Қазақ хандығы
Қазақ хандығы
Мемлекетіміздің түп қазығы
Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауында «2015 жыл – ұлттық тарихымызды ұлықтау және бүгінгі биіктерімізді бағалау тұрғысынан мерейлі белестер жылы» деп атап көрсетті. Соның ішінде Қазақ хандығының 550 жылдығы да бар. Қазақстанның мемлекеттігі кейбіреулер айтқандай кеше ғана басталмаған. Керей және Жәнібек 1465 жылы алғашқы хандықты құрды, қазақтың мемлекеттігінің тарихы сол кезден бастау алды. Осыған орай, қалың оқырманға Қазақ хандығының төрт ғасырлық шежіресіне қысқаша өз тұжырымымды ұсынғалы отырмын. Жалпы, Е.Бекмахановтың «Қазақ елінің тарихы», Нығмет Мыңжановтың «Қазақтың қысқаша тарихы», М.Мағауиннің «Қазақ тарихының әліппесі», Бек Тоғысбаевтың «Тарихи тұлғалар» кітаптарында келтірілген деректер исі қазақтың мемлекеттігінің тым әріден басталатындығын айғақтайды. Сонау ерте заманда сайын даланы дүркіреткен сақтардан, ғұндардан, қаңлылардан, үйсіндерден біз тарихымызды таратамыз. Біздің тарих қысқа емес, түп тамыры мыңдаған жылдарға кететін күрделі тарих. Түрік қағанаттары, Шыңғыс ханның тұсында мемлекетті негізінен жеке тайпалар басқарды, солардың атауларымен аталды. Біздің қазір Батыс Түрік қағанаты деп атап жүргені мемлекетіміз шын мәнінде он оқ елі болатын. Былайша айтқанда он тайпадан құрылған мемлекеттік жүйе. Қысқасы бұл кезеңде мемлекеттік жүйе белгілі бір тайпалардың басшылығымен қалыптасқан. ХІІІ ғасырдың 40-ыншы жылдарында ту көтерген ежелгі түрік жұртының қыпшақ тектес рулары біріктірген ұлы мемлекетіміз Алтын Орда деп аталған. Ол Алтайдың сауырынан Дунайдың сағасына дейінгі кең-байтақ жерлерді алып жатқан. Оның еуропалық бөлігі – оң қанат, ал азиялық бөлігі сол қанат деп есептеледі. Оң қанат – Ақ Орда, сол қанат – Көк Орда деп аталады. Бұл арада көне түрік тілінде ақ сөзі – батыс, көк сөзі – шығыс дейтін мағына беретіндігін назарда ұстаған жөн. Алтын Орданың шығыс бөлігі, яғни, Көк Орда негізінен қазіргі Қазақстанның территориясын қамтыды. Бұл үлкен мемлекет ішіндегі құрылым, яғни, өзіндік әкімшілік басқару жүйесі бар біршама дербес ұлыс еді. Астанасы Сыр бойындағы Сығанақ қаласы болған. Көк Орда жұртшылығы өздерін Алтын Орданың бөлшегі санайтын. Алтын Орданың да астанасы Еділдегі Сарайшық болды. Көк Ордада билік жүргізген хандар да Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы әулетінен тараған екен. Осылайша, осыдан бес ғасырдан астам уақыт бұрын Көк Орда билеушісі Орыс ханның ұрпақтары Керей мен Жәнібек сұлтандар Әбілхайыр ханға бағынудан бас тартып, Шу өзенінің бойындағы Қозыбасы атты қоныста дербес хандықтың туын көтерді. Сөйтіп олар жаңа бір ұлыстың дербестігін жариялап, жаңғырған қазақ этносының атауын алған тарихта тұңғыш тәуелсіз Қазақ хандығын құрды. Қазақ ордасын құрушы жұрт өздерін «қазақпыз» деп атаған. Кезінде Керей мен Жәнібек қарамағына келгендер дулатпын, арғынмын, найманмын, болмаса басқамын деп