Білім

Бай болсаң , халқыңа пайдаң тисін

Бай болсаң , халқыңа пайдаң тисін

4Мектепті осыдан он және жиырма жыл бұрын бітірген түлектер ауылдарына қуаныш сыйлады

Бостандық ауылы «Алғабас» орта мектебіндегі биылғы соңғы қоңырау рәсімі айрықша өтті. Олай дейтініміз, аталмыш білім ордасын 1995 және 2005 жылдары бітірген түлектер ұшқан ұяларына ұйымдасқан түрде келіп, іс-шараның ажарын аша түсті. Мектеп директоры Ербол Құлекеев оқу жылының қорытындысына сәйкес үздік оқушылар мен ұстаздар қауымын марапаттап, түлектерге сәт сапар тіледі. Шараға арнайы ат басын бұрған аудан әкімі Болат Рысмендиев мектеп бітіруші түлектерге ақ жол тіледі. – Ұлы жол мектеп табалдырығынан басталады, сондықтан, мектеп – баршамыз үшін киелі мекен, ал, ұстаздарымыз – бойтұмарымыз. «Тарыдай болып кіріп, таудай болып шыққан» алтын ұяларыңды күні ертең қай қиырда жүрсеңдер де ұмытпайтындарың анық. Ұшқан ұя қашан да ыстық. Міне, оған осы мектепті он жыл және жиырма жыл бұрын бітірген түлектердің қайта айналып соғуы дәлел, – деп қорытты өз сөзін аудан басшысы. Иә, бұл мектепті биыл алпысыншы түлектер тәмамдап отыр. 60 жыл ішінде қасиетті қара шаңырақтан қанша түлектер түлеп ұшты. Алды арысы алты алашқа белгілі азаматтар болды. Мерекелік шарада мектеп табалдырығын аттаған білім алушылар мектеп бітіруші әпкелеріне өлең жолдарын арнап, ұлттық бірыңғай тестілеу сынағынан сәтті өтулеріне тілектес екендерін жеткізді. Осындай игі шара С.Шәкіров ауылында да өзінің жарасымды жалғасын тапты. Ш.Смаханұлы атындағы орта мектепті 20 жыл бұрын бітірген түлектер де  ұшқан ұяларына қайта оралып, он жыл бойы білім  нәрімен сусындатқан ұстаздармен қауышты. Ыстық ықыласқа толы жүздесуден соң ауыл тұрғындары осы түлектердің туған ауылына тартуы ауылға кіреберіс бас қақпаның ашылу салтанатына жиналды. Мұнда да аудан басшысы Б.Рысмендиев туған ауылын ұмытпаған түлектерге өзінің ризашылығын білдірсе, ауыл ақсақалы Асылхан Ысқақов ақ батасын берді. Бостандық ауылындағы ауқымды шараға өзіміз жоғарыда айтып кеткен Алғабас орта мектебін он, жиырма жыл бұрын бітірген түлектері мұрындық болды. Он жылдық түлектер ауыл ортасынан жерлестері үшін қыстың қарлы боранында пана, шілденің шіліңгір ыстығында көлеңке болатын аялдама соғып берсе, кәсіпкер Саят Әбдіров бастаған жиырма жыл бұрын бітірген түлектер бұрынғы «сауда орталығын» күрделі жөндеуден өткізіп, келісті кешенді ел игілігіне ұсынды. Кешенде кеңсемен бірге сауна, отбасылық монша, наубайхана, екі бильярд залы, шағын маркет сынды нүктелер көпшілікке қызмет етпек. – Саят бауырымыздың осынау игі ісі басқа да түлектерге жұғысты болсын. «Ауылына қарап азаматын таны» деген сөз текке айтылмаса керек, – деді Болат Қанатбайұлы. Ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Бодаубек Айтбеков, ардагер ұстаздар Төлеубек Есдәулетов пен Балаш Қапарова түлектерге деген игі тілектерін жеткізді. Ал түлектер атынан сөз алған Дәурен Дәулетов пен Жәнібек Биғазиев туған елге деген өздерінің перзенттік қарыздарының бір парасын ғана жүзеге асырғандарын тілге тиек етті. Кешен ішін аралап көрген ауыл тұрғындары қазіргі талапқа сай жөнделген ғимараттың сәні мен салтанатына риза болысты. Бұл жерде тұрғындар назарына ұсынған концерттік бағдарламаның ажарын арнайы шақырылған әнші Заттыбек Көпбосын барынша аша түскенін де айта кеткен жөн.

«Ақ жол-Ақпарат».

Талас ауданы.