. Ал судың тұнықтығы – денсаулықтың кепілі.

Ардақ Үсейінова, «Ақ жол». Тараз қаласы. Суретті түсірген Ақәділ Рысмахан.