Саясат

Хандықтың тойы – халықтың тойы

Хандықтың тойы – халықтың тойы

Оған атсалысу – әрбір азаматтың парызы

Хандықтың тойы – халықтың тойы. Оған барша халық болып атсалысуымыз керек. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков ашып, жүргізіп отырған жиынға облыс кәсіпкерлері қатысты. – Бүгінгі таңда тойға үш айдай ғана уақыт қалды. «Тойдың болғанынан боладысы қызық» демекші, қазір тойға жан-жақты дайындық жұмыстары қызу жүргізілуде. Оған бүкіл ел болып білек сыбана кірісуде десек артық айтқандық емес. Барлық облыстар Тараз шаһарынан өздерінің үлесіне тиген аумақтарда ағымдық-күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, абаттандырып жатыр. Облыстың әр аудандары мен басқармалары, түрлі мекемелері де қол қусырып қарап отырған жоқ. Жұмыла жұмыс жасап жатырмыз. Облыстық мәслихаттың кезектен тыс 37-cессиясында депутат Асаубай Майлыбаев Қазақ хандығының 550 жылдық тойын атап өтуге  көп болып үлес қосу үшін қор құруды ұсынған болатын. Сондай-ақ, ол өз қаражаты есебінен 550 мың теңге аударатынын жеткізген. Сол ұсыныс бойынша қазір екі есептік шот жұмыс істеуде. Оңды бастама өз жалғасын тауып жатса, елдіктің тойына әрқайсымыздың қосқан зор үлесіміз сол болар еді, – деді Бекболат Серікбекұлы. Бұдан кейін сөз алған Тараз қаласының әкімі Нұржан Календеров дайындық жұмыстарының барысына тоқталып өтті. Бұдан кейін сөз алған облыстық мәслихаттың депутаты Асаубай Майлыбаев өзінің орамды ойларын ортаға салды. – Осыдан 550 жыл бұрын Қазақ хандығының туы біздің облысымыздың аумағында көтерілгені тегін емес шығар. Ендеше, сол бес ғасырдан кейін тойланып жатқан дүбірлі тойға бәріміз үлесімізді қосуға міндеттіміз. Мемлекет бәрімізге өз көмегін көрсетіп, жағдайымызды барынша жасап отыр. «Мемлекет маған не береді емес, мемлекетке мен не беремін» демекші, ендігі кезекте біздің мемлекетке пайдамызды тигізетін кез келіп жетті, – деп депутат А.Майлыбаев жиналғандардың намысын жаныды. Бұдан соң өз пікірін білдірген «Галеника», «Караван» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Қатира Аққұлиева: «Той – бәрімізге ортақ. Барша кәсіпкерлер бұдан шет қалмайды,  қолдан келгенше атсалысады деп ойлаймын», – деді.

Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».