Әлеумет

Бейнетіне қарай зейнеті

Бейнетіне қарай зейнеті

Түлік өсіріп, одан мол өнім алуға қол жеткізіп жүрген ауыл шаруашылығы құрылымдарының бірі – Бәкір Исабеков басқаратын «Үркер» шаруа қожалығы. Аталмыш шаруа қожалығы арнайы жиын өткізіп, қой төлдету науқанын қорытындылап, лайықты жеңімпаздарды марапаттады. – Осы шаруашылықта тұрақты 8-10 адам жұмыс істесе, науқан кездерінде олардың қатары 25-ке дейін артады. Биылғы мал төлдету науқаны жоғары деңгейде өтті. Нәтижесінде төлдетілген 2 мыңнан аса саулықтың әр жүзінен 98-ден қозы алынды. Науқанның нәтижесі бойынша сақпаншылар Алтынхан Сыздықбаев пен Ринат Қазымов, қойшы Шахай Түйебаев топжарған  деп танылып, олардың әрқайсысына 50 мың теңге, 1 бас қойдан сыйлық берілді. Сондай-ақ, науқанға белсене қатысқан Серікбай Жапаров, Жұмабек Түйебаев, Қожанәлі Алпысбаев, Қуантай Сатылғанов тәрізді механизаторлар мен аспазшы Клара Қазымова, Боранкүл Қырықбаева бағалы сыйлықтарға ие болды, –  дейді қожалық жетекшісі Б.Исабеков. «Үркер» шаруа қожалығы осы сипаттағы жауапты науқандарды өз уақытында қорытындылап отыруды жаңылмас  әдетке айналдырған. Әрбір жұмысшының тер төккен еңбегі әділ бағаланып отырғандықтан мұнда еңбек өнімділігі артып, мал басы көбейіп келеді. Шүкір дерлік шаруа баршылық. Мал тұқымын асылдандыруда да «үркерліктер» – өзгелерге үлгі боларлық ұжым. Қожалық жетекшісі, аудандық мәслихаттың депутаты Бәкір Әмреқұлұлы еңбеккерлерге деген құрметімен қоса әлеуметтік жағдайы төмен топтарға көмектесіп, аудандық әртүрлі іс-шараларға  демеуші болып отыратын қолы ашық, жомарт жан екенін де айта кеткен жөн. «Қолы ашықтың – жолы ашық» дегендей, қазақтың қылшық жүнді құйрықты асыл тұқымды қойы мен асыл тұқымды жылқы, одан бөлек екі табын мүйізді ірі қара өсіріп, талай азаматқа жұмыс тауып беріп отырған Бәкір Әмреқұлұлының алдағы мақсаты да айқын.

Байжан Емберді, «Ақ жол». Мойынқұм ауданы.