Қос боксшымыз – қола жүлдегер
Қос боксшымыз – қола жүлдегер
Талдықорған қаласында өткен жазғы спартакиаданың аясында бокстан ел біріншілігі де ұйымдастырылған болатын. Былғары қолғап шеберлерінің додасына еліміздің нөмірі бірінші боксшылары кейбір салмақ дәрежелерінде ғана қатысты. Қалғандары бүкіләлемдік бокс сериясы мен APB жобасында өнер көрсетіп жатқанына орай ел біріншілігінен босатылған болатын. Ел боксының абыройын аспандатып жүрген боксшылардан 75 келідегі әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы ғана спартакиада аясындағы біріншілікте бақ сынады. Аталмыш додаға аттанған жамбылдық былғары қолғап шеберлерінің ішінен 49 келідегі оғланымыз Ермек Мәдиев пен ең ауыр салмақтағы Нұрсұлтан Аманжолов қола жүлдеге қол жеткізді. Ең жеңіл салмақта сынға түскен Ермек Мәдиев Мардан Берікбаев пен Ержан Жомарт секілді танымал боксшыларға ғана жол берсе, Нұрсұлтан Манжоловтың алдын Қамшыбек Қоңқабаев пен Нұржан Бекзатов орады.
Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».