«Арландар» «қабыландардан» басым түсті
«Арландар» «қабыландардан» басым түсті
Бүкіләлемдік бокс сериясы (WSB) жобасында чемпион атанған «Астана арландары» сапындағы жамбылдық боксшылар Олжас Сәттібаев пен Асланбек Шымбергенов жарқырай көрінді Бұл күнді бокс жанкүйерлері тағатсыздана тосты. Ақтық сын. Бұрыннан бәсекелес боксшыларының драмаға толы тағы бір шайқасы. Бостандық аралдарынан келген команда қашанда жеңісті жұлып алуды көздейді. Азуын ақситқан «Арландар» оларға жол бере ме? Иә, елмен бірқатарда дәл осы финалды жамбылдықтар да сарыла күтті. Қос бірдей былғары қолғап шеберіміз бүкіләлемдік бокс сериясының финалында, ел намысы таразыға түсіп жатқан шақта рингке шығатын болса, мұнда отырған жұрт қалай тақым қыспасын? Сонымен, мемлекеттің, елдің мерейін асыратын, көк туымызды көктен желбірететін тағы бір спорт додасының сценарийі жамбылдықтар ойлағандай өрбіді. Айбарлы алаш жұртының айбыны асты, мерейі үстем болды. Басынан бастасақ... Басқалар о баста бүкіләлемдік бокс сериясында жеңіске жете алмайтындарын біліп, түрлі сылтау айтса, «Астана арландары» жеңісті жорықты жалғастыруды көздеді, көкседі. Алғашқы күні рингке шыққан жігіттеріміз соны дәлелдеп те берді. Аса жеңіл салмақта, анығырақ айтсақ, 49 келіде шаршы рингке шыққан Теміртас Жүсіпов темірдей соққысымен, тастай тәртібімен Йоанис Аргилогасты бес раунд бойы соққының астына алды. Жүсіпов соққыны бағыттағанда да қызуқанды жас баладай бас-көз демей алдыға ұмтылған жоқ, қарсыласын барлап, қашықтықты сақтап, Аргилогасты жаңылдырып барып, қос қолын сауатты сілтеді. Бауыр тұсын да нысанаға алып отырды. Екілік соққылары Аргилогастың қақ шекесіне сақ ете қалғанда жанкүйерлер екілене айқайлап, Теміртасты қанаттандырып та жіберді. Бес раунд бойы үстемдігін жүргізген Жүсіпов айқын жеңісіне қол жеткізіп, қазақстандық команданы есепте алдыға шығарды. Теміртастан кейін рингке беттеген оғланымыз, 56 келі салмақта әлем чемпионатының қола жүлдегері Қайрат Ералиев Лондон Олимпиадасының чемпионы Робейси Рамирес Карразанамен қолғап түйістіріп, тең дәрежеде өткен кездесу қорытындысында аз ғана ұпай айырмасымен қарсыласына жол берді. Дәл осы Карразананы Қайрат Алматыда өткен әлем біріншілігінде жеңген болатын. Есеп теңескен соң мойнына үлкен жауапкершілік жүгі түскен команда капитаны, 64 келінің серкесі Самат Бәшенов Ясниэр Толедодан айласын асырып, команданың басымдығын қайта орнына келтірді. Бұдан соң рингке көтерілген 75 келідегі Мейірім Нұрсұлтанов та Арлен Лопес Кардоннан мықты екенін байқата білді. Айтпақшы, 64 келідегі «Қабылан» Толедо бұрындары 60 келі салмақта жұдырықтасып, жерлесіміз Ғани Жайлауовты жеңген болатын. Бокс жанкүйерлері мен мамандары асыға күткен Василий Левит пен үш дүркін олимпиада чемпионы, әйгілі Феликс Савонның жиені Эрисланди Савон арасындағы кездесу соңы дауға ұласты. Левит сырт көзге басым көрінгенімен, төрешілер Савонға жеңісті берген еді. Алғашқы күннің нәтижесін қорытындылаған команда басшысы Серік Сәпиев бұл шешіммен келіспейтінін мәлімдеп те үлгерді. Финалдың екінші күнінің шымылдығын жамбылдық оғлан Олжас Сәттібаев пен Йосвани Вейтиа Сотоның арасындағы жекпе-жек түрді. Қарсыласын тыңғылықты зерттеп, зерделеген жамбылдық жампоз өзінің шын мықты екенін әр раунд сайын дәлелдеумен болды. Қашықтықта жүріп, соққыларын дәл дарыта біліп, өзінің шеберлігіне шек келтірмеген Олжас қабағынан жарақат алса да, жеңісті жорығын жалғастырды. 