Саясат

Кадрдың қадірі қалтқысыз қызметімен артады

Кадрдың қадірі қалтқысыз қызметімен артады

Мемлекеттік қызметтің мәртебесін көтеру мақсатында 2013 жылы Елбасының Жарлығымен 23 маусым Мемлекеттік қызметші күні болып белгіленген болатын. Биыл бұл мереке екінші рет аталып өтті.  Осы айтулы датаға орай облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың қатысуымен Тараз қалалық Мәдениет үйінде салтанатты жиын ұйымдастырылды. Шара басталмас бұрын жиылған жұртшылық назарына  мемлекет қызмет саласындағы реформалар мен олардың оңды нәтижелері, Елбасы ұсынған  100 нақты қадамнан туындайтын жаңа міндеттер туралы бейнекөрсетілім ұсынылды. Салтанатты шарада облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев мемлекеттік қызметшілерді төл мерекелерімен құттықтап, сөз сөйледі. – Кез-келген қоғамда мемлекеттік басқарусыз, яғни мемлекеттік қызметшілерсіз әрекет ету мүмкін емес. Мемлекеттік қызметші – өркениеттің өріне қадам бастаған мемлекеттің ең басты тірегі, оның идеясы мен саясатын алға апарушы. Сондықтан да ұлт мәртебесін көтеретін, ел абыройын асқақтататын мемлекеттік қызметші болу – мәртебелі міндет. Өйткені, билікке деген сенім мемлекеттік қызметтен басталады. Сіздерді тәуелсіз еліміздің өміріндегі айтулы мереке – Мемлекеттік қызметшілер күнімен шын жүректен құттықтаймын, – деді Кәрім Нәсбекұлы. Мұнан соң облыс басшысы мемлекеттік қызметтегі жемісті еңбегі үшін бірқатар азаматтарға «Үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгісі мен Құрмет грамоталарын салтанатты түрде тапсырды. Келесі кезекте сөз алған мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі облыстық департаментінің бастығы Мақсат Қожабаев Агенттік төрағасы Қайрат Қожамжаровтың мерекелік құттықтауын оқып берді. Өзінің ізгі лебізімен бөлісті. Департамент басшысы мұнан соң  жас мемлекеттік қызметшілерге арналып еліміз бойынша тұңғыш рет өткен «Біздің міндет – халыққа қызмет» атты байқаудың жоғары деңгейде өтуіне белсене атсалысқаны үшін Меркі ауданының әкімі Бақтияр Көпбосыновты Алғыс хатпен марапаттады. Сонымен қатар мемлекеттік қызметтің беделін биіктетуге сүбелі үлес қосқан азаматтар  мен мемлекеттік қызметшілер арасында өткен спартакиаданың жүлдегерлеріне де құрмет көрсетілді. Марапаттау рәсіміне облыстық мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрағасы Оңласын Есіркепов қатысты. Жиын соңы өнер шеберлерінің концерттік бағдарламасына ұласты. Осындай басқосу қала әкімдігінің ғимаратында да өтті. Онда қала әкімі Нұржан Календеров қатар келген қос мереке Мемлекеттік қызметші және Қазақстан полициясы күндерімен құттықтап, игі тілегін жеткізді.  Мерекеге орай үздік мемлекеттік қызметшілер мен тәртіп сақшыларына Алғыс хаттар табыс етілді. Сонымен қатар осы күні мемлекеттік қызметке жаңадан қабылданған азаматтар салтанатты түрде ант берді.

Тұрсынбек СҰЛТАНБЕКОВ, «Ақ жол». Суретті түсірген Ақәділ Рысмахан.