Денің сау болса, жарлымын деме
Денің сау болса, жарлымын деме
Емдеу мекемелеріне 11 автокөлік табыс етілді
Кәсіби мерекелерін облысымыздың медицина қызметкерлері лайықты атап өтті. Кеше атаулы күнге орай орталық «Достық» алаңында бірқатар емдеу-алдын алу мекемелеріне санитарлық автокөліктердің кілттері салтанатты жағдайда табыс етілді. Тұрғындардың денсаулығын жақсарту – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екені белгілі. Бұл тұрғыда облысымызда да саланы дамыту мен тұрғындарға заманауи қолжетімді әрі сапалы медициналық қызмет көрсету мәселесінде барлық мүмкіндіктер жасалуда. Салтанатты рәсім барысында облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев: «Елбасы Н. Назарбаевтың жыл сайынғы халыққа Жолдауларында тұрғындардың денсаулық жағдайын жақсарту мәселелеріне ерекше көңіл бөлінумен келеді. «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы қабылданып, соңғы жылдары салаға бөлінген қаражат көлемі көбеюде. Медицина мекемелерінің материалдық-техникалық базасы жақсартылды. Жаңа реформалар мен үрдістер іске асырылуда. Медициналық қызмет көрсетудің бәсекелестік ортасы біршама қалыптасып, қолжетімділігі артты. Халық денсаулығы көрсеткіштерінің жақсы серпінділігіне қол жеткізілді. Жаңа аурухана, емдеу, алдын алу мекемелері салынып, ел игілігіне пайдалануға берілуде» деп саладағы жетістіктерге тоқталды. «Адамның басты байлығы денсаулығы болса, сол денсаулықтың күзетінде тұрған дәрігер мамандығы қай елде болсын құрметті де қадірлі» деп мерекелерімен құттықтап, дәрігерлердің қиындығы мен жауапкершілігі мол салада сапалы қызмет көрсете беретіндігіне сенім білдірді облыс басшысы. Бұдан соң Кәрім Нәсбекұлы бірқатар емдеу мекемелері басшыларына автокөлік кілттерін тапсырды. Бұл күні «Үміт» бөбектер үйі, Тараз қалалық №1 аурухана, Байзақ аудандық орталық ауруханасы мен туберкулезге қарсы диспансері бір-бірден, Т.Рысқұлов, Қордай аудандық орталық ауруханалары екеуден, Талас аудандық орталық ауруханасы 3 санитарлық, сондай-ақ қызметтік автокөліктерге ие болды. Облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ерлан Масалимовтың айтуынша, аталған медициналық жедел жәрдем автокөліктерін алуға жергілікті бюджеттен 35 миллион теңгеге жуық қаражат бөлінген. Олар негізінен ауылдық ауруханаларға беріліп отыр. Бұл үрдіс келер жылы да жалғасып, Қордай мен Меркі аудандарының шалғай ауылдарындағы емдеу мекемелері санитарлық көліктермен қамтылмақ. Біз әңгімеге тартқан Қордай және Талас аудандық орталық ауруханаларының бас дәрігерлері Зәуреш Қадырбекова мен Есмахан Иманмырзаев та санитарлық көліктердің бару-келуі қиын таулы және ауылды жерлердегі емдеу мекемелері игілігі үшін беріліп отырғанын, бұл елдің жағдайы жылдан-жылға жақсара түскендігінің де белгісі екенін айтып, облыс басшыларына ризашылықтарын жеткізді.
Баймаханбет АХМЕТ, «Ақ жол».