52 келідегі былғары қолғап шеберінің жеңісінен кейін есеп 4:2 болып, таразы басы біздің командаға ауды. Мұнан соң рингке 60 келідегі Закир Сафиуллин мен Лазаро Альварес Эстрада шықты. Закир барын салғанымен, олимпиада чемпионы аздаған басымдықпен жеңіс тойын тойлап, есеп айырмасын қысқартты. Екінші күннің үшінші кездесуінде тағы бір жамбылдық боксшы Асланбек Шымбергенов қазақтың төл салмағы саналатын 69 келіде рингке беттеді. Қарсыласының атағынан ат үркеді. 64 келі салмақта Лондон Олимпиадасында алтыннан алқа тағып, Бейжің Олимпиадасында қолаға қол жеткізген танымал боксшы Рониэль Иглесиас Сотолонгадан талай мықтыңыз қаймығады. Бірақ, Асланбек қорқатындардың қатарынан емес. Ә дегеннен қарсыласының аяқ алысын аңдыған Асланбек алғашқы екі раундта Сотолонгомен тең дәрежеде шайқасты. Төрешілердің де пікірі екіге жарылды. Үшінші төреші Шымбергеновті мықты деп таныса, қалған екі төреші басымдықты Сотолонгоға беріп отырды. Үшінші раундтан бастап қашықтықты сақтай жүріп, қос қолын алма-кезек сілтеген Асланбектің комбинацияларына мақтаулы «Қабылан» Сотолонго төтеп бере алмады. Төртінші раундта тіпті болдырып қалды. Соңғы раундта қос боксшы тең жұдырықтасқанымен, соңғы секундтарда екілік комбинациясын сәтті іске асырған Асланбектің соққыларын төрешілер лайықты бағалап, қолын көтерді. Есеп – 5:3. Қазақстан алда. Айтпақшы, Данияр Елеусінов шықпады, Асланбек жеңіледі деп тон пішкендердің де, алғашқы күні Жәнібек Әлімханұлын алмастырған Мейірім Нұрсұлтановты оңбай ұтылады дегендердің де аузына құм құйылды. Екі боксшы да ұлттық құраманың екінші нөмірі болғанына қарамастан, шын мықтылар екенін ринг төрінде дәлелдеп берді. Төртінші кездесуде даңқты Хулио Сезар Ла Крузбен шайқасқан Нұрдәулет Жарманов барын салып баққанымен әлем чемпионына шамасы жетпеді. 81 келі салмақта Әділбек Ниязымбетовтің өзін ұтып жүрген Ла Крузды жеңу әркімнің қолынан келе бермесі анық. Дегенмен, Жарманов жақсы өнер көрсеткенін де айта кету керек. Есеп – 5:4. Шешуші кездесу. Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері Иван Дычко Йоханди Ортега Тойракты жеңсе, «Астана арландары» чемпион атанады. Жауапкершілік жүгінің иығына түскенін түсінген Дычко өзінің ұзын қолдарын қажетіне жаратып, қашықтықта жүріп, қарсыласын тізе бүктірді. Тойрак тойтарыс бергісі келгенімен шын мықтыға тұсау жоқ екенін іші сезді. Жеңіс! Эйфориялық сезім. Қазақстандық команда бүкіләлемдік бокс сериясының тарихында тұңғыш рет екі дүркін чемпион атанды. Елордадағы «Дәулет» спорт кешеніне жиналған жанкүйерлердің қуанышында шек жоқ! Ақтық сын аяқталған соң тілшілер қауымымен тілдескен «Астана арландары» командасының басшысы Серік Сәпиев өз сөзінде жамбылдық боксшыларға