Денсаулық

Тастүлектер қияға

Тастүлектер қияға

Қанат қақты

19Алаңдағы жауқазындай құлпырған жастардан көз тұнады. Кейбірі ата-аналарын құшақтап, осы күнге жеткізгеніне алғыстарын жеткізіп жатыр. Кейбірі ұстаздарына құшақ-құшақ гүл тапсыруда.

 Бұл да 11 жыл бойы ата-анасындай болып, өз уақытын  аямай, өзгенің бақытын аялай білген ұстаздарына деген ақжарма алғыстары, риясыз ризашылықтары еді... Қаладағы 51 мектеп пен облыстық 3 тілде оқытатын дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп және қазақ-түрік ұлдар және қыздар мектеп-интернаттарының түлектері бұл күні аса толқыныс үстінде болды. Салтанатты шараның басында «Серпін-2050» бағдарламасы республикалық үйлестіру кеңесінің төрағасы  Мұрат Әбенов бағдарламаның тиімділігі жөнінде жас түлектерге мәлімет беріп өтті. Сахна төріне «Алтын белгі» иегерлері шығып, таныстырылды. Облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов сөз сөйлеп, салтанатты түрде  «Алтын белгі» төс белгісін тапсырды. – Бүгінгі жас түлектер – ертеңгі елдің тұтқасын ұстайтын мамандар. Алдағы уақытта өмірдің сан тарау жолдарынан іркілмей өтіп, өздеріңіз қалаған оқу орнына түсіп, Қазақстанның абыройын асқақтатын азамат болыңыздар. Сіздерге жарқын болашақ, сәттілік  тілеймін, – деп түлектерге өз лебізін білдіріп, ақ жол тіледі. –  Біздің түрлі додаларда жеңіске жетуімізге сеп болып, қанатымызды қатайтқан ұстаздарымызды әрқашан ұмытпаймыз. Елбасымыздың сарабдал саясатының арқасында дамып келе жатқан еліміздің одан ары қарыштауына біз де аянып қалмай үлесімізді қосатын боламыз, – деді облыс әкімі орынбасарының қолынан төсбелгі таққан түлектердің бірі, №45 гимназиясының оқушысы, «Алтын белгі» иегері Мадина Жақсылық. Айта кету керек, биыл қала мектептерін 2121 оқушы бітіріп, оның 1466-сы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысқан. Қала мектеп бітірушілерінің 32-сі «Алтын белгі», 10-ы үздік аттестат иегері атанған. Мектеп бітірушілерден республика бойынша ең жоғары 125 балды 5 оқушы иеленсе, оның біреуі қаламыздағы №45 гимназияның түлегі Гүлназ Ердосова. Ал биылғы оқу жылында республикалық, халықаралық ғылыми жоба жарысы мен пән олимпиадаларына қаламыздан 43 оқушы қатысып, оның 22-сі жүлделі орындарға ие болған. Атап айтар болсақ, халықаралық ғылыми жоба жарысына қатысқан 11 оқушының 7-еуі жеңіске жетіп, оның ішінде 3 – Алтын медаль, 3 – күміс медаль, 1 –  қола медаль біздің оқушылардың еншісіне бұйырған. Салтанатты шара барысында  «Балалық шақ» вокалды-хореографиялық қойылымы қойылып, соңында  алаңға жас түлектердің балалық шағымен қоштасуларын бейнелейтін композиция көрсетіліп, бүлдіршіндердің тілектері айтылғанда тебіренбеген түлек, толқымаған жан қалмады. Одан соң «Арман» шарларын аспанға ұшырып,  мектеп, қоштасу вальстері алаңды әсерлі әуен мен көркем сазға бөледі.  300 баланың қатысуындағы флэш-моб та жиналған жұртшылықты серпілтіп, жас түлектердің көңіліндей от шашу көкке атылды.

Наурызбек САРША, «Ақ жол». Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.