Экономика

Ахау, айдай, қызыл бидай...

Ахау, айдай, қызыл бидай...

9Егінжайда назарға ұсынылған сұрыптардың ішінде «алатау», «қызыл бидай» және басқа көптеген сұрыптар болды

Облыс әкімі К.Көкірекбаев Егінжай күні аясында Жамбыл ауданының Бесағаш ауылдық аймағындағы арнайы егіс даласына атбасын бұрды. Мұнда Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты облыстық филиалының мамандары дәнді дақылдардың түрлі сұрыптарын назарға ұсынып, олардың пайдасы мен түсімі жайлы толыққанды мағлұмат берді. 10Аталған институт 1957  жылы құрылып, 2006 жылдан бастап Жамбыл облысында зерттеу жұмыстарын және жаңа сұрыпты өндіру ісімен шұғылданып келеді. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы дақылдарының түпнұсқасын жинау, зерттеу, сақтаумен және астық, жемдік, дәнді бұршақ, майлы, техникалық және мал азықтық дақылдардың будандарының алғашқы қалпы мен тұқым шаруашылығын дамытумен, дақылдарды өсіріп-өндіруде, қор үнемдеу, топырақ сақтау, жүйекке дән себу технологияларын зерттеп, оны өндіріске енгізумен, өсімдік-тұқым шаруашылығы өнімдерін әртараптандыру жұмыстарымен де айналысады. Ең бастысы, өңір алқаптарына егілетін дәнді дақылдардың түсім мөлшері мен сапасының жақсы болуы да аталған зерттеу орталығы мамандарының көп жылғы еңбектерінің жемісін диқандардың оңтайлы пайдалана алуымен астасып жатыр. Аталған жиында назарға ұсынылған сұрыптардың ішінде «Юбилейное 60», «Мереке 75», «Алатау», «Қызыл бидай», «Юбилейное», «Диана» сұрыпты дәнді дақылдар бар. 1978 жылдан бері қолданыста келе жатқан «Богарный», «Стекловидный 24», «Қарлығаш», «Прогресс» сынды бидайы тұқымдары егінжай бабына байланысты мол өнім беруде. Ал «Стекловидный» аталатын сұрып облыстың алпыс мың гектар жеріне себілген. Сонымен қатар, 1991 жылдан бастап Тәжікстан республикасы сексен пайыз бидайын аталған тұқымнан отырғызады екен. Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының облыстық филиалы мамандарының ерекше тілге тиек еткені «Матай» деп аталатын жаңа сұрыпты бидай болды. Оның бір масағында сексеннен бастап жүзге дейін дән болады екен. Суармалы жерлерде 105-110 центнерге дейін өнім берсе, қырғыздың кейбір шұрайлы жерлерінде аталған сұрыптан әр гектардан 115 центнерге дейін өнім алынған көрінеді. Бір ерекшелігі, аталған сұрып суармалы және жауын-шашын көп түсетін аймақтарда барынша мол өнім бермек. «Матайдың» атап өтерлік тағы бір артықшылығы ол ұн өнімдерін өндіруге де, мал азығын әзірлеуге де жарамды болмақ. Айта кетерлігі, осыған дейін қолданылып келе жатқан сұрыптардың бір масағында әдетте ең көбі қырық бес дәнге дейін-ақ болған екен. Назарға ұсынылған жаңа сұрыптардың тағы бірі «Фараби» болды. Ол құрамында адам ағзасына аса қажет темір мөлшерінің көптігімен ерекшеленеді екен. Темір тапшылығы, қан аздығымен ауыратын адамдар үшін аталған сұрыпты бидай өнімдері таптырмас тағам болмақ. Әкім аталған ғылыми орталық қызметкерлерінен біздің облыста өсірілетін бидай тұқымының құнарлылығы, қаттылығы мен сапасының кейбір өңірлермен салыстырғанда біршама төмендігінің және онда өсірілген бидайдың қатты сұрыпты, ал біздегі жұмсақ екенінің мәнін білу мақсатымен сауал қойды. Сонымен қатар, облыс басшысы бидай сапасын арттыру үшін қандай жұмыстарды қолға алу керектігін де сұрады. «Мысалы, бізде ұн өнімдерін шығаратын көптеген кәсіпорындар үшін өзіміздің ұн жарамайды. Өйткені, оның құнары мен қаттылығы аз. Сондықтан, олар ұнды өзге өңірлерден сатып алады. Біз өзіміз аталған қатты сұрыпты бидай ұнын шығара аламыз ба?» деген әкімнің сауалына егін саласына көп еңбек сіңірген академик Рахым Оразалиев жауап берді. Оның айтуынша, егер өнімнің түсімі қырық центнерден асқан жағдайда бидайдың балауызы (клейковина) төмендейді. Ал қатты сұрыпты бидай өндіретін солтүстік өңірлер көбіне жаздық дақылды егумен айналысады екен. Оның сапасы жоғары болғанымен, түсімі аз болмақ. Ал күздік бидайдың керісінше, түсімі мол болады деп күтілуде. Айта кетейік, облыс диқандары биыл 105 мың гектар жерге күздік бидай сепкен. «Бүгінде Т.Рысқұлов, Жамбыл, Меркі сынды бірқатар аудандар егінге орақ салуды бастап кетті. Өзім ауылдарды аралап, егіннің жайымен танысқанда, биыл арпа мен бидайдың бітік шыққанын байқадым. Жалпы, қой жылын халқымыз қашаннан берекелі жылға балайды. Меніңше, Алланың қалауымен биыл түсімнің артатын түрі бар. Өйткені, ауа райы мен табиғаттың ерекше қолайлылығы байқалады. Егінге орақ салынған кей жерлерде 27, 30 центнерге дейін өнім алып жатқандар бар» деген облыс әкімі «Сәтін салса, биыл кем дегенде гектарынан 15-17 центнерден өнім алатын шығармыз» деген болжамымен бөлісті. Сонымен қатар, екі қолға бір күрек алып, өз ісін бастап, ауыл шаруашылығы саласында еңбек етемін деген азаматтарға мемлекет тарапынан көптеген көмектердің көрсетіліп, қажетті қолдаудың барлығы жасалып жатқанын айтып өтті. Осылайша, таңның атуымен егінжаймен танысқан облыс басшысы аталған институт пен ауыл шаруашылығы мамандарының бірлесе жұмыс жасауына даңғыл жол ашу керектігін ескертті. Осы мақсатта түс ауа егінжай басына облыс аудандары әкімдері жиналып, институт қызметкерлерімен ой бөлісті. Онда облыстың қай өңіріне қандай сұрыпты бидайдың отырғызылғаны жөн екені және оны күтіп-баптаудың жөн-жосығы талқыланды.

Маржан РАҚАЙ, «Ақ жол».

Суреттерді түсірген Ақәділ РЫСМАХАН.Бесағаш ауылы,Жамбыл ауданы.