Испания – бірінші, Қазақстан – үшінші
Испания – бірінші, Қазақстан – үшінші
Волейболдан таразда өткен әлемдік лига кезеңі аяқталды
Тұңғыш рет ел тарихында Қазақстанда, оның ішінде Тараз топырағында өткен волейболдан әлемдік лига кезеңі өз мәресіне жетті. «H» тобындағы төрт құрлықтың командалары сынға түскен додада Испания құрамасы үш ойында да жеңіске жетіп, кезең жеңімпазы атанса, Мысыр елінің құрамасы – екінші, Қазақстан ұлттық құрамасы – үшінші, Венесэула командасы төртінші орынға тұрақтады. Таразды төрткүл дүниеге танытқан әлемдік лиганы жер-жаһанның телеарналары тікелей эфирден көрсетті. Бұл өңіріміз үшін үлкен жарнама екені анық. Алғашқы күні Венесуэла елінен келген әуедоп шеберлерінен 3:2 есебімен айласын асырған ұлттық құрама келесі күні Египет командасынан 3:0 есебімен жеңіліп қалды. Ал жарыстың соңғы күнінде бір жылдары кәрі құрлықтың үздігі атанған Испания құрамасына 3:1 есебімен жол берді. Жерлестеріміз алғашқы партияда кәдімгідей тегеурінді қарсылық көрсетіп, сетті 25:22 есебімен өз пайдаларына шешті. Капитан Стольников бастаған өрендер өкінішке қарай қалған кезеңдерде алғашқы сеттегі қарқындарын жоғалтып алды. Испания құрамасы болса Мысыр мен Қазақстаннан өзге Венесуэла командасын да 3:1 есебімен тізерлетті. Жарыстың жабылу салтанатында еліміздің Волейбол федерациясының бас хатшысы Ермек Сырлыбаев пен облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов жүлдегер командаларды марапаттады. Ерқанат Нұрбапаұлы: «Бұл біздің тарихымызда, оның ішінде Тараз қаласының спорттық жылнамасында үлкен жаңалық екені анық. Жастар үшін үлгі. Әлемдік лига жоғары деңгейде өтті. Барлықтарыңызға алғыс, алдағы уақытта ұлттық құрама ойынына сәттілік тілеймін», – деп өз тілегін жеткізді. Испания–Қазақстан ойынынан кейін қос команданың бапкерлері мен капитандары баспасөз мәслихатында өз ойларымен бөлісті. «Ұлттық құраманың ойыншылары допты қабылдауда қателіктерге бой алдырды. Соның салдарынан бірінші темппен шабуылдау мүмкіндігі болмады. Байланыстырушының допты баяу көтергенінің де шабуылға әсер еткені анық. Бұдан қандай қорытынды шығарар едіңіз?» деген сауалымызға бас бапкер Андрей Патраков: «Иә, допты қабылдауда қателіктер болды. Әсіресе, Мысыр құрамасымен ойында ол анық байқалды. Оның себебі қарсыластардың допты ойынға қосуда соққыларының жойқын болғаны. Алдағы уақытта бұл мәселені назарда ұстайтын боламыз. Жалпы командама ризамын», – деп өз ойын білдірді. Испания құрамасының капитаны Надо Бланко Тараз қаласының өзіне айрықша ұнағанын тіліне тиек етті. Жалпы, келген командалар Қазақстанның қонақжайлығына риза болып тарқасты. Жерлестеріміз алдағы уақытта нәтижені жақсартарына сенім бар...
Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».