Саясат

Жамбыл-шығыс қазақстан: Экономикалық байланыс арта түседі

Жамбыл-шығыс қазақстан: Экономикалық байланыс арта түседі

Поэзия пайғамбары Абай елі мен жыр жампозы Жамбыл жерінің арасындағы  мәдени және экономикалық байланыстар арта түсетін болады. Осы мақсатта Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстары әкімдіктерінің өзара түсіністік және байланыс орнату жөніндегі меморандумға қол қою рәсімі өтті. Облыстық әкімдікте өткен басқосуды облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков ашып, жүргізді. – Бекітілген жұмыс кестесіне сәйкес Тараз қаласына  Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Дмитрий Гариков бастаған бір топ азамат келді. Ең бірінші мақсат – алдағы күзде атап өтілетін Қазақ хандығының 550 жылдық тойына дайындық барысын пысықтау. Шығыс Қазақстан облысы Тараз қаласындағы Абай даңғылы мен Ташкент көшесінің қиылысындағы Абай Құнанбайұлы скверін қайта жаңғыртуға қол ұшын созбақ. Бұл орайда арнайы сызба жасалып, жобалық-сметалық құжаттар да әзірленіп қойылған. Екінші мәселе – екі облыс арасында ауыл шаруашылығы, құрылыс салаларында атқарылып жатқан жұмыстармен жақынырақ танысу, тәжірибе алмасу. Шығыстық әріптестеріміз облысымыздың бірқатар агроқұрылымдарында болып, Тараз қаласында жасалып жатқан тірліктерді көрді. Облыста қандай өнімдер өндірілетіндігіне назар аударды. Осы шаруаларды түйіндей келе бірқатар меморандумдарға қол қойғалы отырмыз, – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков. Өз кезегінде Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Дмитрий Гариков Жамбыл жерінде бірқатар батыл бастамалардың жүзеге асып жатқандығын атап өтті. Сонымен қатар Қазақ хандығының 550 жылдық тойының елдің ортақ мерекесі екеніне тоқталып, оның жоғары деңгейде аталып өтуіне шығысқазақстандықтардың да лайықты үлес қосатынын жеткізді. – Біз ұлы Абайдың Шығыс Қазақстан облысының топырағында өмірге келгендігін әрқашан мақтан етеміз. Тараз қаласындағы Абай Құнанбайұлының скверін толықтай жаңартып, айналасын абаттандыратын боламыз. Уақыт тығыз әрине. Бірақ, біз бұл жұмысты тамыз айына дейін аяқтауға бар күш-жігерімізді саламыз. Сонымен қатар Жамбыл облысымен арадағы экономикалық байланыстардың  жандана түскеніне мүдделіміз. Шығыс Қазақстан облысы көршілес өңірлермен сауда-саттық мәселесінде жақсы қарым-қатынас орнатқан. Шалғай аймақтар  қатарынан алғаш болып Жамбыл облысымен меморандумдарға қол қойғалы отырмыз. Әсіресе, ауыл шаруашылығы саласында толайым табыстарға қол жеткізетінімізге сенімдімін, – деді Дмитрий Гариков. Мұнан соң меморандумдарға қол қоюға кезек берілді. Осындай мақсаттағы басқосу агроқұрылымдар басшыларының қатысуымен облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының мәжіліс залында да өтті. Онда  облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Абдалы Нұралиев пен оның Шығыс Қазақстан облысынан келген әріптесі Дүйсімбай Селиханов сөз алып, өңіраралық байланыстың жандануына тілектестіктерін білдірді.

Тұрсынбек СҰЛТАНБЕКОВ, «Ақ жол».