Тараз тұрғындарының айтары бар екен
Тараз тұрғындарының айтары бар екен
«Нұр Отан» партиясының облыстық филиалында Тараз қаласы әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі, «Тұрғын үй» МКМ және «Тұрғын үй жөндеу «Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі басшыларының қатысуымен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасын жүзеге асыру аясында қоғамдық қабылдау өткізілді. Партияның облыстық филиалы төрағасының орынбасары Ш. Тілеумұраттың төрағалығымен өткен қоғамдық қабылдауда Тараз қаласы әкімінің орынбасары Е. Көшербаев пен облыс әкімдігі энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының, Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына қатысты мекемелерінің және заңды тұлғалардың өкілдері өтінішпен қайырылған тараздықтардың көтерген мәселелеріне орай құқықтық және іскерлік тұрғыдағы кеңестер берді. Қоғамдық қабылдауда Тараз қаласының тұрғыны, өнертапқыш Е. Жанболат өзі ойлап тапқан, көп қабатты тұрғын үйлерді, балалар бақшасы, мектеп, Мәдениет үйі сияқты мекемелердің ғимараттарын, кәсіпкерлік нысандарын жылытуға арналған, экологиялық тұрғыдан қазіргі таңдағы қолданыстағы шағын ғимараттарды жылытуға арналған пештерге қарағанда анағұрлым тиімді пешті өндірісте шығаруға атқарушы билік органдарынан да, кәсіпкерлер тарапынан да тиісті қолдау таба алмай келе жатқанын айтып, «Нұр Отан» партиясының осы мәселенің оң шешімін табуына ықпал жасауын сұрады. Бұл мәселеге қатысты сөз алған, Тараз қаласы әкімінің орынбасары Е. Көшербаев кезінде атқарушы билік органдары тарапынан өнертапқыштың жаңалығына қолдау жасалынғандығын, соның нәтижесінде оның тұсаукесер рәсіміне жүзден астам кәсіпкердің және бюджеттік мекеме-ұйымдардың өкілдерінің қатысуына ықпал жасалғандығын, өнертапқыштың рәсімге қатысушыларды өз жаңалығының артықшылық жақтарымен таныстыруына кеңінен мүмкіндік берілгендігін жеткізді. Бірақ, тұтынушылардың тарапынан сұраныс болмағандықтан жаңа пешті шығару және өткізу мәселесі күні бүгінге дейін шешімін таппай келе жатқан көрінеді. «Бүгінгі таңда, республика көлемінде осы типтегі жылыту пештерін шығарумен жиырмаға тарта кәсіпкерлік нысандары айналысуда. Олардың қай-қайсысына да артықшылық беруге әкімшілік жүйесінің құқығы жоқ. Бұл, заң бұзушылық болып табылады. Сондықтан, өнертапқыштың жаңалығының бағы жануы, ең алдымен, кәсіпкерлер тарапынан қаншалықты қолдау табатындығына байланысты», – деді қала әкімінің орынбасары мәселенің мән-жайын түсіндіріп. Бұдан кейін, М.Семибратова, Ш.Таванов, И. Безщетнова, Р. Бекжанов, Ш. Қалдарбеков сынды Тараз қаласы тұрғындарының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту, дамыту мәселелеріне байланысты айтқан ұсыныс-тілектеріне орай қоғамдық қабылдауға қатысып отырған облыс және Тараз қаласы әкімшілік құрылымдарының өкілдері толыққанды жауаптар қайтарды, кейбір ұсыныстардың назарға алынатындығын атап көрсетті.
Сапарғали Әлібай, «Ақ жол».