сенім артқанын жасырған жоқ. «52 келі салмақ дәрежесіндегі Олжас Сәттібаевқа сенім арттым, жеңіске жететініне күмәнім болған жоқ. Қарсыласы салмақ ауыстырғанымен, өте тәжірибелі боксшы. Олжас одан айласын асырып, өз деңгейінде лайықты бокстасты. Асланбек Шымбергеновке де үлкен үмітпен қарадым. Оның қалай бокстасып жатқанын байқап отырдым. Өте қиын кездесу. Рингтің сыртында отырып, «Қашықтықтан жұмыс жаса, шыда!» деп айқайладым. Ол оны естіді. Өзін жақсы қырынан көрсетті. Жасы бар болғаны жиырма бірде. Оның болашағы жарқын деп ойлаймын» дейді Вэл Баркер кубогінің иегері Серік Сәпиев біздің боксшылар жайында ойымен бөлісіп. Ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов болса бұл үлкен жеңістердің бастауы ғана екенін тіліне тиек етіп, еліміз әлем боксының көшбасшысы екенін тағы бір мәрте дәлелдегеніне қуанышты екенін жасырмады. Сонымен қатар алдағы байрақты бәсекелерде боксшыларымыз биіктерден көріне беру үшін барын салатынын да айтып қалды. Ақтық сынды АИБА-ның вице-президенті, еліміздің Бокс федерациясының Президенті Тимур Құлыбаев, Премьер-Министр Кәрім Мәсімов, Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, WSB президенті Карим Бузиди және өзге мәртебелі меймандар тамашалады.Батырлар таразға оралды
«Астана арландары» бокс клубының сапында атой салған Олжас Сәттібаев пен Асланбек Шымбергенов туған өңіріне оралды. Тараз қаласындағы әуежайдан «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Шәбден Тілеумұрат бастаған топ саңлақтарымызды күтіп алды. Боксшыларымыз өз кезектерінде финалдағы кездесулері туралы ойларымен бөлісті. Олжас Сәттібаев, бүкіләлемдік бокс сериясының чемпионы: «Жаттығу, дұрыс тактика біздің жеңісіміздің кепілі болды» – Олжас, Куба боксшысы – оңай қарсылас емес, олимпиада лицензиясын иеленген мықты боксшы. Қашықтықты сақтағаның, сауатты бокс көрсетуге күш салғаның байқалды. Жеңістің кілті неде деп ойлайсың? – Иә, қарсылас оңай болған жоқ. Дегенмен, психологиялық, тактикалық тұрғыдан бапкерлер бізбен жақсы жұмыс жасады. Серік ағамыз да қасымыздан табылды. Аянбай тер төктік. Сол тактика, сол еңбек, бастысы намыс бізді жеңіске жетеледі. Жеңісіміздің кепілі болды деп есептеймін. Асланбек Шымбергенов, бүкіләлемдік бокс сериясының чемпионы: «Күш атасын танымайды» – Асланбек, қарсыласың даңқты Сотолонго болды. Алғашқы екі раунд тең жағдайда өткенімен, екі төреші кубалық боксшыны басым санап отырды. Үшінші раундтан бастап іске кіріскеніңе қарағанда есепті естіген боларсың. 69 келі – қазақтың салмағы. Оның сыртында Данияр Елеусінов қатыспады, Асланбек жеңіледі деген пікірлер басым болды. Бұл саған психологиялық тұрғыда әсер еткен жоқ па? – Иә, алғашқы екі раундта қарсыласым жеңіп жатқанын естідім. Сосын бар күшімді салдым. Анау мықты, мынау осал деген сөз рингте жүрмейді. Қазақ «Күш атасын танымайды» деп жатады ғой. Серік ағаның да жанайқайын естіп, құлақ түрдім. Бапкерлерге, жалпы бәріне ризамын. Көңіл-күй тамаша. Алдағы уақытта да еліміздің намысын қорғап, сенімін ақтай беретініме сенемін.
Табиғат Абаилдаев, «Ақ жол».