бөлінген жоқ. Бәрі «қазақпыз» деп мемлекет құрып, оны Асан қайғы «жерұйық» деп атады. Алғашында Қазақ хандығының территориясы батыс Жетісу жері, Шу өзені мен Талас өзендерінің алыбы еді. Қазіргі облысымыздың жері тұңғыш Қазақ мемлекетінің алтын бесігі болды десек артық айтқандық емес. Бүгінде Шу өзенінің бойында Мойынқұм ауданының аумағындағы тұрған Хан тауы, хандар құс салып, саятшылық құрған Сұңқар биігі – сонау замандардың көне көзіндей елестейді. Қазақ Ордасының әуелгі әміршісі – Керей хан болды. Керейден соң оның шөбере інісі Әз Жәнібек хан билік құрды. Жәнібек өлген соң аға баласы ретінде Керейдің ұлы Бұрындық хан көтерілді. Одан кейін хандық дәреже Әз Жәнібектің ұлы Әдікке көшеді. Одан кейін туған інісі Қасым Қазақ Ордасының ханы болып сайланады. Қасым ханның хан болып сайлануымен билік Әз Жәнібек ұрпақтарына ауысады. Түрік жұртының бұған дейін мың жылдық тарихында сыннан өткен, бар тілегі елінің мұратымен берік астасқан асыл тұқым – Шыңғыс хан – Жошы хан – Ұрыс хан – Әз Жәнібек хан әулеті өз жұртын тарихтың бар қиын өткелінен алып өтті. Ал Шыңғыс ханның руы – түрік, Түрік текті қият, яғни Шыңғыс ханды дүниеге әкелген ру. Бұл әулет қазақ арасында «төре» деп аталады. Арыда қазақтың Әз Жәнібек, Керейден басталатын жауынгер, ұлы хандары шыққан, кейінде Шоқан, Әлихан туған «алтын ұрық» атанған өзгеше нәсіл төрелер түрік текті, қият руының бір тармағы деп білу керек. Ол кезде біртұтас Қазақ ордасының ұлттық ұраны – гербі – «төре таңба», яғни бас таңба аталатын. Бас байрағы – төре таңбалы қызыл ту. Қазақ Ордасының астанасы бүкіл түрік жұртының зиярат ететін орталығы Әзірет Сұлтан кесенесі тұрған қасиетті Түркістан қаласы болды. Биыл қыркүйек айында Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтпекпіз. Бір таңқаларлығы – Керей мен Жәнібек сонау ХV ғасырда-ақ «біз қазақпыз» деп жария етсе де, орыстар соңғы үш ғасыр бойы бізді бірде «қырғыз», бірде «қырғыз-қайсақ» деп бұрмалап айтумен келіпті. Тіптен қазақтарда мемлекет болмаған деп те шығарды. Қазаққа «қазақ» атауын ресми түрде қайтару 1925 жылы Қызылорда қаласында жүзеге асты. Мемлекеттігіміздің және «қазақ» атауын қайтарып алуымыздың тойы – өткен тарихты ақыл таразысына салып, ақиқатқа бір табан жақындай түсудің төте жолы болмақ. Өткен тарихтан із қалдырып Шу бойындағы Керей мен Жәнібек орда тіккен Қозыбасы мекеніне таяу жерге неге сол ұлы оқиғаның 550 жылдығына арнап үлкен белгі орнатпасқа? Орыстар Мәскеудің қақ төріне, Қызыл алаңға Минин мен Пожарскийді әлдеқашан отырғызып қойды емес пе? 550 жылдықты ел болып атап өтумен қатар, мыңжылдық тарихты да естен шығармай жадымызға тоқығанымыз жөн. Алда 2017 жылы Түрік қағандығының 1465 жылдығы, 2024 жылы Алтын Орда мемлекетінің 800 жылдығы сияқты атаулы даталар да жақындай түспек. Бәрі де Қазақ хандығының түпқазығы, бастауы екені рас.
Әбжапар Жақыбаев, Шу ауданының Құрметті азаматы. Суретті түсірген Ақәділ Рысмахан.