Қолы үлкейіп кеткен бала
Қолы үлкейіп кеткен бала
Қалым есімді Үндістандағы тоғыз жасар бала сирек кездесетін сырқатқа шалдыққан, оның әр қолы 8 килограмм салмақ тартады. Ұзындығы алақанның бітетін жерінен ортан терек саусағының ұшына дейін 30 сантиметрді құрайды. Баланың емделуге қаржысы жоқ. Оның дерті – туабітті. Жылдан-жылға ісік жайылып келеді. Мектепке барудан қорсынып, үйде оқып жүр. Ол, мәселен, бауды байлау, қасық ұстау секілді әрекеттерді әрең жасайды. Баланың әке-шешесі айына бар-жоғы 30 доллар ғана табыс табады. Сол себепті, ұлдарын шетелге қаратуға қаражаты жетпейді екен. Ал жергілікті білікті, тәжірибесі мол дәрігерлер дәрменсіздік танытып отыр. Оның ауруының өзгешелігі соншалық, оны нақты сипаттап та айтып бере алмайды. Яғни, диагнозын қоя алмай отыр. Әкесінің айтуынша, баласының тек екі саусағы ғана икемге келіп, бір нәрсе жасауға ғана шамасы келеді. Өзге саусақтары бүгілмейді. Десе де, дәрігерлер баланың денсаулығында, қолын есептемегенде, қандай да бір ақау жоқтығын айтып отыр. Алайда, уақыт өте келе алақанындағы ісік ішкі ағзалары мен жүрекке шабады ма деп қауіптенеді. Кейбір дәрігерлер бала лимфангиомамен сырқаттанады дейді. Қатері жоқ ісікті осылай атайды, ол дененің әр жерінде пайда болуы мүмкін, емдеп жазуға болады. Бала мен оның ата-анасының бар үміті қайырымдылық қорларында.
Жоба жетекшісі: Фариза ӘБДІКЕРІМОВА fariza_abdikerimova@mail.ru
Шынар САҒИЕВА shinar_akjol@mail.ru